Денсаулық

Елі Елдосты ерекше ықыласпен қарсы алды

Елі Елдосты ерекше ықыласпен қарсы алды

Рио төрінде қазақ туын көкте желбіреткен батырымыз, дзюдо күресінен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елдос Сметов елге оралды. Алдымен 60 келіде бақ сынаған Елдос пен Олимпиада ойын­дарында қыздар арасында 48 келі салмақта өнер көрсетіп, қола жүлдеге қол жеткізген Отгонцецег Галбадрахты қазақ елі Алматы әуежайынан күтіп алды. Олардың арасында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов бастаған жамбылдықтар, Елдостың туыстары зор қошеметпен қарсы алды. Бұдан соң Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері өзінің туған өлкесі Тараз топырағына табан тіреді. Жоғары спорт шеберлігі мектебінің түлегін облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков, жоғарыда айтылған спорт мектебінің ұжымы мен спортшылары, қала жұртшылығы Таразға кіреберіс қақпадан үлкен ықыласпен күтіп алып, ризашылықтарын жеткізді. «Елдос, жарайсың, Елдос – чемпион!» деп, батырға құрмет көрсеткен жастардың айқайына құлақ тұнды. – Риодағы Олимпиада ойындары барысында жанкүйерлерімнің, қазақ халқының қолдауын жан жүрегіммен сезіндім. Халқымның үкілі үмітін ақтадым деп ойлаймын. Бұйырғаны күміс жүлде болды. Алдағы уақытта жаттығуымды нықтап, Токио Олимпиадасында елімнің қоржынына алтын жүлде салуға бар күшімді жұмсауға әзірмін, – деді Елдос батыр. Сондай-ақ ол ақтық айқас туралы журналистердің қойған сауалына жауап берді. «Иә, мен Олимпиада ойындарына тек қана алтын жүлде иелену үшін бардым. Көк байрақты көкте желбіретіп, әнұранымызды шырқату басты мақсатым болды. Қазақ еліне чемпион ретінде оралғым келді. Бұл спорт қой, спорт болған соң түрлі жағдайлар орын алады. Мен өзім ұтылдым. Оны мойындаймын. Ақиқатты айта білу де ерлік. Әдісті күтпедім. Бұл спортшыны Германияда өткен жарыста жыл басында ұтқан болатынмын. Өмір алма-кезектен тұрады ғой. Финалда өзіме 100 пайыз сенімді едім. Бірақ, бұйырмады. Маған келесі Олимпиада ойындарында сабақ болады осы сәтсіздік. Енді жақсылап тыныққан соң дайындықты бастаймын. Токио Олимпиадасына жолдама алу үшін тер төгемін. Дзюдодағы төрелікке қатысты айтарым, бәрі де әділ өтті. Ешқандай бұра тарту орын алған жоқ», – деді Елдос Сметов өз ойын ортаға салып. Бұдан соң Елдостың жеке бапкері Ғалымжан Жылкелдиевтің де пікірін білген едік. «Олимпиада ойындары – ең бәсі жоғары жарыс. Мұндай рейтингте бірінші, екінші орында тұрған спортшылардың өзі психологиялық тұрғыдан дайындықтары дұрыс болмаса, додада алысқа шаба алмайды. Елдос Олимпиада ойындарына бірінші рет қатысып отыр. Бұл дода сонысымен де ерекше. Жақсы дайындалып бардық. Алтыннан үміттендік. Бұйырғаны күміс жүлде болды. Ақтық сынға шығар алдындағы демалысында уақыт аз болып қалды. Осы фактор да әсер етті. Енді бізді алда үлкен дайындықтар күтіп тұр. Алла қаласа, биік мақсаттарды бағындыруға күш саламыз», – дейді Ғалымжан Жылкелдиев шәкірті туралы толғанып. Тұңғыш Президент саябағында Елдос Сметовке құрмет көрсетілді. Айтыскер ақын Нұрлыбек Құрманов жырдан шашу шашқан шара барысында Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров Елдостың жеңісі елдің жеңісі екенін сөз етіп, батыр ұлдың және оның бапкерінің иығына зерлі шапан жапты. Бұдан соң облыстық ардагерлер кеңесі ұйымының төрағасы Еркінбек Солтыбаев ізгі тілегін жеткізіп, ақ батасын берді. Басқа да азаматтар ақ тілегін арнады. Туған елдің ықыласына қуаныштан жүзі бал-бұл жанған Елдос жұртшылыққа, жанкүйерлерге ризашылығын білдірді.

IMG_500++8-

Табиғат АБАИЛДАЕВ, IMG_508+++9«Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.