Рио-де-Жанейрода Несіп Жүнісбаев Халықаралық спорт журналистері қауымдастығының (AIPS) арнайы марапатына ие болды
Рио-де-Жанейрода Несіп Жүнісбаев Халықаралық спорт журналистері қауымдастығының (AIPS) арнайы марапатына ие болды
Бүгін Рио-де-Жанейро қаласында спорт журналисі, жазушы, спорт шебері, жоғары ұлттық дәрежедегі төреші, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбаев Халықаралық спорт журналистері қауымдастығының (AIPS) арнайы марапатына ие болды. Бұл туралы Рио олимпиадасында жүрген ҚазАқпарат тілшісі хабарлады. Бүгін Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындары аясында Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы (AIPS) он және одан да көп Олимпиада ойындарына барып, төртжылдық додаларды насихаттауда сүбелі еңбек сіңірген бірқатар елдердің спорт тілшілерін марапаттады. Оның ішінде 10 Олимпиаданың көзін көрген, атақты Сейдахмет Бердіқұловтың төл шәкірті Несіп Жүнісбаев та болды. Әлем спорт журналистерініңбұл салтанатына аттары аңызға айналған спортшылар шақырылыпты. Лауреат журналистердісолар марапаттады. Олар - Олимпиада ойындарының 400 метрге жүгіруден 5 дүркінчемпионы, әлемнің бірнеше дүркін рекордшысы, америкалық аңыз желаяқ МайклДжонсон, Бразилия футболының аңыз ойыншысы, команда капитаны, әлем чемпионыКафу, оңтүстікафрикалық гольф шебері Гарри Плайер, ұлыбританиялық даңқтывелотрекші Виктория Пендлетон, сонымен қатар, қысқы Олимпиадаларда Монаконың туын үш рет ұстапшыққан Монаконың принці Альберт II және өзгелер бар. Жиынға мұндай атақты адамдардың шақырылуысалтанатты кештің маңызын ерекше көтерді. Марапаттау рәсімінен кейін Несіп Жүнісбаев қазақ тілшілеріне бұл сыйлықтың маңызы туралы айтып берді. "Бұл спорт журналистеріне деген үлкен құрмет! Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы (AIPS) осымен екінші рет тілшілерді осындай ірі марапатпен қуантып жатыр. Біріншісі Лондон Олимпиадасында өткен. Екінші рет міне, өздеріңіз көріп отырғандай Рио-де-Жанейро қаласында, тағы да Олимпиада аясында ұйымдастырылып жатыр. Бұл Олимпиадада жеңімпаз спортшыларды қалай құрметтесе, спорт тілшілерін де солай құрметтеумен тең", - деп атап өтті Несіп Жүнісбаев. Сондай-ақ, қазақ тарихында спорт журналистерінен мұндай құрметке осыған дейін ешкім болмағанын да атап өтті. "Бүгінгі маған көрсетілген құрмет осыған дейін қазақ тарихында болған жоқ. Міне, бірінші рет марапатталып жатырмыз. Бұл менің ғана емес, қазақ елінің, қазақ спорт журналистикасының жетістігі. Аз-көп болсын, 10 олимпиаданың көзін көрдім. Барған сайын ертеңгі ұрпақ үшін Олимпиададағы жарқын жетістіктеріміз туралы кітаптар жаздым. Бұл да болса еңбегімнің өтеуі", - деді Жүнісбаев. Спорт тілшілерін марапаттау барысында сыйлықтарды әлемнің ең үздік танымал спортшылары табыс етті. Несіп Жүнісбайұлы 1950 жылы 10 желтоқсанда Талдықорған облысы Қаратал ауданы, Көпбірлік ауылында дүниеге келген. Спорт журналисі, жазушы, спорт шебері, жоғары ұлттық дәрежедегі төреші, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1968 жылы Кеңес Одағы армиясының қатарына алынып, КСРО Қарулы Күштерінде қызмет етеді. Негізгі қызметін республикалық "Лениншіл жас" газетінде бастап, осы газеттің спорт және әскери-патриоттық тәрбие бөлімін басқарды, газеттің редакция алқасының мүшесі, кәсіподақ, комсомол, партия ұйымдарының хатшысы болды. 1991 жылы қаңтар айында республикалық "Спорт" газетіне бас редактор болып тағайындалады. Республикалық "Спорт" газетін 2014 жылға дейін, яғни зейнетке шыққанша басқарды. Сондай-ақ, ҚР спорт комитетінің алқа мүшесі болып сайланды. Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, басқарма мүшесі. Халықаралық спорт журналистері қауымдастығының (AIPS) мүшесі. Сонымен бірге Азия спорт журналистері Одағының (ASPU) Атқару комитетінің мүшесі (1994-2006 жж.). Азия Олимпиадалық Кеңесінің (ОСА) баспасөз комитетінің мүшесі болған тұңғыш әрі жалғыз журналист. Азия спорт баспасөзі Одағы президентінің кеңесшісі. Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығын құрушы және тұңғыш президенті (1992 - 2013 жж.). Республикамызда таза қазақ балаларынан ғана тұратын "Намыс" кәсіпқой футбол клубын құрушы және президенті (1991 - 1996 жж.). Қазақстан тоғызқұмалақ федерациясының тұңғыш президенті (1991 ж.)
Спорт шебері, жоғары ұлттық дәрежедегі төреші, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы. Тоғызқұмалақтан республикамыздың вице-чемпионы, Республикалық ұлттық спартакиаданың чемпионы, командалық есепте республика чемпиондары болған Алматы қаласы командасының бас бапкері болған. Ақпарат көзі: ҚазАқпарат