Денсаулық

Ирандықтар бірлесіп жұмыс жүргізуге ниетті

Ирандықтар бірлесіп жұмыс жүргізуге ниетті

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Иран Ислам Республикасынан келген инвесторларды қабылдап, еркін сұхбат құрды. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке және бірқатар басқарма басшылары қатысты. Өңір басшысы сөзінің басында шетелдіктерге облыс туралы жан-жақты мәлімет берді. – Құрметті қонақтар, сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Елімізге, оның ішінде Жамбыл өңіріне қош келдіңіздер. Сіздерге ең алдымен облыс туралы мағлұмат беріп өтейін. Біздің облыс еліміздің онтүстігінде орналасқан. Облыс аумағы 144,2 мың шаршы метрді құрайды. Өңірде 1 миллион 100 мың халық тұрады. Облыс негізінен ауыл шаруашылығы және өндіріспен айналысады. Атап айтсақ, бидай, арпа, жүгері, мақсары, қызылша және бау-бақша өсіруге ден қойғанбыз. Әсіресе, кейінгі кездері қызылша өсірудің маңызы артуда. Қазіргі таңда облысымызда екі ірі қант зауыты жұмыс жасайды. Оларды шикізатпен толықтай қамту – бүгінгі күндегі басты мәселелеріміздің бірі. Кеңес кезеңінде облысымыздағы барлық аудан жаппай қызылша егумен айналысып, аталған зауыттарға қажетті шикізат мөлшерін жеткізіп отыратын. Алайда, ол жұмыстар кейінгі жылдары айтарлықтай бәсеңдеп, қант қызылшасымен айналысушылардың саны күрт кеміп кетті. Бұл тұрғыдағы жұмыстарды қазір қайта қолға алудамыз. Бүгінгі таңда облысқа керекті қант құрағы мұхиттың арғы бетіндегі Куба мемлекетінен тасымалдануда. Ал біз сол өнімді өзімізде өндірсек, әлдеқайда тиімдірек болар еді. Сондай-ақ, тағы бір айта кететін жайт, интенсивті алма бағын өсіруді қолға алудамыз. Меркі ауданында осы тұрғыдағы жұмыстармен айналысуға ирандықтар ниет білдіріп, мән-жаймен танысып кеткен болатын. Осы және өзге де мәселелер бойынша бірлесе жұмыс жасауға ынталымыз. Сонымен қатар, биылғы жылы жауын-шашынның мол түсуіне байланысты, егініміз бітік шықты. Әр гектардан 23 центнер өнім алып жатырмыз. Сол дәнді дақылдарымызды өздеріңізбен бірлесе отырып, сіздердің елдеріңізге экспорттасақ дейміз, – деді Кәрім Көкірекбаев. Сонымен қатар, Кәрім Нәсбекұлы осыдан 3-4 жыл бұрын ирандықтар облысымыздан ет бағытындағы қойларды сатып әкетіп тұрғанын айтып, алдағы уақытта сол орайда жұмыстарды қайта жандандырып, сұраныс болса, ет экспорттауға ниетті екендігін жеткізді. Ол ғана емес, өңіріміздегі химия саласы бойынша атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға да тоқталған облыс басшысы шетелдіктерге облыстың барлық өнеркәсіп орындарымен танысып шығуды ұсынды. Бұдан соң сөз алған Иран Ислам Республикасынан келген топтың жетекшісі, Жұмысшылар партиясының төрағасы Камали Хоссейн ізгі ниетпен қарсы алған жамбылдықтарға алғыс айтып, ыстық ықыласын білдірді. – Құрметті әкім мырза және жамбылдықтар, бұйыртса, осы іссапарымыз алдағы ауқымды әрі игілікті бірлескен жұмыстарымыздың бастауы болады деп үміттенеміз. Ол жұмыстар екі елге де тиімді, екі тарапқа да пайдалы болады деп ойлаймыз. Біздің мақсатымыз – Қазақстанда бірнеше сала бойынша жұмыстар жүргізу десек, оның негізгісі өзіңіз айтып отырған егіншілік саласы екенін атап өткеніміз жөн. Біз кешелі бері Жамбыл және Меркі аудандарында болып қайттық. Сіздердің облыстарыңыз мал, балық, егіншілік шаруашылығымен айналысуға өте қолайлы екенін байқадық. Меркі ауданында табиғи, таза және минералды су шығаруға, жол бойында қаптап өскен дәрілік өсімдіктерден өнім өндіруге болатынын көрдік. Табиғи жолмен өсіп тұрған шикізаттардан өнім өндірсек, сіздер үшін өте пайдалы болар еді. Өзіңіз, айтып отырған көкөністерді өсіруге, оларды өңдеуге де мүдделіміз. Бұл ретте үлкен жылыжай салу ойымызда бар. Ол жылыжайдың көлемін Алматыдағы ірі жылыжайлардың аумағынан да асырып түсірсек дейміз. Ол арқылы елдің басқа облыстарына және көршілес Қытай, Ресей, Қырғызстан елдеріне өнім экспорттауға болар еді. Қызылша өсіруді де қолға алатын боламыз. Құрылыс саласы, яғни тұрғын үй салуға да көмектесуге қауқарымыз жетеді. Тағы бір байқағанымыз, бұл облыста туризм саласын жандандыруға барлық қажеттіліктер бар екен. Тек жүйелі жұмыстар жасап, әлемдік деңгейде жарнама жүргізуге ықпал ету керек. Ол арқылы мемлекетке де пайда келтіруге болады. Егер сіздердің тараптарыңыздан келісім болса, осы жұмыстарды қолға алсақ дейміз, – дей келе, Камали Хоссейн мырза бұл тұрғыда Қазақстан тарапынан өздеріне 250 мың гектардай жер қажет екенін жеткізді. «Бұл жер мемлекет тарапынан сатылмайды, жалға да берілмейтінін білеміз. Тек біраз уақытқа аманат ретінде берер болсаңыздар, біз игі істерімізді жүзеге асырып, кейіннен ол аумақты елге қайтарар едік немесе келісімшарт арқылы жұмысымызды жалғастыратын боламыз», – деген шетелдік топ жетекшісі Иранға Қазақстаннан ет керектігін, бұл орайда үлкен ет зауытын салуға ынталы екендіктерін білдірді. – Әлбетте, біздер бірлесіп атқаратын жұмыстар екі жаққа да тиімді болуы шарт. Жер мәселесіне келер болсақ, егер қант қызылшасын өсіреміз десеңіздер онда 40-50 мың гектар жерді дайындауға болады. Ал қалған шаруалар бойынша пысықтау, зерделеу жұмыстарын жүргізу керек. Мүмкіндік болса тағы төрт-бес күн облысымызда болып, басқа да аудандарды аралап, өз жобаларыңызды нақтылап алыңыздар. Содан кейін тағы бір жолығып, ортақ мәмілеге келеміз деп ойлаймын, – деген Кәрім Нәсбекұлы қонақтарды екі мың жылдық тарихы бар Тараздың көрнекті жерлерін аралауға шақырды. Кездесу соңында қонақтар өздерінің сый-сияпаттарын табыстап, естелік суретке түсті.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».