Денсаулық

Тиянақты тірлік болмаса, туризм дамымайды

Тиянақты тірлік болмаса, туризм дамымайды

Туризм саласы тиімді табыс көзі болып табылады. Көптеген елде ол жалпы ұлттық өнімнің артуына, қоғамды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге, сыртқы сауда байланысының белсендірілуіне өте үлкен ықпал етеді. Біздің облыс – табиғи, тарихи ресурстарға бай өлке. Туристік кластерді дамытуға қолайлы жер. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқандықтан, тарихи ескерткіштері көп, олар тек Қазақстанның ғана емес, әлемдік мәдениетке туризмнің тарихи-танымдық, экологиялық, спорттық, ғылыми түрлерін танып білуге мүмкіндіктер береді. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің «Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары аясындағы Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының орындалуы бойынша Жамбыл облысындағы туризмді дамытудың ағымдағы жай-күйін талдау» тақырыбындағы басқосуында маңызды ойлар ортаға салынып, сала бойынша қордаланған мәселелер жан-жақты қаузалды. Өңіріміздегі зиялы қауым өкілдері мен мәдениет жанашырларынан құралған «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшелері, сонымен қатар, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту, ішкі саясат, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама, жастар саясаты мәселелері басқармаларының басшылары, «Киіз үй қалашығы», «Тау самалы» туристік кешендері, «Алтын караван» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшілері, «жасотандықтар» қатысқан жиынды партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат ашып, жүргізіп отырды. Ақыртас пен Баласағұн кешендеріне қашан жол салынады? Алғаш болып сөз кезегін алған «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Ежелгі Тараз ескерткiштерi» мемлекеттiк тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры Тәкен Молдақынов облыс аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жай-күйі туралы хабарлама жасады. Ол көптеген тарихи-мәдени ескерткіштер «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қайта жаңғыртудан өтіп, жанданып жатқанын тілге тиек ете келе, әлі де болса кезегін күткен мәселелер бар екенін жеткізді. Мәселен, Ақыртас кешеніне баратын сегіз шақырымдық, Ақтөбе-Баласағұн ескерткішіне баратын алты шақырымдық жолдың құрылысы әлі күнге шешімін таппай келе жатқанын алға тартқан баяндамашы туристерге қызмет көрсету бағыты да әлі күнге дейін бір жолға қойылмағанын сынға алды. Саланы насихаттауға сайт та керек Ал облыстағы туризмнің ағымдағы жай-күйі және туризмді дамыту мәселесі хақында сөз алған облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова бұл бағыт бойынша нақты шаралар қолға алынбаса, тірлік атаулы жанданбайтынын айтты. Оған дәлел еліміз бойынша туристік қызмет көрсетудің табыстық көрсеткішінің бір пайызы ғана біздің облысымызға тиесілі екен. Көне Жібек жолы бойында орналасқан облысымызда туризмді жандандыруға зор мүмкіндіктің бар екенін айтқан Қарлығаш Әмірқызы өңірдегі туризмнің тұралап тұруының басты себептеріне де тоқталып өтті. – Көлік инфрақұрылымының сын көтермес жағдайы, қолда бар нысандар мен ресурстардың өз деңгейінде сақталмауы, туризм саласына қаражаттың аз бөлінуі, өз қаражаттары мен инвестициялық ресурстардың аздығы (нысандардың көпшілігі қайта жөндеуді қажет етеді), маман тапшылығы және қызмет көрсету сапасының төмендігі бұл саладағы басты кедергілер болып отыр. Облыста туристік ақпараттық орталықтың жоқтығы да сала жұмысының ақсауына себеп. Мәселен, Астана, Алматы, Атырау, Ақтау, Шымкент қалаларында осындай орталықтардың жұмыс істеуі туризмнің дамуына тың серпін беріп, туристерді ақпаратпен қамтамасыз етіп, ішкі-сыртқы туризмнің дамуына септігін тигізуде. Өңірдегі туризмге арналған арнайы сайт ашу да жедел қолға алуды қажет ететін шара. Бүгінге дейін интернет кеңістігінде аймағымыздың тұмса табиғаты мен көрікті жерлерін насихаттайтын, жергілікті турфирмалармен байланыс орнатып, сырттан туристер тартатын арнайы ақпараттық сайттың жоқтығын да өзекті мәселелердің бірі деп ойлаймын, – деді. Қарастырылған қаржыға қандай тірліктер тындырылады? Бүгінгі таңда сырттан туристер тарту, ішкі туризмді дамыту, тиімді және бәсекеге қабілетті туризм кластерін қалыптастыру қалай жолға қойылады? Бұл орайда баяндамашы «Көне Тараз» жобасын сәтті жүзеге асыру арқылы туристер қатарын үш есеге арттырып, өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін беруге болады деп есептейді. Облыстық кәсіпкерлер палатасы тарапынан облыстың туристік әлеуетіне талдау жүргізілген. Нәтижесінде негізгі туристер тобын құру және оларға қызмет көрсетумен қаладағы мемлекеттік лицензиясы бар 21 фирма айналысып отырғаны анықталған. Сондай-ақ, ішкі және сыртқы туризммен айналысып жүрген 28 туристік фирма тағы бар. Бұл туристік фирмалар туризмнің барлық түрін қамтуда десек, көшпелі туризм бағыты бойынша – 14, кірмелі туризм бағыты бойынша – 6, ал ішкі туризм нарығында 10 фирма жұмыс істеуде. – Жыл басында бізге сегіз туристік фирмадан шағым келіп түсті. Ол шағымдарда туристік фирмаларға ешқандай қаржы бөлінбейтіндігі, қолдаудың аз екендігі айтылады. Осыны ескере отырып, біздің палата тарапынан мәслихаттың қолдауымен туризм саласын дамытуға 42 миллион теңге бөлінді. Осыны тиімді пайдаланып, саланы дамыту үшін жұмыс жасауға ниеттілер табылып жатса, құба-құп болар еді. Ол ғана емес, жоғарыда айтылған тарихи нысандарға баратын жол мәселесі де облыс басшылығының назарына ұсынылған. Ол мәселелер шешімін тауып жатса, бұл сөзге арқау болған жайттардың қозғалысқа енуіне септігін тигізер еді, – деді өз ойын түйіндей келе Қарлығаш Аралбекова. Туристерге қызмет көрсету  сапасы неге төмен? Жиын барысында облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мүбәрак Жинақбаева өз кезегінде тарихи-мәдени туризмнің 5 кластері аясында атқарылып жатқан шараларға тоқталса, туризмді дамытудың басты қадамдары жүзеге асырылуы, оның ішінде «Мәдени туризм және турне» бағыты бойынша нақты атқарылып жатқан іс-шаралар, ұлттық туристік жоба әзірлеуге және оның сапасын әлемдік стандарттарға сәйкес қамтамасыз етуге бағытталған шаралар туралы облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Самат Үрпеков баяндады. – Биылғы жылы бюджеттен туризмді дамытуға 42 миллион теңге бөлінсе, оның он сегіз миллион теңгесі туристік ақпараттық орталық ашуға бағытталған. Бұл тұрғыдағы жұмыстар қолға алынуда. Облыс көлемінде атқарылып жатқан іс-шаралар шетел азаматтарының облысымызға келу көрсеткішінің артуына алғышарт болып отыр. Алда келе жатқан ЭКСПО–2017 және қысқы «Универсиада–2017» халықаралық іс-шаралары, сондай-ақ келер жылы «Қазақстандағы Қытай туризмі жылы» және осы ретте қытайлық туристік топтар сапарларының ашылуы шетелдік туристердің елімізге келуін біршама арттырады деп күтілуде. Осындай ауқымды іс-шараларды өткізу барысында облысымыздың туристерді қабылдай алу деңгейін көтеру қажет. Шетелдік туристердің облысымызға сапарлары барысында қиындықтарға тап болуы мүмкін. Неге десеңіз, қазіргі таңда шетелдік туристік ұйымдар қазақстандық туроператорлар, авиатасымалдаушылар, автокөліктік мекемелер мен қонақ үй бизнесі тарапынан өз міндеттемелерін дұрыс орындамайтындығы туралы ақпарат беруде, – дейді Самат Қалиұлы. Сондай-ақ, баяндамашы бұл сала бойынша білікті кадрлардың жетіспеушілігін алға тартты. Бұдан соң жиынға қатысып отырған қоғамдық кеңестің мүшелері өз ойларын ортаға салды. Облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов туризмді дамытуға шығармашылық арқылы да үлес қосуға болатынын жеткізді. Ол: «Иә, бұл саланы дамытуға жұмыстар жасалынып жатқан жоқ деп айта алмаймыз. Бірақ, нәтижелі жұмыстар өте аз. Мен бұл бағытты жандандырудың бір жолы деп халықаралық театр фестивальдарын дәстүрлі түрде өткізу керектігін айтар едім. Ол фестивальдар тарихи қойылымдар арасында өтсе, сондай-ақ тек сахнада ғана емес, әлгінде айтып отырған тарихи нысандар аумағында ұйымдастырылса, соған жағдай жасасақ, ұтылмас едік. Ол бір жағынан, шетелдіктерді өнер арқылы өңірімізге тарту болса, екінші жағынан, үлкен жарнама болады. Бұл тәжірибе шетелдерде жүзеге асуда», – деп өзінің пікірін білдірді. Жиынды қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат партия филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің күн тәртібіндегі мәселелер бойынша маңызды ойлар ортаға салынып, күрмеуі қиын мәселелердің назарға алынатынын, барлық ұсыныстар мен пікірлер ескеріліп, олар тиісті мемлекеттік органдар мен партия орталық аппаратына жіберілетінін жеткізді.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».