Денсаулық

Ұмытылмас ерлік – ұрпаққа мұра

Ұмытылмас ерлік – ұрпаққа мұра

Осыдан 5 жыл бұрын жұртшылықты дүр сілкіндірген Тараздағы лаңкестік әрекетті әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Сол сәтте облыстық ішкі істер департаменті жол патрульдік полициясының взвод командирі, полиция капитаны Ғазиз Байтасов көзсіз ерлік танытып, қаскөйдің жолында жанын құрбандыққа қиған. Өз міндетіне адал оның ерлігі – бүгінде өзгеге үлгі, ұрпаққа өнеге. Батыр есімі мәңгі ел есінде сақталады. Жақында облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЖД-158/1 мекемесінде Халық қаһарманына арналған ескерткіш бұрыш ашылды. Салтанатты шарада ұжым мүшелері сап түзеп, Мемлекеттік Әнұран шырқалды. Батыр рухына тағзым етіліп, бейнесі ілінген бұрышқа гүл шоқтары қойылды. Салтанатты шарада аталған мекеме басшысының орынбасары, әділет майоры Асқар Құдайбергенов «Ерлігі оның есімізде» тақырыбында баяндама жасады. Қылмыстық атқару жүйесі ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Әлібаев, Ғ.Байтасовтың жұбайы Гүлмира Тәжиева және қарындасы Алмаш Байтасова естелік әңгімелерден сыр шертісті. Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Бұдан кейін жұртшылық қайсар ұлдың құрметіне жайылған дастарқан басына жиналып, оның рухына Құран бағыштады. Дәм үстінде департамент басшысы, әділет полковнигі Нұрқожа Негметжанов: «Еліміздің рухты ұлы Ғазиз Байтасовтың ерлігі – ұрпаққа өшпес мұра. Ол қызметтік борышын өтеу барысында қайсарлық пен табандылық танытты. Біздерге ерлік пен өрліктің ерен үлгісін көрсетіп берді. Оның өнегелі жолын жеке құрам әрқашан үлгі тұтып, тәртіп пен заңдылықты қалтқысыз сақтайтынына сенімдімін», – деді.

Жамбылбек Шоқыбас, журналист. Тараз қаласы.