Қонаевтың рухына құрмет
Қонаевтың рухына құрмет
22 тамыз – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ халқының біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевтың өмірден озған күні. Республикамызды ширек ғасыр басқарған тұлғаның бақилық болғанына 23 жыл өткен екен. Ерен тұлғаның өмірден озған күніне орай еске алу шарасы ұйымдастырылды. Тараздағы Д.А.Қонаев ескерткішінің алдында өткен шараға жиналғандар алдында халықаралық «Қонаев қоры» облыстық филиалының төрағасы Аманкелді Карентаев сөз сөйлеп, саналы өмірінің жарты ғасырын мемлекетіміздің дамуына, өркендеуіне арнаған Дінмұхамед Ахметұлының ерен еңбегіне тоқталып, қайраткердің рухына тағзым жасау алдыңғы буынның азаматтық парызы екенін айтты. Келесі сәтте облыстың Құрметті азаматтары Баттал Жаңабайұлы, Тілеуқабыл Төребеков, Арғынбай Бекбосын, Халил Бейсеев бастаған ардагерлер Д.А.Қонаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ, мекемелер мен ұйымдардың өкілдері ерен тұлғаның рухына тағзым етті. Жиналғандардың жүрегін қазақ халқының біртуар перзентіне деген сағыныш тербеді. Қанша уақыт өтсе де Д.Қонаевтың Отанға сіңірген өлшеусіз еңбегі жұрттың жадынан өшпейтіні анық.
Есет Досалы, «Ақ жол».