Денсаулық

Аймағымыз алып құрылыс алаңына айналды

Аймағымыз алып құрылыс алаңына айналды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында, Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында, басқа да алқалы басқосуларда құрылыс саласына баса мән беріп келеді. Соның нәтижесінде Мәңгілік Елдің әр қиыры алып құрылыс алаңына айналған. Біздің облыста да барлық салада құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Таразда көп қабатты үйлер мен түрлі нысандар бой көтеріп жатыр. Жаңатас, Қаратау және Шу қалаларында да атқарылып жатқан жұмыс көп. Алыс ауылдар мен шағын елді мекендердің өзінде құрылыс тоқтаған емес. Биылдың өзінде осы салаға 19 миллиард теңге қаралып, 67 нысанның құрылысы жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі және облыс әкімі арасындағы жасалған меморандумға сәйкес, биыл 173,8 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспарланған. 1 тамызға дейін 166,6 мың шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне берілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18 пайызға артық. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі облыс басшылығының басты назарында. Кезекте тұрған азаматтар үшін облыстық бюджет есебінен көп қабатты тұрғын үйдің құрылысына 823,6 миллион теңге бөлініп, жыл соңына дейін 14,7 мың шаршы метр көп қабатты 3 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банк жүйесі бойынша 571,8 миллион теңге бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Осы мезгілге дейін жоспардағы 549,0 миллион теңге 100 пайыз игерілді. Облыс орталығындағы «Арай» алқабындағы 5 қабатты 80 пәтерлі тұрғын үй 2016 жылдың екінші жарты жылдығында пайдалануға беріледі. Бас мердігер – Тараз қаласының «Агроспецстрой» ЖШС. Бұдан бөлек, «Бәйтерек девелопмент» АҚ жүйесі бойынша 4,3 миллиард теңге қаралып, Тараз қаласы, «Арай» алқабында 5 қабатты 6 тұрғын үйдің құрылысы басталуда, барлық үйлер пайдалануға 2017 жылы тапсырылады. Ол тұрғын үйлердің құрылысын «Агроспецстрой», «Талас құрылыс», «Тараз строй 2004» және «Жамбылхимстройинжинеринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізуде. Жеке тұрғын үй құрылысы бағыты бойынша бірінші жартыжылдықта 155,1 мың шаршы метр жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. «Дәмдес» және «Бином» ЖШС Тараз қаласында 9 қабаты 54 пәтерлі және 5 қабатты 56 пәтерлі екі тұрғын үй құрылысын коммерциялық бағыт бойынша жүргізіп, пайдалануға берді. Инженерлік коммуникациялық-инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге Ұлттық қор есебінен 13 жобаны іске асыруға 2,8 миллиард теңге бөлініп, 1,0 миллиард теңгесі игерілді. Тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету – күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі. Биыл былтырғыдан өтпелі жалпы сметалық құны 2 миллиард теңге болатын Жамбыл ауданындағы Жалпақтөбе ауылын және 347,6 миллион теңгенің Талас ауданындағы Ақкөл ауылын ауызсумен қамтамасыз етудің үшінші кезеңін аяқтап, екі ауылдың тұрғындарын таза да сапалы сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Облыстың 373 ауылдық елді мекенінің 229-ы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етіледі. Елбасы алға қойып отырған міндеттердің бірі – жас желкенді заманауи үлгіде салынған зәулім білім ошақтарымен, бүлдіршіндерді балабақшалармен қамтамасыз ету. Облыс басшылығы бұл мәселені де күн тәртібінен түсірген емес. Жалпы, білім саласына 2016 жылға 6,0 миллиард теңге бөлініп, 20 нысанның құрылысы жүргізілуде. Тараз қаласындағы «Кирпичник» алқабындағы 300 орындық мектеп құрылысын аяқтауға ел қазынасынан 602,0 миллион теңге бөлініп, жұмыс жүргізілуде. Сметалық құны 833,0 миллион теңге болатын білім ошағы желтоқсан айында тапсырылады. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 7 нысанның құрылысына 3,9 миллиард теңге бөлініп, жаңа оқу жылына дейін 5 нысанның құрылысы пайдалануға беріледі. Байзақ ауданындағы Түймекент ауылындағы сметалық құны 747,0 миллион теңге болатын 300 орындық мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Тағы да 300 орындық 1 мектеп пен 3 балабақшаның құрылысын тамыз айында аяқтау жоспарлануда. Жаңадан басталған 2 мектептің құрылысы 2017 жылға өтпелі. Осы білім ошақтарын облысымыздың ірі құрылыс компаниялары «АрайСтройМаркет», «Тараз Құрылыс Дизайн» және «Тараз Құрылыс Инвест» ЖШС салуда. Ал облыстық бюджеттен бөлінген 1,6 миллиард теңгеге 5 мектеп, 2 балабақша және 4 жапсарлас ғимараттар мен қазандықтардың құрылысы жүргізілуде. Жаңа оқу жылына дейін 3 мектеп пен 2 балабақшаны пайдалануға беру жоспарланса, жыл соңына дейін 4 жапсарлас ғимараттар мен қазандықтардың құрылысы аяқталады. Адам өмірі мен денсаулығынан артық еш нәрсе жоқ. Сондықтан, денсаулық сақтау саласы да күн тәртібінен түспейді. Биылдың өзінде 9 нысанның құрылысы жүргізілуде. Республикалық бюджет есебінен сметалық құны 1,1 миллиард теңгені құрайтын Қаратау қаласында және сметалық құны 1,8 миллиард теңгені құрайтын Меркі ауданы, Меркі ауылында 250 келушіге арналған аудандық емханалардың ғимараттары бой көтеруде. Облыстық бюджеттен 6 нысанның құрылысына 598,4 миллион теңге қарастырылып, 4 дәрігерлік амбулатория және 3 медициналық пункттің ғимараттарына газ тарту жұмыстары қолға алынуда. Барлық нысандар биылғы тамыз-қазан айларында пайдалануға беріледі. Өңірдің өндірістік құрылымы мен экономикасында автомобиль жолдары да маңызды буын болып саналады. 2016 жылға жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін күтіп ұстауға бюджеттен 7,2 миллиард теңге бөлінген. 2015 жылы жергілікті маңыздағы автожолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 74 пайызды құраса, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде биылғы жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 75,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл тұрғыда 1,78 километр шағал жол құрылысы, 364 километр жергілікті маңыздағы автожол мен 6 жасанды имараттарды орташа жөндеуден өткізу, 1 жол өткелін қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланып, бүгінгі таңда іске асырылуда. Жалпы, жергілікті мәндегі автожол мен көшелерде 143 нысан бойынша жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қазірге дейін оның 20-сы пайдалануға берілді. Қалған нысандарды пайдалануға беру қыркүйек, қазан айларына жоспарланған. Жолдың сапасы мен қызмет ету мерзімін арттыру мақсатында биылдан бастап жергілікті автожолдарды орта жөндеу барысында «Суық ресайклер» технологиясын қолдану қолға алынды. Технологияның басты ерекшелігі жол жөндеуге қажетті қаржы мен уақытты екі есеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Жол жөндеу жұмыстарының жобаға сәйкес жүргізілуін бақылау авторлық және техникалық қадағалау қызметтері арқылы күшейтілген.

IMG_1363-(1)

Әділет АХАТАЕВ, облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы.