Спорт және туризм

Галбадрах қоржынымызға қола жүлдені салды

Галбадрах қоржынымызға қола жүлдені салды

Жалпы алғанда, жарыстың алғашқы күні дзюдошыларымыз үшін табысқа толы болды. Елдос Сметов ақтық сынға шығып, елі үшін алғашқы жүлдеге қол жеткізген соң 48 келі салмақ дәрежесіндегі үмітіміз Отгонцэцэг Галбадрах қола жүлдені қоржынымызға салды. Ол бірінші белдесуінде Гвиней-Бисау спортшысы Тасиана Лиманы жарыс жолынан шығарды. Шынын айту керек, бұл белдесу қазақстандық спортшы үшін оңайға соққан жоқ. Вазари ұпайымен жеңіліп жатқан Отгонцецег жеңіске деген жігерінің арқасында қарсыласынан басым түсті. Әдемі әдістері арқылы өзінің мықтылығын көрсетті. Алайда, Галбадрах ширек финалда жапондық ару Ами Кондоға жол берді. Соңғы секундтарда ғана жапондық дзюдошы жеңісті жұлып алды. Десе де, жұбаныш кездесулерінде венгр қызы Эва Черновицкиді иппонға түсіріп, таза жеңіске қол жеткізе білді. Ал қола жүлде үшін таласта кубалық Местре Альваресті де таза ұтты. Отгонцецег Галбадрах бұл белдесуде екі бірдей шидомен жеңіліп жатқанына қарамастан, кубалық қызды бойынан асырып тастап, жеңіс тойын тойлады. Жанкүйер біткеннің жүйкесіне ши жүгіртіп барып, қолаға қол жеткізген Галбадрахқа шын риза болдық. Осылайша Отгонцэцэг дзюдодан әйелдер арасында Қазақстан құрамасына алғашқы Олимпиада жүлдесін тарту етті. Бұған дейін жапон күресінен қазақ қыздары Олимпиада ойындарында жүлде алып көрмеген. Қазақстандық дзюдошы сол олқылықтың орнын толтыра білді. Бұл салмақта 30 жастағы аргентиналық Паоле Парето чемпион атанды. Ол финалда оңтүстіккореялық спортшы Чон Бо Гённен айласын асырды.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

"Ақ жол".