Жаңа оқу жылы жаңалыққа толы
Жаңа оқу жылы жаңалыққа толы
Бірер күннен кейін жаңа оқу жылы басталмақ. Өңірдегі білім мекемелері 2016-2017 оқу жылына біршама дайын. Байзақ ауданы, Түймекент ауылында пайдалануға берілетін 300 орындық жаңа мектепті қосқанда, облыстағы 210 мыңнан аса оқушыға 450 мектеп өз есігін айқара ашуы тиіс. Биыл 30 білім нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 3 миллиардтан астам қаржы қарастырылып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мектептердің бірінің қазандығы қайта қалпына келтіріліп жатса, ал енді бірінің жылу жүйесі немесе ғимараты жөндеуден өтуде. Соның ішінде Тараз қаласындағы – 5, Шу ауданындағы 2 білім нысанының жөндеу жұмысы келісімшартқа сәйкес қазан-желтоқсан айларына дейін жалғасатын көрінеді. Осыған орай жөндеу жұмыстары кешіктіріліп аяқталатын білім ошағының оқушылары әзірге жақын маңайдағы өзге мектептерде уақытша оқытылады екен. 101 мектеп ағымды жөндеуден өткен. Апатты жағдайда деп танылған 11 мектептің 2-еуі жаңадан салынып, пайдалануға берілсе, 3 мектеп келер жылы, қалған 6 білім нысанының құрылысы арғы жылы жүргізіліп, пайдалануға берілмек. Жалпы, тәуелсіздік алған жылдардан бері облыста 71 мектеп, 20 балабақша, 1 колледж, барлығы 92 білім нысаны жаңадан салынып, пайдалануға беріліпті. Сондай-ақ, 46 апатты, 8 үш ауысымды, 10 орын тапшылығы бар, 7 ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан мектептер мәселесі оң шешімін тапқан. Бұл жыл өткен сайын ел әлеуетінің артып, облыстағы білім саласын дамыту мен білім беру жүйесінің жүйелі іске асуына жағдай жасалып отырғанының белгісі. Бұған биылдың өзінде жылыту маусымы үшін 47946 тонна қатты отын сатып алуға 504 миллион 400 мың теңге бөлініп, бүгінде қатты отынның 80 пайыздан астамы білім мекемелеріне жеткізілгені секілді маңызды шаралардың дер кезінде атқарылуы дәлел бола алады. Үш ауысымды мектептердің мәселесі де назардан тыс қалмаған. Жаңа оқу жылында 2 мектептің құрылысы Ұлттық қор есебінен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асқан. Тағы 1 мектептің құрылысын жүргізу Ұлттық қор есебінен қолға алынып, ол келер жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қалған 2 мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірлену үстінде екен. Елімізде білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың 1-кезеңі аяқталып, бағдарламада көзделген 5 мақсатты индикатор мен 19 көрсеткішке қол жеткізіліпті. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар үлесін арттыру мақсатында да нақты жұмыстар атқарылған. Биыл бұл бағытта 6,4 миллиард теңге бөлініпті. Өткен жылы 1190 орын ашу жоспарланса, ол 2 есе артық орындалып, жаңадан 14 балабақша, 7 шағын орталық бүлдіршіндерге айқара есік ашқан. Ал үстіміздегі жылы 6 балабақша ашылып, 390 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 280 орындық 3 балабақша және жергілікті бюджеттен 140 орындық 2 балабақшаның құрылысы жүргізіліп, олар жыл соңына дейін пайдалануға берілмекші. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде былтыр 980 орындық 10 балабақша ашылса, осы жылдың басынан бүгінгі күнге дейін 440 орындық 5 балабақша ашылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшының орынбасары Жәмила Бекбатырова кеңінен сөз етті. Сонымен қатар, оқу жылында орын алған кемшіліктерді жою бағытындағы жұмыстардың нәтижесі айтылып, оқушылардың жаңа білім мазмұнына көшірілу жайы сөз етілді. Оқушылардың жаңа білім беру жүйесіне көшірілуінің мәні Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 76,79-қадамдарындағы білім беру саласын жетілдіру бойынша жүктелген міндеттердің жүзеге асырылуында жатыр. Мемлекетіміздің алға қойған басты мақсаты – дамыған отыз елдің қатарына ену. Ал ол үшін білім мен ғылым жүйесін уақыт талабына сай жаңғырту – басты талап. Бұл бағытта қазір еліміздегі жоғары сыныптар мен