Денсаулық

Жер ресурстарын пайдалануда

Жер ресурстарын пайдалануда

сыбайластыққа жол берілмеуі тиіс

Қазақстанның бүкіләлемдік қауымдастықтың белсенді мүшесіне айналуы – тәуелсіздік жылдарында жүргізіліп келе жатқан көп векторлы сындарлы сыртқы саясат пен ішкі тұрақтылықтың жемісі. Жалпы, ішкі ахуалға ел экономикасының өсімі тікелей әсер ететіні белгілі. Ал экономикалық жағдайды тұрақтандыру үшін инновацияны дамыту керек. Нарықтық кезеңнің басты талабы – бәсекеге қабілеттілік. Сыртқы және ішкі нарықты бағындырудың бір жолы – сапалы азық-түлік өнімдерін өндіру. Ал бұл өз кезегінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін туындататыны анық. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әрине, қолда бар жер қорын тиімді пайдалану және жер ресурстарын ғылыми негізде басқара білумен тікелей байланысты екендігі даусыз. Жер ресурстарын пайдалануда сыбайластыққа жол беруге болмайды. Қазақстан Республикасы Президентінің №1550 Жарлығымен қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның талаптары бұлжытпай орындалуы тиіс. Онда жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, олардың жолын кесу және ашу, олардың зардаптарын жою және кiнәлiлердi жауапқа тарту арқылы мемлекеттiк органдардың, мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын лауазымды және басқа да адамдардың сондай-ақ оларға теңестiрiлген адамдардың тиiмдi қызметiн қамтамасыз етуге бағытталған және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестiң негiзгi принциптерi айқындалған. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың түрлерi, сондай-ақ жауаптылықтың пайда болу жағдайлары көрсетілген. Заң билік басындағы лауазым иелерінің қызмет бабын жеке мақсаттарына пайдалануына, келеңсіз әрекеттеріне тосқауыл қояды. Мәселен, лауазым иесінің қызметтік міндетіне жатпайтын әрекеттер, мысалы, жеке тұлғаның немесе заңды тұлғаның, үшінші бір адамның пайдасына бағытталған іс-әрекеттерінің қылмыстық белгісі болмауы мүмкін. Дегенмен, оның келеңсіз қылығы әшкере болған жағдайда, ол заң негізінде жауап береді. Осыған қарап-ақ мемлекет мүддесіне, халықтың мемлекетке, заңдарымызға деген сеніміне нұқсан келтіретін лауазым иесінің теріс әрекеті жазасыз қалмайтынына көз жеткізуге болады. Сыбайлас жемқорлық азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына әкеп соғады. Сондықтан, мемлекетіміз қоғам дертіне қарсы ашық күрес жүргізуде. Аталған заңда барлық мемлекет қызметшілеріне және құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметтердің лауазымды адамдарына кәсіпкерлік қызметпен айналысуға, соның ішінде шаруашылық жүргізуші субъектілерді басқару органдарына, ақы төленетін қызметтер атқаруға тыйым салынатыны көрсетілген. Барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар үшін өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге міндетті. Облыстық жер қатынастары басқармасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін әрі Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексіне Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 2 қарашадағы «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №389-V Заңын түсіндіру мақсатында 373 елді мекенде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2015 – 2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» аясында Тараз қаласы және аудандарда «Сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алу жолдары» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткіздік. Бұл шараға облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, сәулет және қала құрылысы, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармаларының басшылары, аудандық және қалалық жер қатынастары бөлімдері басшылары, «ЖерҒӨО» РМК Жамбыл филиалының жеке құрамы қатысты. Қазақстан Республикасы Президентінің «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласын талдау және 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін түсіндіру мақсатында семинарлар ұйымдастырылды. Басқарма қызметкерлеріне құқықтық кеңес беруді көздеген шаралардың бірі «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» тақырыбында өткен «дөңгелек үстел» болды. Бұл ауқымы және қозғалған тақырыбына қарай маңызды басқосу екенін айта кету керек. Оған облыс прокуратурасының, Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің облыс бойынша департаментінің, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорация» КЕ АҚ облыстық филиалы – «Жер кадастры ҒӨО» департаментінің, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ облыстық филиалы – «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің, облыс әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту және мемлекеттік-құқықтық бөлімдерінің, Тараз қаласы және аудан әкімдіктерінің жер қатынастары бөлімдерінің басшылары мен мамандары шақырылды. Мамандар өз салаларында кездесетін келеңсіздіктерді тілге тиек етіп, оның алдын алу жолдарын талқылады. Сыбайластық әрекеттерінің алдын алу мақсатында қолға алынған шаралардың нәтижесінде алты айдың ішінде құқық бұзушылық пен сыбайлас жемқорлық көріністері орын алған жоқ. Бұған облыстық прокуратура, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті және облыс әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту бөлімі тараптарынан жүргізілген тексерулердің қорытындысы дәлел. Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында басқармаға жеке тұлғалардан – 50, заңды тұлғалардан 117 өтініш келіп түскен. Оларға қолданыстағы заң талаптарына сай жауаптар берілуде. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

Бақыт Сейдахметов, облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасы құқықтық бөлімінің бас маманы.