Денсаулық

Қарты бар үйдің қазынасы бар

Қарты бар үйдің қазынасы бар

Облыс аумағындағы 114386 зейнеткердің 85 мыңы ардагерлер ұйымының қатарына есепке алынған. Олардың арасында Ұлы Отан соғысына қатысқан 193 майдангер және 54 соғыс мүгедегі бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз брифингінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев мәлімдеді. Ол соғыс ардагерлері мен мүгедектерге деген құрметтің қашанда жоғары екенін айтты. – Соғыс ардагерлерінің барлығы тұрғын үймен, тегін медициналық қызметпен және басқа да әлеуметтік жеңілдіктермен қамтамасыз етілген. Биылдың өзінде оларға электр қуатын, газ, салқын су, қатты отын, басқа да коммуналды қызметтер үшін кәсіпорындар есебінен 2913,8 мың теңге көлемінде, Тараз қаласының 80 ардагеріне телефон пайдаланғандары үшін 471,2 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты 5 медициналық-әлеуметтік мекемеде 1 соғыс ардагері, 1 соғыс ардагеріне теңестірілген кісіге, 37 тыл еңбеккеріне, 5 еңбек ардагеріне тұрақты сауықтыру әлеуметтік қызметі көрсетілді. Сонымен қатар, ағымдағы жыл басынан бері 140 соғыс ардагері мен 56 майдан мүгедектеріне, 798 Ауған соғысының және басқа да санаттағы ардагерлер диспансерлік бақылауға алынған. Диспансерлік есепте тұрған 3099 кісінің 1166-сы кешенді медициналық тексерумен қамтылған. Биыл 8 Ұлы Отан соғысы, 12 Ауған соғысы, 1 Чернобыль апатын жоюға қатысқан ардагер шипажайға сауықтыруға жіберілді. Ол ғана емес, облыс бойынша 95311 ардагер мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақымен қамтылған. Олардың арасында 103 майдангер, 54 соғыс мүгедегі, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген 1156 кісі, 7 соғыс жесірі, 6269 тыл еңбеккері бар. Өңірімізде 6 Социалистік Еңбек Ері тұратындығын біз мақтан етеміз. 23477 көп балалы ана – біздің алтын қазынамыз, – дейді Е. Солтыбаев. Сондай-ақ, ол облыстық ардагерлер кеңесі 2 қалалық және 10 аудандық, 900-ден астам бастауыш ардагерлер ұйымдарынан тұратынын тілге тиек етті. Ардагерлер кеңесі «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалымен бірге «Атадан – аманат, ұрпаққа – ұлағат» атты тағылымдық шарасын ұйымдастырып, Ұлы Жеңістің 71 жылдығына орай соғыс ардагерлерінің үйінде болып, оларға үлкен құрмет танытқан. Облыстық іскер әйелдер қауымдастығы белсенділерімен бірлесе отырып, «Ардагерлер үйі» ғимаратының маңайына ардагерлер аллеясын құру ісі қолға алынды. Бұл игілікті істер алдағы уақытта жалғасын табатынына сенім білдірген Еркінбек Бейсембекұлы түрлі спорттық шараларды ұйымдастыру да назардан тыс болмайтынын жеткізді. Ал жиынға қатысып отырған облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сансызбай Жорабеков журналистер тарапынан қойылған сауалдарға толымды жауаптар берсе, ұйымның жауапты хатшысы Жаңабай Миллионов өзі басшылық ететін ардагерлерге арналған облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің жаңалықтың жаршысына айналып келе жатқанын, газеттің қарт оқырмандар көңілінен шығатынын сөз етті.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».