Ауыр атлеттеріміз намысты қолдан бермейді
Ауыр атлеттеріміз намысты қолдан бермейді
Риода өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындары қазақстандық спортшылар үшін сәтті жалғасуда. Ауыр атлетика десе, алаш жұрты жүлде сыңғырын естігісі келіп тұратыны белгілі. Талай чемпиондардың томағасын сыпырған Қазақстанның зілтеміршілер сынында сыбағасы болуы шынымен де заңдылыққа айналып кетті. Зіл батпан болат темірді бойынан асыра көтеретін саңлақтарымыздың алды болып 62 келі салмақ дәрежесіндегі үмітіміз Фархад Харки мен 63 келі салмақтағы аруымыз Карина Горичева бәсекеге араласып, қос қола жүлдені қоржынымызға салды. 25 жасар Харки жұлқа көтеру сынында бірінші мүмкіндікте 135 келілік зілтемірді ырқына оңай көндіргенімен, екінші мәрте 140 келілік зілтемірді бойынан асырам деп аяғын ауыртып алды. Ұлттық құраманың бас бапкері спортшымен ақылдаса келе, оны үшінші мәрте алынбаған салмақты көтеруге шығарды. Алайда, үшінші рет 140 келілік батпан темірді жұлқа көтерген Харкидің әрекеті тағы да сәтсіз шықты. Бұл салмақтың көшбасшысы саналған қытайлық Чень Лицзюнь жарыс барысында ауыр жарақат алып, аламаннан шығып қалды. Қытайлық атлет додадан тыс қалған соң Харкидің жүлде алатын мүмкіндігі пайда болды. Десе де, бірінші жаттығуда 142 келілік зілтемірді еркін көтерген колумбиялық Оскар Фигиероа мен индонезиялық Эко Ли Ираван қазақстандық ауыр атлеттен ұзап кетті. Серпе көтеру сынында 170 келілік зілтемірге тапсырыс берген Фархад Харки бұл салмақты қиналмастан бағындырды. Нәтижесінде қоссайыс қорытындысы бойынша қазақстандық ауыр атлет 305 келі салмақпен үздік үштікке енді. Харкидің қоласынан кейін жарыс жолына шыққан 63 келі салмақтағы үмітіміз Карина Горичевадан да жүлде күткенбіз. Карина Горичева ел үмітін ақтады. Дегенмен, елішілік жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп жүрген Каринадан алтын медаль күткеніміз де жасырын емес. Жұлқа көтеру сынында алдымен 107 келілік зілтемірге тапсырыс берген Горичева зіл батпан темірді бойынан асыра алмады. Аталмыш салмақты қазақстандық ауыр атлет екінші мүмкіндікте бағындырды. Үшінші мәрте 111 келіге тапсырыс берген зілтемірші қызға ол салмақты көтеру қиынға соққан жоқ. Серпе көтеру сынында алдымен 132 келілік зілтемірді қиналмай көтерген Карина кейіннен 137 келіні еңсере алмады. Нәтижесінде қола жүлдеге қол жеткізген ол ел қоржынына төртінші медальды салды. Жүзу спортының шебері Дмитрий Баландин өзінің алғашқы Олимпиадасында екінші мәрте мықтылар сынға түсетін финалдық кезеңге жолдама алды. Брасс әдісі бойынша 200 метр қашықтықта сынға түскен ол төртінші орыннан көрініп, ақтық сынға шықты. Баландин бүгін финалдық кезеңде өнер көрсетті. Дзюдошылар сынында аруымыз Мариан Ордабаева бірінші белдесуінде қытайлық балуан қыз Ян Юнсяға иппонмен жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалды. Енді қазақ елі ауыр салмақтағы дзюдошы, әлем чемпионы Максим Раковтың жолына үмітпен қарайды. Боксшыларымыздың бәсі басым Қазақ жанкүйерлері кез-келген бәсірелі додада боксшыларына үлкен үмітпен қарайтыны мәлім. Әзірге 60 