Денсаулық

Бар бақыттың темірқазығы

Бар бақыттың темірқазығы

Мемлекет деген жалғыз ауыз сөздің құдіреті мен қасиетін осы жерде туған және осы өлкеде өскен әрбір азаматтың жүрекпен сезінуі парыз. Бұл сөз – біздің қанымыз бен жанымыздың ажырамас бір құрамдас бөлігі. Қазақ жері, қазақ елі – ата-бабаларымыздың кейінгі ұрпақтарға қалдырып кеткен баға жетпес байлығы және асыл мұрасы. Еліміз ұзақ жылдар бойы қызыл империяның құрамында болып келді, тарихқа солай хатталды да. Енді, міне, тәуелсіздік дәуірі салтанат құрғалы өз тарихымызды өзіміз жазып, азат, егемен ел атанып, өткенімізді байыптап, саралап, ертеңімізге үлкен үмітпен қарайтын жағдайға жетіп отырмыз. Сондықтан да азаттық – біздің ең асыл бойтұмарымыз. Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келіп, орныға салған жоқ. Қазақ халқының небір қайтпас-қайсар, ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жұдырықтай түйілетін батырларының ерліктері бізге жыр-аңыз болып жетті. Елім, жерім деп ұрандап, жауға қарсы шауып, ұлан-ғайыр атырап үшін талай қазақтың баһадүрлері өз өмірлерін қиып, қанды шайқастарда қылыштың жүзінде, найзаның ұшында мертіккенін қарт тарих парақтарынан білеміз. Қиян-кескі ұрыстарда ұлт мұратын биік қойған алып тұлғаларымыздың ерлігі – біз үшін өшпес өнеге. Кешегі Кенесары, Исатай, Махамбеттер патшалық Ресейдің бодандық саясатына қасқайып қарсы тұра білді. Сан зұлматты өткерген еліміз ұлт-азаттық көтеріліске келгенде де тосылып қарап қалған жоқ. Бұл азаттық үшін өткен сан күрестің соңы емес еді. Ұлт-азаттық көтерілістер, Ұлы Отан соғысы мен Желтоқсан оқиғалары, соғыстың қатал сынағынан өткен жандардың жанқиярлық ерлігі арқасында, бүгінгі ұрпақ осындай тәуелсіз елде өмір сүру бақытына ие болды. Желтоқсан оқиғасы біздің жадымызда. Алматының алаңында «қасқалдақтай қаны, бозторғайдай жаны» бар жанкешті, жаужүрек жастар Қайрат және Ерболдай ерлеріміз бен Ләззат пен Сәбира сынды қайсар қарындастарымыз халқы үшін бастарын қатерге тіккенін ұмыту мүмкін емес. Қара түнек тар қапаста Қайрат бауырымыздың жазған өлеңдерін оқыған болсаңыздар, «Мен қазақпын» деген әрбір жастың жанына күш-қуат беріп, жігерін жанып, намысын қайрайтыны, патриоттық сезімін үстейтіні анық. Қандай да бір жақсылық пен бақыт қиындықпен, үздіксіз күреспен, сабыр мен төзімділікпен келсе керек. Біздің халық тарихын ғасырлар бойы жаспен де, таспен де жазып келеді. Бірақ, үміт жібін ешқашан үзбеді, қиындыққа қыңбай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып осындай азаттықтың арайлы таңына қол жеткізді. Тәуелсіздік бізді бүгін шексіз бақытқа бөлеп тұр. Біздің осыдан 25 жыл бұрын таңдаған жолымыз бүгінде даңғылға айналды. Тәуелсіздік сапары тәуекелді керек етеді, жол көлігі керек, жол серігі керек, жол азығы керек, алыс жолға тәуекел етер жүрек керек, тірек керек, жол бастайтын көсем керек. Біз тәуекел қайығына міндік, тәуелсіздік даңғылына түстік, 25 жылда-ақ кейбір елдер ғасырлар бойы өткен жолдан өттік. Мұны күллі әлем, жаһандық қауымдастық көріп, бағалап отыр. Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз кие. Дүниеде тәуелсіздікті, бостандықты, теңдікті аңсамайтын адам да, халық та жоқ. Біздің егемендігіміз бен тәуелсіздігіміз – тек бір буынның ғана жетістігі емес, барша ата-бабаларымыздың еткен еселі еңбегінің, төккен терінің өтемі. Жаугершілік дәуірлерде ұлы даланы көзінің қарашығындай қорғаштаған батырларымыздың бізге қалдырған ұлы мұрасы. Ендігі басты мұрат – қолымызға қиындықпен түскен тәуелсіздік туын биіктерден желбіретуге, еліміздің атын асқақтата түсуге ұмтылу. Елбасымызға тірек бола отырып, оның көреген саясатын қолдап, қуаттап отыруымыз шарт. Аз ғана жылдың ішінде ерке Есілдің бойына жаңа Астана салып, шырайлы шаһар тұрғыздық. Елдің бірлігі артып, берекесі кірді. Іргеміз тыныш. Тіршілігіміз бейбіт, күндеріміз нұрлы. Қазақта «бақыт» деген ұғым бар. Ол ұғымның жанама атауын тәуелсіз Отанымыз, бейбіт өміріміз деп түсінгеніміз абзал. Иә, мен үшін бақыттың темірқазығы – Тәуелсіз Қазақстан! Ендеше, бүгінгі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда аға ұрпақтың ерлік істерін жадымызда жаңғыртып, ата-бабамыздың көздің қарашығындай қорғап, ұрпағына аманат етіп қалдырған кең-байтақ жерімізді, ана тілімізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, аялап, қастерлей білу – біздің перзенттік парызымыз. Қазақ тілінің нағыз мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілуі, еліміздің дамыған елдермен терезесі тең болып, экономикалық тұрғыдан қарыштап өркендеуі, Орта Азия Барысына айналуы – біздің, бүгінгі аға буын мен жас ұрпақтың қолында! Бүгінгі таңда қазақ елі өнерге де, спортқа да, руханият саласына да көп көңіл бөлуде. Әдебиетіміз бен мәдениетіміздің қарыштап дамып, мемлекет тарапынан үлкен қолдау тауып отырғаны біздің көңілімізді әрдайым марқайтады. Өнерін құрметтеген елдің болашағы жарқын болары сөзсіз. Біз шет мемлекеттерге барған кезде әлем жұрты қазақтың халық әндеріне, қазақтың ғаламат күйлеріне тік тұрып қол соғады. Өйткені, олар үшін әрбір мемлекеттің төл өнері, ұлттық музыкасы жаңа бір әлем, жаңалық екені анық. Олай болмаса, өнердің әйгілі ордасына телінетін француздар, Париж халқы Әміренің даладай дарқан, кең даусына тік тұрып, қошемет білдірер ме еді? Қазақтың күйлерін елітіп тыңдар ма еді? Әрине, бұл – ұлттық музыканың құдіреті. Азаттық жылдарында жаңа арнаға түсіп, кең қолдау көрген төл өнеріміз өрлей берсін! Тәуелсіздік жасасын!

Аман Малдыбаев, күйші-композитор, «Құрмет» орденінің иегері.