Денсаулық

Техникасы бардың тірлігі өнімді

Техникасы бардың тірлігі өнімді

Байзақтық Бөгенбай Битабаров басқаратын «Достық-99» шаруа қожалығы тұрақты жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Бұл шаруашылықтағы жұмыстың нәтижесі биыл да жаман емес. Қожалық былтыр күзде 212 гектар алқапқа күздік бидай, биыл көктемде 440 гектарға жаздық арпа еккен екен. 50 гектар жоңышқасы және бар. Бидайдың әр гектарынан 35 центнерден, арпаның әр гектарынан 24 центнерден өнім жинаған ұжым басшысының көңілі көтеріңкі. Бидайды дер кезінде қамбаға құйып алыпты. Арпаның да жиын-теріні аяқталып келеді. Шаруашылық 16 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, маусымдық жұмыстар кезінде тағы отыз адамды еңбекке араластырып отыр. Серіктестікте 30-дан астам бірлік техника бар. Мүйізді ірі қара саны жүзден асса, мұнда жылқы мен түйені де өсіру жақсы жолға қойылған. Бұл шаруашылық 2014 жылы мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алып, 80 бас мүйізді ірі қара, 4 бас асыл тұқымды бұқа сатып алған. Қожалықтағы мал шаруашылығын басқаратын Ермек Ізтілеуов – нағыз істің адамы. Сиыршы Қуаныш Мұқашев, жылқышы Жеңіс Ақылбеков төрт түлік өсірудің шеберлері болса, Бағдат Әлиева, Нағимаш Смағұлова, Нұрғали Жүнісов қырманда еңбек көрігін қыздыруда. Әсіресе, комбайыншы Александр Черкашин мен Андрей Вовненконың жұмысы көңілден шығады. Тәжірибелі комбайншылар Нұрсайын Сейітқазы, Әлібек Ерболатұлы секілді жастарды жұмыстың қыр-сырына баулып жүр. Бөгенбай Битабаров ет бағытындағы ірі қара малын өсіруде. Келешекте сүт бағытындағы ірі қара малын өсіруді, асыл тұқымды қойларды көбейтуді жоспарлайды. Мұнда механизаторлар 80 мың теңге жалақы алады. Ал комбайншылар 50 күнде 800 мың теңге еңбекақы алып, мол табысқа кенелуде. Әрине, комбайн жүргізудің бейнеті де көп екені белгілі. Оны нағыз төзімді, еңбекке қажымайтын, техниканы жетік меңгерген кісі ғана орнынан қозғалта алады. «Достық-99» шаруашылығында 4 комбайн бар. Ал керісінше, көршілес ауылдардағы бірқатар шаруашылықтарда бір комбайн да жоқ екен. Көпшілігі Битабаровтың комбайнына тәуелді. Үш жыл бұрын жаңа комбайнды 16 миллион теңгеге сатып алған екен. Түркиядан 8 миллион 200 мың теңгеге алқапты тегістейтін техника алдырыпты. Құдай қаласа, келесі жылы қызылша егуге бел байлап отыр. Битабаров – Қазақстан Фермерлер одағы аудандық филиалының төрағасы. Біз Фермерлер одағының шаруа қожалықтарға қандай көмегі бар екенін сұрадық. – Биыл қызылша сеппегенімнің себебі бар. Қандай егістік те жердің тегіс болуын қалайды. Әсіресе, қызылшаны тұтас, жақсы суару үшін алқаптың ойлы-қырлы жері болмауы тиіс. Сондықтан, Түркиядан арнайы қондырғы алып отырмыз. Ал енді Фермерлер одағынан көптеген қолдау күтетініміз анық. Елбасымыз мемлекеттік емес мекемелердің жұмысын дамытуға да баса көңіл бөліп отырғаны белгілі. Біздің аудандық филиал бірнеше шаруа қожалықтардың басын қосып, ауыл шаруашылығын дамытуға қажетті мәселелер жөнінде кеңестер өткіздік. Шаруа қожалықтар қандай қолдау болғанда дамитынын сараладық. Мәселен, ауыл шаруашылығы үшін арнайы «Агробанк» ашылуы тиіс. Сол банктен шаруашылықтарға 2-3 пайызбен ұзақ мерзімге, мәселен 20 жылға несиелер берілсе, қожалықтар біраз жұмыстарын жолға қоятын еді. Міне, осындай ұсыныстарды саралап, республикалық одаққа жолдап отырмыз, – дейді Бөгенбай Битабаров. IMG_1555

Есет Досалы, «Ақ жол».

Байзақ ауданы.