Денсаулық

ТАРАЗДА ТОҒЫЗ ҚАБАТТЫ ҮЙЛЕР БОЙ ТҮЗЕЙДІ

ТАРАЗДА ТОҒЫЗ ҚАБАТТЫ ҮЙЛЕР БОЙ ТҮЗЕЙДІ

Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 46-49 қадамдары құрылыс саласын реформалауға арналғаны мәлім. Өңірлік коммуникация қызметінде өткен дәстүрлі брифингте облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Асқар Рыспаев осы мәселе туралы кеңінен түсінік берді. 46-қадамда рұқсат алуды оңтайландыру, құрылысқа рұқсат алудың үш сатылы («30-20-10») қағидаты енгізілгенін еске салған басқарма басшысы оның әрқайсысына жеке-жеке тоқталды. Бірінші саты (30 күн) – сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру, Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 21 қаңтардағы №23 бұйрығымен бекітілген «Сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарттарына сәйкес, облыс әкімдігінің биылғы 31 наурыздағы №105 қаулысымен бекітілген регламенті әзірленіп, Тараз қаласы мен аудандық әкімдіктердің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімдері арқылы жүзеге асырылатынын еске салды. Техникалық және технологиялық жағынан күрделі емес жобалар бойынша өтініштерді қарау 14 жұмыс күнінде, ал күрделі жобаларды қарау 16 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылатын көрінеді. Ол жобаларға қандай құрылыс нысандары жататынын атап көрсетіп, Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 19 шілдедегі №325 бұйрығы негізінде қазіргі таңда аталған мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге өзгерістер енгізіліп, регламент әзірленіп жатқанынан да хабардар етті. Екінші саты (20 күн) – эскиз жобаны (дизайн-жобаны) мақұлдау Ұлттық экономика министрінің биылғы 17 наурыздағы №325 бұйрығы негізінде бекітілген стандартқа сәйкес, облыс әкімдігінің биылғы 27 сәуірдегі №155 қаулысымен бекітілген регламенті әзірленіп, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері тарапынан жүзеге асырылады. Өтінішті қарау, техникалық және технологоиялық жағынан күрделі емес, нысандардың эскизін (эскиздік жобасын) келісу мерзімі 15 жұмыс күнінен аспайтын көрінеді. Үшінші саты – рұқсаттың өзі нысан орналасқан жер бойынша жергілікті атқарушы органдардың шешімімен жүзеге асырылатынына назар аударған А.Рыспаев құрылыс салуға рұқсат беру мерзімі 10 күннің ішінде жүзеге асырылатынын атап көрсетті. Ол сонымен қатар, 47-қадамдағы «Жобалау-сметалық және жобалау құжаттарын сараптамадан өткізуге байланысты мемлекеттік монополиядан біртіндеп бас тарту», 48-қадамдағы «Құрылыстың сметалық құнын анықтаудың ресурстық әдісін енгізу» және 49-қадамдағы «Кеңестік кезеңнен бері қолданылып келе жатқан құрылыстың ескірген нормалары мен ережелерінің орнына еурокодтар енгізу» туралы да кеңінен түсінік берді. Журналистерді Тараз қаласында бес қабаттан жоғары биік зәулім ғимараттар мен тұрғын үйлер қашан көптеп салынатындығы, Жаңатас, Қаратау және Шу қалаларының алдағы уақытта сәулеті қандай бағытта өзгеретіндігі, алдағы жылы Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне алыс-жақын шетелдерден келетін туристер Таразға табан тірегенде қандай жәдігермен таныстырылатындығы мазалады. Басқарма басшысының жауабына қарағанда облыс орталығында тоғыз қабатты үйлер көптеп салынып, қала сәулеті ажарлана түсетін көрінеді. Жаңатас пен Қаратау қаласын «ЕуроХим-Удобрение» компаниясы көркейтіп, тоғыз жолдың торабындағы Шу қаласы да архитектураның соңғы жетістігімен ерекшеленеді. Алыс-жақын шетелдерден, қазақ елінің әр қиырынан келетін қонақтарға Таразда тамашалайтын бірінші орын «Көне Тараздағы» аспан асты мұражайы болса, сол тұстағы гүлзарлармен көмкерілген Қарахан кесенесінің маңы да қонақтар көзайымына айналатын көрінеді.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».