жоғары оқу орындарының ағылшын тілінде оқытуға көшуі жоспарланған. Себебі, бәсеке – білімде. Яғни, жаңартылған білім беру стандарттарын оқыту жүйесіне енгізудің сыры осында. Бұл жүйе «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» заманауи оқу үлгісіне сәйкес жасақталғанын айта кету керек. Сонымен қатар, дуалды оқыту, білікті кадрларды әзірлеу, инновациялық жобаларды дамыту жұмыстары да қарқынды жүзеге асуда. – Білім саласы – мемлекеттік маңызы зор сала. Атқарылар жұмыстардың ең негізгісі – білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, жастарға тәлімді тәрбие беру. Облыстағы білім саласын дамытуға 90 миллиард теңге бөлінген. Өңірдегі мектепке баратын 210 мыңнан аса оқушының 26379-ы–мектеп табалдырығын жаңадан аттағалы отырған бүлдіршіндер. Оқушыларды оқулықпен қамту жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асуда. Оқулықтарды қайта басып шығару кестесіне сәйкес 1 және 8-сыныптарға арналған оқу-әдістемелік кешендер жаңартылды. Елімізде 9-сыныптан бастап оқытылатын жаңа дінтану пәні кітаптары әзірлену үстінде. Жаңа оқулықтар 25 тамызға дейін білім ошақтарына таратылады. Шәкірттерді оқулықпен қамту деңгейі 100 пайызға орындалатын түрі бар. Жаңа оқу жылынан бастап бес күндік оқу аптасы енгізілетін болды. Бірақ, бұл сатылы түрде жүзеге асады. Мәселен, биыл 1-сынып оқушылары жаңа жүйе бойынша оқытылса, келер жылы 2, 5, 7-сыныптар 5 күндік оқу жүйесіне көшеді. 2019 жылы барлық сыныптар осы жүйемен оқытылатын болады. Бес күндік оқу аптасында бірінші сынып оқушылары оқу жылын 30 мамырда аяқтаса, жоғары сыныптар 10 маусымда тәмамдайды. Нақты айтқанда, Ұлт жоспарындағы 79-қадамға сәйкес жоғары сыныптарды ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшіру үшін 7 мектепте «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» іс-тәжірибесі трансляциялануда. Бұл – жаңа жүйеге көшу облыста бірден емес, кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанының көрінісі. Бұған 3 мамандандырылған мектепте жаратылыстану – математика бағытындағы пәндер ағылшын тілінде, 5 мектепте үш тілді оқытудың элементтері енгізілген элективті курстарды жүргізудің қолға алынуы айғақ бола алады. Биыл 1500 бала жазғы демалыста тіл үйрену мектебінде ағылшын тілін үйрену курстарынан өтті, – деді Жәмила Елеуқызы. Білім саласындағы реформаларға сәйкес ұстаздардың да біліктіліктері арттырылу үстінде. Соның ішінде бірінші сынып мұғалімдері түгелдей біліктілігін арттырған екен. Жәмила Бекбатырова мұғалімдердің біліктілігін арттыруға, имиджін көтеруге, материалдық ынталандыруға ерекше көңіл бөлініп отырғанына тоқталды. Ол 2012 жылдан бері 16 педагог республикалық «Үздік педагог» байқауында жеңімпаз атанып, 1000 айлық көрсеткіш негізіндегі грантты иеленгенін, сондай-ақ осы жылдар аралығында 22917 педагог білімін жетілдіргенін сөз етті. Деңгейлік курстарынан өткен мұғалімдердің айлық жалақыларына үстемеақы төлеу үшін 1 миллиард 41 миллион 69 мың теңге бөлінген екен. Өткен оқу жылында облыстың дарынды оқушылары халықаралық, дүниежүзілік олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 68 медальды иемденсе, облыс оқушылары бесінші жыл қатарынан республикалық пән олимпиадасының қорытындысы бойынша командалық есепте 1-орыннан көрінген. Республикалық ғылыми жарыстардың қорытындысы бойынша 4 жыл қатарынан командалық бірінші орынды жеңіп алған. Жиында мектебі жоқ елді мекендердің балаларын оқумен қамту үшін барлық жағдай жасалып, оларды тасымалдауға 88 автобус сақадай сай тұрғаны да сөз етілді. Аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларды мектепке қажетті оқу құралдарымен қамту үшін Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Бақытты балалық шақ мекені» ұранымен «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылып жатқаны айтылды.
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».