Денсаулық

Тіл – халық қазынасы

Тіл – халық қазынасы

Тіл – халық тарихы, тіл – ұлт қазынасы. Тіл – біздің намысымыз, арымыз, байлығымыз, барымыз. Қазақ тілі – қазақтың мәдениетімен біте қайнасып жатқан рухани қазына. Тәуелсіздік алғандағы халқымыздың ең басты олжасы – тілінің қайта тірілгені. Бүгінде елімізде қазақ тілінің мәртебесін арттыру жұмыстарына жіті көңіл бөлініп, жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. ҚР Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы №110 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» көрсетілген өзекті міндеттері сот жүйесінде де басты назарда. Айта кету керек, бағдарламаның басты мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясатын жүргізу. Онда мемлекеттiк тiлдi меңгерген ересек тұрғындардың үлесiн «Қазтест» тапсырудың нәтижесi бойынша 2020 жылға қарай 95 пайызға, мемлекеттiк тiлдi В1 деңгейiнде меңгерген мектеп түлектерiнiң үлесiн 2020 жылға қарай 100 пайызға, мемлекеттiк бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тiлiндегi контенттiң үлесiн 2020 жылға қарай 70 пайызға, үш тiлдi меңгерген тұрғындардың үлесiн 2020 жылға қарай 15 пайызға ұлғайту және басқа да көрсеткіштерге қол жеткізу көзделген. Бағдарламада көзделген барлық iс-шаралар ұлт бiрлiгiн нығайтудың маңызды факторы ретiнде мемлекеттiк тiлдi дамытудың басымдығына негiзделген және азаматтардың рухани-мәдени және тiлдiк қажеттiлiктерiн толық қанағаттандыруға бағытталған. Қазіргі таңда жергілікті соттарға кіріс, шығыс, ішкі құжаттардың айналымын 100 пайызға жеткізу мақсаты қойылған. Осы жылдың бірінші жарты жылдығындағы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыстық, аудандық және оған теңестірілген соттарды қосқанда, барлық кіріс құжат саны 121259-ға жеткен. Оның ішінде, мемлекеттік тілде 64707 құжат толтырылған. Шығыс құжаттар саны 87537 болса, оның 64460-ы қазақ тілінде рәсімделген. Ал ішкі құжаттардың 89,7 пайызы мемлекеттік тілде орындалды. Бұл көрсеткіштерді одан ары арттыру мақсатындағы жұмыстар жалғасын табуда. Ол үшін Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін жергілікті соттармен тиісті іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Динара Қыдыралиева, облыс бойынша соттар әкімшісінің ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы.