Денсаулық

Автоматтандырылған жүйе енгізіледі

Автоматтандырылған жүйе енгізіледі

«Қазақстан – 2050» ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарламасында энергетика саласын дамыту негізгі басымдықтардың бірі болып табылады. Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге Елбасы Н.Назарбаевтың өткен жылғы Жолдауында да ерекше көңіл бөлінгені белгілі. Осы міндеттерді басшылыққа алған Жуалы электр желілерін тарату ұжымы уақыт талабына сай елеулі шараларды қолға алып, жүзеге асыруда. Ұжым аудан аумағында электр қуатын жеткізу және тарату, өтім, электр жабдықтарын, қондырғыларын, желілерін жөндеу және жаңарту жұмыстарымен шұғылданады. Кейінгі кезде аудан тұрғындарының қажетін өтеу үшін тасымалданатын электр қуатының көлемі жыл сайын арта түсуде. Мәселен, 2014 жылы тұтынылған электр қуаты 22964566,59 киловатт сағат болса, 2015 жылы ол 23097580,23 киловатты құрады. Тұтынушыларымыздың жалпы саны 9842-ге жетті. Оның ішінде жеке тұлғалар – 9468, заңды тұлғалар – 374. Тұтынушыларға электр қуаты жоғары кернеулі 11 қосалқы станса, 175 – 10/04 киловольттық қосалқы станса, 149,83 шақырым – 35 киловольттық, 407,2 шақырым – 10 киловольттық, 363,2 шақырым 0,4 киловольттық желілер арқылы жеткізіледі. Қазіргі кезде аудан электр жүйесі шаруашылығы жабдықтарының 70 пайыздан астамы өз ресурсын сарқып, жаңғыртуды талап етіп отыр. Осыған қарай, облыс тарапынан электр жүйесінің ұзақ мерзімдік перспективалық дамуы мен техникалық қайта жарақтандыру бағдарламасы қайта даярланды. Онда элегаз жабдықтарын, вакуумдық ажыратқыштар, полимерлік оқшаулау жабдықтары және электр энергетикасы саласындағы барлық үрдістерді компьютерлендіру, қазіргі заманғы электр есептегіштер, өлшеу құралдарын және диагностикалық құралдарды өндірісте кеңінен қолдану көзделген. Алдағы жылдарда электр қуатын бақылау және есепке алудың қазіргі заманғы автоматтандырылған жүйесін құру жоспарлануда. Осы игі жоспардың барлығы облыстағы «ЖЭЖ» ЖШС басқарушыларының істі дұрыс ұйымдастыруымен іске асуда. Мекеме тарапынан жыл сайын электр жүйелері мен трасформаторлық қосалқы стансаларды ағымдық және күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарына қомақты қаржы жұмсалады. Үстіміздегі жылы аудандағы елді мекендерде электр қуатын тұтынушыларды онымен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Ішкі резервтерді пайдалану нәтижесінде аудандағы «Бурное» қосалқы стансасынан тарайтын желілердің шіріген ағаш бағаналары темірлі порталға ауыстырылды. Жалпы, 2016 жылдың жарты жылында ауданда шіріген 87 бағана ауыстырылды. Аталмыш жұмыс келешекте жалғасын табады. Қазіргі кезде бағаналарға тапсырыс берілді. Сонымен қатар Дихан, Т.Дүйсебайұлы, Рысбек батыр және Қайрат ауылдарындағы қосалқы стансалар ауыстырылып, күрделі жөндеуден өткізілді. Жалпы, биылғы жылғы жөндеу кестесіне сәйкес 36 трасформаторлық қосалқы стансалар, ЭЖ-35 кВ – 5 шақырым, ЭЖ-10 кВ – 148 шақырым, ЭЖ-0,4 кВ – 38,3 шақырым, ҚС-10/0,4 кВ – 18/2077 дана/кВА күрделі жөндеуден өткізу көзделіп отыр. Одан бөлек, ЭЖ-35 кВ – 144,78 шақырым, ЭЖ-10 кВ – 227,8 шақырым, ЭЖ-0,4 кВ – 297,4 шақырым, ҚС-10/0,4 кВ – 18/2465 дана/кВА, 220/35/10 кВ ҚС – 1 дана/20000 – 6300 кВА, 35/10 кВ ҚС – 11 дана/12300 кВА ағымды жөндеуден кестеге сай өткізілуде. Жуалы – өзіндік ерекшелігі мол аудан. Қыс ерте түсіп, көктем кеш шығады. Қыс боранды, желді, жаңбырлы болады. Электр қуатының қалыпты нормадан тыс шығындарын азайту мақсатында жыл сайын өлшеу құралдарының жаңғыртылуы, электр жүйелерін оңтайландыру, жекеменшік тұрғын үй секторындағы тұтынушылардың электр есептегіштерін сыртқа орнату, тұтынушылардың қосылу желілерін біртұтас оқшауланған электр сымымен ауыстыру және электр қуатын есепке алу жүйесін жетілдіру мақсатын көздейтін ұйымдастыру-техникалық іс-шаралар жоспары жасалды. Жоғарыда аталған шараларды орындау нәтижесінде электр қуаты шығындарын едәуір азайтуға қол жеткізілмек. Электр қуаты шығыны 2014 жылы – 23,8, 2015 жылы – 22,3, ал ағымды жылдың алты айының қорытындысында 16 пайызды құрап отыр. Мекеменің біраз құрал-жабдықтарды жаңартып, электр қуатын таратуды дұрыс жолға қоюы нәтижесінде тұтынушылар жарықты бұрынғыдай үзіліспен алуды ұмытты. Бүгінде электр қуаты тиісті сапа деңгейінде берілуде. Былтыр мекеменің аумағында диспетчерлік қызметке және жедел шығу тобына арналған ғимарат соғылып берілді. Заман талабына сай диспетчерлік пунктте жұмысшылардың еңбек қорғау ережелеріне сәйкес тамақтанатын, демалатын бөлмелері бар. Мұның өзі энергетиктерді қуанышқа бөлеп, қажырлы еңбек етуге жігерлендіруде. Бұл ғимаратта автокөліктердің жылытылатын автогаражы бар. Қыстың қақаған суығында көлік жөндеу жұмыстары жылы орында атқарылады. Сонымен қатар, мекеменің әкімшілік ғимаратында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қызметтік кабинеттер қазіргі заманға сай «бір терезе» атты бағдармен жасалды. Бұл жетістіктерге сауатты, тәртіпті және білікті мамандардың қажырлы еңбектерінің нәтижесінде қол жеткізілуде. Атап айтсақ, бас инженер С.Тұрсынқұлов, ҚС диспетчері С.Абишев және ОВБ электромонтерлері Э.Малибеков, А.Стельмах, М.Амиралиев, қосалқы станса қызметінің шебері Д.Сегізбаев және электрослесарьлар Е.Шымырбаев, Н.Телхожаев, ауа желілері қызметінің шебері Ғ.Сатаров және электромонтерлері Қ.Азбергенов, Т.Жарылқасынов, өтім бөлімінің басқарушысының орынбасары А.Әбішев және бақылаушылар Н.Шымкентбаев, И.Майлықараев, М.Сейткасымов, техниктері Д.Жетпісбаева, Х.Шымырованың есімдері ерекше құрметке лайық. Басқарушымыз білікті, білімді маман Абдуаханс Құрбанов өзінің біліктілігін іс жүзінде дәлелдеп, ұжымды ортақ та нәтижелі жұмысқа жұмылдыруда.

Бибайша Алдабергенова, аудандық электр жүйесін тарату мекемесінің келісімшарт инженері.

Жуалы ауданы.