Денсаулық

Меркіде көңіл тоғайтар тірлік көп

Меркіде көңіл тоғайтар тірлік көп

Өңірлік коммуника­циялар қызметінің ұйымдастыруымен Елбасы Жолдауы, Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» бағдарламасының орындалу барысын ақпараттық сүйемелдеу мақсатында жолға шыққан бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Меркі ауданында болды. Баспасөз туры шарасы аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ауданның бірқатар өндіріс орындарын, шаруа қожалықтарын аралап, ел игілігіне пайдалануға берілген нысандар мен жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары барысымен танысты. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Меркінің тау шатқалындағы жаңартылмалы энергия көздерінен электр қуатын өндіретін инновациялық жобалардың бірі – «Меркі ГЭС-2» су электр стансасының жұмысымен танысты. Бұл нысан таяуда ғана жүз пайыз жаңа қондырғылармен жабдықталған болатын. Меркі су электр стансасының директоры Бедел Мырзабаев нысанды жаңа құрал-жабдықтармен жабдықтауға жалпы құны 400 мың АҚШ долларына жуық қаржы жұмсалғанын жеткізді. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «EXPO – 2017» көрмесіне «Болашақтың энергиясы» тақырыбын таңдауы бекер емес. Ресурстарды үнемдейтін технологияларды және қалдықтарды қайта өңдеуді кеңінен қолдануға негізделген «жасыл экономика» – орнықты дамудың жолы. Біздің «жасыл экономиканы» дамытуға қосқан үлесіміз – «Меркі ГЭС-2»-ін жаңа қондырғылармен жабдықтағанымыз. 2010 жылы «Меркі ГЭС-3»-ін жаңартқан болатынбыз. Алдағы уақытта «Меркі ГЭС-1»-ге де осындай қондырғылар сатып алсақ деп отырмыз. Жаңа қондырғылардың арқасында өнім өндіру көлемі 30 пайызға артады деп күтілуде, – дейді Бедел Тоқтаханұлы. 2013 жылы 30 мамырда Президент Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» өту тұжырымдамасы туралы» Жарлығына қол қойғаны белгілі. Аталған тұжырымдама мен «Қазақстан – 2050» Стратегиясында су және жер ресурстарын қайта қалпына келтіру, табиғат капиталын пайдалану тиімділігі бойынша ЭЫДҰ елдерімен тең келу, 2030 жылға қарай атмосфераға шығарындылар бойынша стандарттарды еуропалық деңгейге жеткізу, 2050 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің энергия сыйымдылығын және энергияның балама және қайта қалпына келетін көздерінің жиынтық өнімділігінің үлесін 50 пайызға дейін жеткізу, тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды кәдеге жарату бойынша индустрияны құрастыру, тиімді инфрақұрылымы бар газ саласын құруды қамтамасыз ету негізгі мақсатты көрсеткіштер ретінде көрсетілген болатын. Тұжырымдама 2050 жылға дейін үш кезеңде жүзеге асырылуы тиіс. Бүгінде көптеген өндіріс орындарында қоршаған ортаға залалын тигізетін құрылымдарды бірте-бірте жойып, оған балама көздерін табу мәселесі қолға алынуда. Бір сөзбен айтқанда, «жасыл экономиканы» дамытуға көбірек көңіл бөлінуде. Облысымыз – «жасыл экономиканы» дамытуды қолға алған өңірлердің бірі. Жамбыл жерінде энергияның балама және жаңартылатын көздерін пайдалану үлесінің жыл өткен сайын арта түскені – осы сөзіміздің дәлелі. Инновация – дамудың бірден-бір жолы екенін ескерсек, бұл ретте жаңа құрылғылармен жабдықталған «Меркі ГЭС-2»-нің табысы арта түсері анық. Бұдан соң журналистер биылғы демалыс маусымы басында демалушыларға есігін айқара ашқан тау бөктеріндегі «TURAN» демалыс аймағына бас сұқты. Шыны керек, бұл демалыс орны алғаш ашылғанда бассейн суы бірер күн ауыспай тұрып қалғаны, нәтижесінде бассейн ішінен өлі тышқандар бетіне қалқып шыққаны, мұны көрген демалуға келушілер наразы болып, кіру ақысына төлеген ақшаларын қайтаруды талап еткені жайындағы ақпараттар «Фейсбук», «Уатсап» әлеуметтік желілері бойынша тараған болатын. Бірақ, демалыс аймағы басшылары олардың талап-тілегін қанағаттандырмаған еді. Осыдан кейін сыннан қорытынды шығарды ма екен, журналистер барғанда демалыс аймағындағы ол кемшіліктер түзетілгенін көз көрді. Бассейн суының мөлдірлігі, соңғы үлгідегі салынған ағаштан жасалған коттедж үйлер, шетелдерден әкелінген тал-дарақтар, демалыс аймағының жалпы аурасы келушілерді баурап алатыны анық. «TURAN» демалыс аймағының меңгерушісі Айтжамал Кудебаева да мұнда келушілер соңғы күндері күн санап артып келе жатқанын, өңір тұрғындары мен көршілес облыстардың тұрғындарын айтпағанда, еліміздің солтүстік, батыс өңірлерінен де демалушылар мұндағы көрсетілген қызметтерге көңілдері тоғайып қайтқандарын айтты. Баспасөз құралдары өкілдері мұнан кейін «Олжа» шаруа қожалығына қарасты «Меркі ет» комбинатының тыныс-тіршілігімен танысты. 