"АЛТЫН БЕЛГІ" ИЕГЕРЛЕРІ ҮШІН ДЕ АЛЫНБАЙТЫН АСУ БАР
"АЛТЫН БЕЛГІ" ИЕГЕРЛЕРІ ҮШІН ДЕ АЛЫНБАЙТЫН АСУ БАР
Мемлекеттік оқу грантына ие болу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары балл жинап, «Алтын белгі» иегері болу аз. Білім беру гранттарын беру жөніндегі республикалық комиссия жұмысының қорытындысымен танысқаннан кейін осылай ой түйдік. Жас талапкер еліміздің жоғары оқу орындарында шәкіртақы алып, тегін оқуды қаласа, алдымен мамандық таңдауда қателеспеуі керек екен. Себебі, биыл «Алтын белгі» иегерлерінің өзі білім беру грантынан қағылып отыр. Білім беру гранттарын беру жөніндегі республикалық комиссияның мәліметіне сүйенсек, биыл 2059 «Алтын белгі» иегері оқуын еліміздің жоғары оқу орындарында жалғастыруға ниет білдіріпті. Алайда, олардың басым көпшілігі бәсекелестік жоғары қаржы-экономикалық немесе әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы мамандықтарды таңдап, грантсыз қалған. Білім және ғылым министрлігінің Жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және халықаралық қатынастар департаменті директорының міндетін атқарушы Серік Өмірбаевтың айтуынша, «Алтын белгі» иегері болған 39 түлек қана грантсыз қалмаған, халықаралық олимпиадалардың сегіз жеңімпазы, халықаралық ғылыми жарыстардың 92 жүлдегері, түрлі шығармашылық және спорт жарыстарының 293 жеңімпазы да грантқа іліге алмаған. Биыл облыста 8561 мектеп бітірушінің 6015-і ҰБТ-ға қатысқаны белгілі. 130 түлек «Алтын белгі» иегері атанған. Халықаралық білім додаларында үздіктер қатарынан көрінген 64 жас дарын тестілеуге дейін-ақ мемлекеттік грант иегері атанып үлгерсе, 44 түлек «Білім туралы» Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес ҰБТ-дан босатылған еді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары осыны мәлімдеген. Әлемдік білім бәсекелерінде жүлдегер атанғандардың басым көпшілігі жаратылыстану бағытындағы пәндер бойынша қатысқан болатын. Сондықтан, оқу грантына іліге алмағандардың арасында жамбылдықтар жоқ деген үміт басым. Бола қалған күнде оларға жоғары оқу орындарының қаражаты есебінен тегін білім алу мүмкіндігі берілмек. Биыл мемлекеттік тапсырыстың негізінде 87 жоғары оқу орнына 31702 білім беру гранты бөлінді. Былтыр мемлекеттік грант 64 жоғары оқу орнына берілген болатын. Иә, «Алтын белгі» иегерлері үшін де алынбайтын асу бар екен. Қалай десек те, мамандық таңдауда мұқият болған абзал. Грантқа ие болмағандарға несие бар Мемлекеттік грантқа ие бола алмаған талапкерлер ақылы түрде оқу үшін мемлекеттің кепілдігімен Білім және ғылым министрлігі ведомствосына қарасты «Қаржы орталығы» АҚ арқылы кредит алуға мүмкіндіктері бар. Бұндай баламалы жүйе елімізде 2005 жылдан бері жұмыс істеуде. Несие алу үшін талапкерге қойылатын басты шарт – ҰБТ нәтижесі бойынша көрсеткіші 65 ұпайдан кем болмауы керек. Сондай-ақ, студент оқу барысында да үлгерімін төмендетпеуі тиіс, өйткені несие әр оқу семестрі сайын беріледі. Мемлекет кепілдігімен берілетін білім беру кредитінің әдеттегі тұтынушылық несиелерден немесе мемлекеттің қатысуынсыз берілетін кепілзатсыз кредиттерден айырмашылығы – пайызы нарықтық мөлшерлемеден 15 пайыздан төмен, кепілзатсыз несиелердің мөлшерлемесі 28 пайыз және одан да жоғары болатынында. Несие мерзімінің ұзақтығы – 12 жылға дейін.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».