Денсаулық

Өнерге деген қамқорлық толастаған емес

Өнерге деген қамқорлық толастаған емес

Қазақ даласы шын мәнісінде ән салып тұрғандай әсерге бөлейтіні ақиқат. Алатаудың мұзарт шыңдарына көз тігіп қараған өнер адамы жанға ерекше қуат алатыны, шабытқа кенелетіні сөзсіз. Қазақтың тауы да, тасы да, шөлі де, көлі де, құмдауыт даласы да біз үшін ән салып тұрғандай көрінеді. Сол ұлан-ғайыр атырапта талай мықты дәулескер күйшілер, өнер адамдары шықты. Ұлттық музыканың өрлеуіне сүбелі үлес қосты. Сол дала дарындарының бүгінгі ұрпақтары да өнердің туын биік ұстауға бар ынта-шынтасын, күш-қайратын, жігерін салып келеді. Күллі алаш жұрты, қазақ баласы үшін азаттық – ең асыл ұғым. Қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйеден құтылғанымызға да біраз уақыт өтті. Шүкір, бүгінгі таңда етек-жеңін жинақтаған, өзіндік сара, дара жолы бар тәуелсіз елге, дербес мемлекетке айналып келеміз. Жиырма бес жылда талай биік-биік белестерді, асқақ асуларды бағындырдық. Экономикада да, саясатта да, руханиятта да, өнерде де біздің ел даму жолына түскенін жүрегімізбен сезінеміз. Ол үшін еліміздегі саяси ахуалды қалыпты жағдайда ұстап отырған мемлекетімізге алғысымыз ұшан-теңіз. Елдің жайын ойлап, «Алдымен экономика, одан кейін саясат» деген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әдемі сөзі әрбір адамның жүрегінде тұруы керек. Ширек ғасыр толып отырған тәуелсіздік жылдарында өнер саласы да өркендеді. Осы бір тарих үшін аз ғана кезеңнің маған да оң ықпалы болды. 2000 жыл елімізде мәдениетті қолдау жылы болып бекігені мәлім. Осы шақта «Жаңа ғасырға – жаңа ән» атты үлкен ән байқауы ұйымдастырылды. Сол кезде өнердегі ұстазым Галина Қарамолдаева: «Гүлнұр, қыздарға арнап бір ән жазшы, ол сенің қолыңнан келетін дүние ғой», – деп ұсыныс айтты. Тосын ұсыныс біраз уақыт мені ой құшағында әлдиледі. Толғанумен жүрдім. Күндердің күнінде жүрек түкпірін жарып бір ән пайда болды. Сол бір нәзік иірімдерге толы жаңа ән мені өзінің ырғағымен баурап, тереңге тарта түсті. Ол ән – кейін талай қыздардың гимніне айналып кеткен «Қыздар, қыздар» атты жаңа туынды еді. Осы бір әніммен әлгінде ғана айтып өткен «Жаңа ғасырға – жаңа ән» байқауына қатыстым. Бұл өнер аламанына қатысқан жүздеген жаңа шығармалар қазылар алқасының қатал сүзгісінен өтті. Байқау бірнеше кезеңді қамтыды. Алдымен 150 үздік ән сұрыптаудан өтіп, келесі кезеңге шықты. Сосын 50 ән ғана жүлдеге таласты. Өнер додасы жасырын түрде өтті. Еркеғали Рахмадиев бастаған өнердің жілігін шағып, майын ішкен мамандар байқау қорытындысын шығарды. Нәтижесінде «Қыздар, қыздар» әні үшінші орынға лайық деп танылып, мен лауреат атандым. Жалпы, ән жазуға деген әуестігім о баста ауылда жүргенде басталды. Балаң кезде жүрегімді жарып шыққан «Махаббатым өзімде» атты Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған тырнақалды туындым өзім үшін өте ыстық. Кейіннен сыныптасым Айнұр Байғабылованың сөзіне жазылған «Ақ қаздар қайтып келеді» атты алтын ұя мектебіме арнаған, Исрайыл Сапарбайдың өлеңімен үйлесім тапқан «Ана әлдиі», Сайлаубай Тойлыбайдың мәтініне шығарылған «Жан әке, туған күніңмен» секілді әндеріммен қатар, «Өмір», «Жұбайлар жыры», «Сен деп білем» сияқты шығармаларым да баршылық. Әр ән – бір тарих. Еліміздің абыройын асырған, көк туымызды биікте желбіреткен бауырларымыз, күрзі жұдырықты былғары қолғап шеберлері Ермахан Ыбырайымов пен Сидней Олимпиадасында топ жарған тағы бір талантты бауырымыз, құйрықты жұлдыздай дүниеден өте шыққан Бекзат Саттархановтың жеңісті жорықтары да жүректі тербегені рас. Қос қаһарманымызға да арнап ән жазғаным бар. Ермаханға арналған «Жан аға» атты туындым қарындастың ағаға деген еркелігін, құрметін байқатады. Ал адуынды ақын Иран-Ғайыптың сөзіне жазылған «Бекзат» атты шығармам 2002 жылы «Азия дауысы» байқауы аясында ұйымдастырылған «Қазақстан әндері» аламанында «Алтын домбыра» жүлдесіне лайық деп танылды. Еліміздің інжу-жауһары саналатын халық әндерін жаңғырту ұлттық өнерге деген құрметімізді байқатса керек. Осы орайда «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблімен әлемнің бірқатар елдеріне барып, қазақ әндерін шет мемлекеттің өнерсүйер қауымына тарту еттік. Оларға ұнағаны сөзсіз. Түйіп айтқанда, тәуелсіздік жылдарында менің шығармашылығым дамымаса, кейін кеткен емес. Мұның бәрі әлбетте, азаттықтың арқасы. Бүгінгі таңда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «өнер және мәдениет» факультетінің деканы қызметін атқарып жүрмін. Бір сөзбен айтқанда, өнер жолына қадам басқан жас таланттардың шығармашылық тұрғыдан толысуына шамам келгенше үлесімді қосуды парыз санаймын. Ата-бабаларымыз аңсаған азаттық елімізде салтанат құрған жиырма бес жылда еліміз көркейіп, жаңа елордамыз Астана қаласы бой көтерді. Ерекше архитектуралық шешімдерге толы ғимараттармен көздің жауын алатын әсем қала Астана бүгінгі таңда жастың да, жасамыстың да мақтанышына айналып үлгерді. Өркениет жолына бет түзеген еркін ел, рухы өр Қазақстанның, Отанымыздың жыл өткен сайын гүлденіп, құлпырып келе жатқаны көңілімде мақтаныш сезімін маздатады. Өткені таусылмас тарихқа толы тәуелсіз Қазақстанның егемен ел ретінде әлі талай асулардан асатыны сөзсіз. Жиырма бес жылдың бедерінде татулық пен бірліктің, берекелі тірліктің негізін қалап, «Адамзаттың бәрін бауырым» деп сүйген қазақ халқының меймандостығына, бауырмалдығына барша ұлт пен ұлыс өкілдері де дән риза деп есептеймін. Азаттық – қазақтың маңдайына жазылған үлкен бақ. Шыны керек, бақ бағалай білгеннің ғана басына қонақтайды деседі. Дамудың даңғыл жолына түскен қазақ елінің көгінде қыран құсы қалықтай берсін, көк туымызды көкте желбіретер азаматтарымыз көп болсын. Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдық мерейтойы әрбір шаңыраққа тек шаттық әкелсін деген игі тілегімді білдіргім келеді.

Гүлнұр Өмірбаева,  композитор.

Алматы қаласы.