1985 жылы қазығы қағылып, құрылысы басталған бұл нысан 1987 жылы пайдалануға берілген екен. Содан 1997 жылға дейінгі 10 жыл бедерінде бүкіл Одаққа, республикамызға ет өнімдерін экспорттаумен әйгілі болған. Алайда сол жылдардағы қиын-қыстау жағдай оларды да айналып өтпепті. Түрлі қиындықтарға тап болған ет комбинаты тек 2011 жылы ғана іскер азаматтардың арқасында қайта қолға алынып, күрделі жөндеуден өтеді. Сол жылы Иран мемлекетіне алғаш рет 400 тонна қой етін экспорттағанын да айта кеткеніміз жөн. Қазіргі таңда бұл ет комбинаты тапсырысқа қарай күніне 10 тоннаға дейін мал сойып, экспорттауға қабілетті. Мұздатқыш бөлмелері толық жаңартудан өтіпті. Мұнда бүгінгі күні 70 адам жұмыс істейді. Комбинат толық іске қосылған жағдайда 140 адам жұмыспен қамтылатын болады. Одан бөлек, комбинат бұқтырылған сиыр етін де шығаруды қолға алған екен. «Күніне 10 тонна етті қайдан аласыздар? Өздеріңіз мал ұстайсыздар ма?» деген біздің сұрағымызға комбинат меңгерушісі Абылай Раисов: «Қорамызда ет бағытындағы 3000 бұқа бар. Ұсақ малымыз да тапсырысты қанағаттандыруға жетіп қалады. Одан бөлек, жергілікті шаруалар және Қордай, Шу, Т.Рысқұлов аудандарының шаруаларымен тығыз байланыста жұмыс істейміз», – дейді. Ал келесі барған Жаңатоған ауылдық округіндегі «Жасыл белес» пен Ақарал ауылдық округіндегі «Гүлдер» шаруа қожалығындағы жайқалған алма бақтары, жеміс-жидектері, гүлзарлары көз жауын алады. Дегенмен де мәселе де жоқ емес екен. Айталық, «Жасыл белес» шаруа қожалығының жетекшісі Үсен Қабылбек: «Алмалар да ауырады. Оларды анықтауға келген мамандар бұл аурудың шыққан жерін, қайдан келгенін зерттемей, ауруды анықтаған соң «алма ағаштарын кесіп тастаймыз» деп кететіндер бар. Сонымен қатар, оны өсіруге субсидия тоқтағаны белгілі. Субсидия тек шетелдерден әкеліп отырғызылған ағаштарына төленуде. Сонда Қазақстанда өсірілген алма ағаштарына қолдау болмағаны ғой. Яғни ақша Польша, Қытай, Иран секілді мемлекеттерге кетіп жатыр. Неге өзімізде өскен отандық әрі арзан, әрі экологиялық тиімді, таза өнімге Ауыл шаруашылығы министрлігі қолдау көрсетпеске?» – деген жанайқайын жеткізді. Сонымен қатар, журналистер Сұрат ауылдық округіндегі қант қызылшасы дақылын өсірумен айналысатын шаруашылық басына да барды. Баспасөз турға қатысушылар сапарды кәсіпкер Болат Рақымбаевтың «Бар жақсылық – балаларға» деп жасап жатқан «ММ Меркі» ойын-сауық және сауда кешеніндегі соңғы құрылыс жұмыстарының жайын танысумен аяқтады. Жергілікті жұрт «Меркінің «Мегасы» атап кеткен бұл нысан 4 қабатты, аумағы 10 мың шаршы метрге жуық. Кәсіпкер нысанның қыркүйек айында пайдалануға берілетінін айтады. Жалпы сомасы 1 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалған екен. Әріптестеріміздің бірі «Мұндай үлкен нысан Меркіде өзін-өзі ақтай ма? Мұндай тәуекелге баруыңыздың себебі неде?» деп сұрады. Бұл сұраққа Болат Рақымбаев: «Менің Астанадағы ұлым да «Әке, мұнша мол қаржыға алақандай Меркіде «Мега» салғанша, Астанадан салайық» деді. Бірақ, мен бүлдіршіндерді қуантудан, балалардың күлкісінен асқан бақыт жоқ деп білемін. Сондықтан, туған жеріме осындай сый жасағым келді. Астанаға, Алматыға, басқа қалаға өзге азаматтар салып жатыр ғой. Мен бұл нысанның Меркіде салынуын ондаған жыл бұрын армандағанмын. Осы арманымның орындалғанына қуаныштымын», – деп ағынан ақтарылды. Жалпы, Меркідегі атқарылып жатқан қарқынды істер көпшіліктің көңілінен шықты.

Нұрболат Әлдибеков,  «Ақ жол».

Меркі ауданы.

Суреттерді түсірген Алтынбек Қартабаев.