келі салмақтағы Берік Әбдірахманов аламанмен қош айтысты демесек, қалған боксшыларымыздың аяқ алысы көңілімізде қуаныш ұялатып тұр. Олимпиада ойындарында алғашқы жекпе-жегін өткізген 49 келі салмақ дәрежесіндегі боксшы Біржан Жақып сенімді түрде жеңіске жетті. Әйткенмен, кездесу оңайға соққан жоқ. Жарысты екінші кезеңнен бастаған Біржан намибиялық Маттиас Хамуньеломен қолғап түйістірді. Қаша жүріп ұрыс салатын намибиялық былғары қолғап шебері Біржанға ыңғайсыз қарсылас болғанымен, Біржан Жақыптың жойқын соққылары нысанаға дөп тиіп жатты. Біржанның басымдылығын төрешілер бір ауыздан мойындады. Жекпе-жек аяқталған соң тілшілермен тілдескен Біржан Жақып: «Бірінші кездесуде бір орнында байыз тауып тұра алмайтын қиын қарсыласқа тап болдым. Жекпе-жек қиынға соқты. Бәлкім, бірінші шайқас болған соң жарыстың ритміне әлі ене қоймаған болармын. Бойымдағы бар күшімді екінші жекпе-жекте көрсетемін», – деп өз ойын білдірді. Рио төріндегі алғашқы жеңістеріне 75 келі салмақ дәрежесінде бақ сынайтын Жәнібек Әлімханұлы мен 91 келі салмақтағы алыбымыз Василий Левит те қол жеткізді. Ағылшын боксшысы Энтони Фаулермен қолғап түйістірген Жәнібек қарсыласын екінші раундта нокдаунға жіберді. Үш раундты да жоғары деңгейде өткізген Жәнібектің жарқын жеңісі қазақстандық жанкүйерлерді ғана емес, шетелдік комментаторларды да тәнті етті. Мәселен, бокс бәсекесін тікелей эфирде таратқан ресейлік «Боец» телеарнасының комментаторлары «2013 жылғы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы кез-келген боксшы үшін үлкен қауіп тудыратыны анық. Ол бүгін өте керемет бокс көрсетті. Бәсекелестік жоғары 75 келі салмақта Әлімханұлы чемпион болып жатса, таңғалудың қажеті жоқ. Ол шын мәнінде де, өз ісінің хас шебері» деп жылы пікірлерін білдіріп жатты. Жарысты екінші кезеңнен бастаған Василий Левит өзінің шын мәнінде мықты боксшы екенін кезекті мәрте дәлелдей білді. 91 келіде біздің елдің боксшысы Олимпиада ойындарына тұңғыш рет қатысып жатқан соң, бұл салмақтағы спортшымыз қандай нәтиже көрсетеді деген сұрақ бізді мазалайтыны рас. Левит сол сұраққа өз мәнерінде жауап берді. Қытайлық Ю Венгкаймен қолғап түйістірген Вася қарсыласына бокс әліппесін үйреткендей әсер қалдырды. Салған жерден шабуылға иек артқан қазақстандық боксшының тікелей, қапталдата бағыттаған соққылары қытайлық боксшыны тығырыққа тіреді. Бірінші раундты аман аяқтаған қытайлық боксшы екінші кезеңде абдырап қалды. Левиттің сериялық соққылары оны есеңгіретіп жіберді. Қос қолмен бағытталған тікелей соққылардан кейін ринг еденіне сұлап түскен ол гонг үні естілгенше әупірімдеп жүріп шыдады. Алайда оны бапкерлері үшінші раунқа жібермей, арашалап қалды. Осылайша Біржан Жақып пен Василий Левит ширек финалға жолдама алды. Газеттің осы нөмірі баспаға жіберілген сәтте 49 келідегі Біржан Жақып пен 91 келідегі үмітіміз Василий Левит ширек финалдық жекпе-жектерін өткізсе, ауыр атлеттер Жазира Жаппарқұл мен Нижат Рахимовтар да жарыс жолына шықты. Толығырақ газетіміздің келесі санында хабарлаймыз.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».