Ұстаз біліктілігі – басты назарда
Ұстаз біліктілігі – басты назарда
Жаңа оқу жылы. Жаңа бағдарлама. Жаңа сынып. Жаңа форматтағы мектеп, ұстаз. Бұл – биылғы оқу жылының үлкен жаңалығы. Оқушының функционалды сауаттылығы мен білім саласын әлемдік стандарттарға сай реформалау мәселесі басты назарда тұр. Бүгінгі күн – білім беру мазмұнына, оқушы мен педагог тұлғасына және қызметіне деген көзқарастардың түбегейлі өзгеріске бет бұрып отырған кезең. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев өз сөзінде: «Біз қазір «білім-ғылым-инновация» атты үштік үстемдік құратын постиндустриялық әлемге қарай бағыт алып барамыз», – деген еді. Қазақстанның әлемдік үрдістерге кіруі, дамыған елдердің стандарттарына деген ұмтылысы білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге өту қажеттілігін арттыруда. Иә, қазіргі кезде білім беру жүйесінде жасалып жатқан реформалар барлық деңгейлердегі білім мазмұнын жаңартуға және өсуден тұрақты даму кезеңіне өтуге бағытталған. Білім беру деңгейі экономикалық және ғылыми-техникалық прогрестің ең негізгі көрсеткіші екені белгілі. Ол мемлекет пен қоғамның табысты дамуының кепілі. Білім берудегі артта қалушылық мемлекеттің бәсекелестік қабілеті мен ұлттың болашағына кері ықпалын тигізеді. Сондықтан, білім берудің дамуы – үлкен мәні бар міндет. Білім беру саласында жүріп жатқан демократияландыру, жаңа технологияларды енгізу, ақпараттандыру үрдістері бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыруға жол ашады. Қоғамда болып жатқан әлуеметтік-экономикалық, саяси өзгерістер білім беру саласын жетілдіруді талап етеді, жаңа міндеттер жүктейді. Осы міндеттерді орындау мақсатында педагогикалық ұжым алдағы оқу жылында №17 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің шығармашылық тақырыбы «Бәсекеге қабілетті қоғам орнатудың негізі – сапалы білім және ұлттық тәрбие беру» болып отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында белгіленген «Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек; мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс, оларды оқыту нәтижесі сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс» деген нақты міндетін орындауға бар ықыласымызбен бейілміз. Әлбетте бұл ретте, ұстаздардың біліктілігі қашанда бірінші орынға шығады. 1995 жылы негізгі мектеп, №17 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп болып ұйымдастырылған білім ордасының ұстаздар қауымы оқушыларға білім беруде үздіксіз ізденуде. Өткен оқу жылында 187 оқушы және мектепалды тобында тәрбиеленуші 24 бала білім алса, биыл сол 24 бала бірінші сыныпқа келеді деп күтілуде. Ақпараттық түсіндіру жұмыстары, мектептердің дайындығы бойынша мәліметтерді жинақтау аяқталуда. Жаңа оқу жылына мектеп дайын. Сонымен қатар, қазіргі кезде ұстаздарды, оқулықтарды даярлау шаралары жүріп жатыр. Атап айтқанда, жалпы мектепте 31 педагог жұмыс істейді. Олардың қатарында жоғары санатты 9, бірінші санатты 8, екінші санатты 5 мұғалім бар. Орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында мұғалімдердің оқыту тәжірибесін жетілдіру қажеттілігінің маңызы арта түсуде. Осыған орай ұрпағымыз қоғам қажеттілігіне сай болып жатса, бұл ең әуелі ұстаздардың еңбегі. Неге десеңіз, «Мұғалім – мектептің жүрегі» демекші, оқушыға білім нәрін себуші жүректің қызметі сапалы болса, жемісі де шырынды болмақ. Қазіргі заман талабы ұстаздарға үлкен жүк артып отыр. Мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Зәуре Сегізбаева 2014 жылы Педагог шеберлік орталығында бірінші ілгері деңгей бағдарламасы бойынша сертификатталып, биыл шілде айында «Тәжірибедегі рефлексия» жалпы білім беретін мектептердегі педагогика кадрларының кәсіби даму бағдарламасы, оның тиімді және маңызды саласы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламалары бойынша біліктілігін арттырып, мұғалімдер мектеп тренерлері курсын оқып келді. Ал ағымдағы жылы арнайы курстардан 10 мұғалім өтсе, оның ішінде білім мазмұнын жаңарту аясында 5 ұстаз, үш тілді білім беруді енгізу кезінде Назарбаев Университеті базасында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гүлдана Төлепберген, Әділбек Оспанбаев және Эльмира Мырзахметова білім-біліктілігін жетілдірді. Сондай-ақ, «НЗМ» ДББҰ ПШО дайындаған деңгейлі бағдарламалар бойынша және «Өрлеу» БАҰО АҚ «Республикалық білім беру жүйесі басшылығымен ғылыми-педагогикалық кадрларының біліктілігін арттыру институты» Тараз қаласындағы филиалының сертификатын иеленіп, әлі де онда оқуын жалғастырып жатқан ұстаздарымыз бар. Мектебіміз жылдан-жылға ақпараттық құралдармен жабдықталуда. Дегенмен, мектептің базасы ескілеу. Ауылымыздың демографиялық өсімі жоғары, бала саны артуда. Болашақта жаңа мектеп соғылады деп үміттенеміз. Жаңа оқу жылында оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беруге мектеп ұжымы дайын. Оған ұстаздарымыздың біліктілігі де, тәжірибесі де жетеді.
Серік Кенжебаев, №17 Ы. Алтынсарин атындағы орта мектебінің директоры.