Даладағы... тамұқ
Даладағы... тамұқ
Егер ашаршылық болмағанда қазір қазақ халқының саны 45-50 миллион болатын еді
ХХ ғасыр – қазақ халқы үшін қасіреті мол ғасыр болды. Осы кезеңде әлемнің түрлі елдерінде 170 миллион адам қырылып-жойылған. Солардың 110 миллионы немесе үштен екісі, коммунистік бағдардағы елдердің үлесіне келеді. Әйтсе де ел басына түскен небір зұлматтардың ішінде орны толмас өкініш, қаралы кезең, 1931-1933 жылдардағы ашаршылық нәубеті бәрінен де асып түскені сөзсіз. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы ашаршылық – Қазақстан тарихындағы ең қорқынышты беттердің бірі болды.
2012 жылы 1931-1933 жылдардағы алапат ашаршылыққа 80 жыл толды. Осы тарихи құбылысқа қатысты еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Егер ашаршылық болмағанда қазір қазақ халқының саны 45-50 миллион болатын еді» – деп мәлімдеді. Ақиқатында да ел санасына терең қаяу салған 30 жылдардағы нәубеттің кеңес дәуірінде бірден-бір жабық тақырып болғаны белгілі. Аштықтың қасіреті көшпенді жұртты қынадай қырды. Қазақ этносының әлеуеті шайқалды. Сол кездегі қазақ зиялыларының мәліметтері бойынша, ашаршылық апаты Алтайдан Маңғыстауға дейінгі қазақ даласын түгел қамтыған екен (Президент мұрағаты беттерінен). Тәуелсіздік жылдары жарияланған деректер кеңестік биліктің 1920-1930 жылдары аралығында қазақтардың 4-4,5 миллион адамынан айырылғандығын айғақтайды.
Мәселен, 1897 жылы Ресей империясында алғаш рет халық санағы жүргізілген. Санақ нәтижесінде қазақтардың саны – 4 миллион 84 мың адам деп көрсетілген. Бұл көрсеткіш 1911 жылғы санақта 8 миллионның үстіне шықты. Ал 1939 жылғы санақта қазақтың саны небәрі 2 миллион 300 мыңды құраған. Яғни, халқымыздың саны 1911 жылдан кейін 28 жылда өсудің орнына күрт азайғаны көрініп тұр. Бұл Кеңестік дәуірдегі әкімшіл-әміршіл жүйенің қолтаңбасы екендігі анық. Әрине, ол жылдары ашаршылық тек бізде ғана болған жоқ. Ол Украинада, Солтүстік Кавказда, Еділ бойының кей жерлерінде халықты қырғынға ұшыратты. Бірақ солардың ішінде аз ғана қазақ халқының жартысына жуығының қырылып қалуы бұл қасіретті көлемі жағынан да, нәубеттен орны толмас зардап шеккен ұлт ретінде де ХХ ғасырдағы әлем тарихынан орын алған осындай апаттардың ең зардаптысы. Тарихта болған 1921-22, 1931-33 жылдардағы нәубеттен, асыра сілтеушіліктен қазақтардың үштен бір бөлігі ғана қалды. Тарихта бұл «Голощекиндік геноцид» деп аталып, осы құбылыс қазақтардың сан жағынан өсуін бірнеше жылдарға дейін қатты тежеп тастады». Кейбір қазақ басшылары индустрияландыру саясатына байланысты сырттан жөн-жосықсыз адам күшін лек-легімен әкелуге қарсы тұрып, жұмысшы күшін жергілікті жерде дайындау мәселесін ұсынды. Олар республикадан тысқары жерлерден қоныс аударуды доғару қажет деген мәселені де айтты. Бұл сол кезде Қазақ Орталық Атқару Комитетінің жер мәселесіне байланысты қабылданған декретінен де көрініс тапқан еді. Бірақ, өлкелік партия ұйымына басшылыққа келген Ф. Голощекиннің тұсында Т. Рысқұлов, С. Сәдуақасов, С. Қожанов, Н. Нұрмақов сияқты басшылар әртүрлі сылтаулармен Қазақстаннан шеттетілді. 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы Қазақстан Республикасының Заңы шықты, ал 1997 жылы 31 мамыр Елбасының Жарлығына байланысты ресми түрде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Сталиндік қуғын-сүргін жылдарында бүкіл елде 53 лагерь мен қоныс аудару мекендері болған. Оның ішінде Қазақстанда ГУЛАГ-тың (Еңбекпен түзеу лагерьлері мен жер аударылғандар қоныстарының және қамау орындарының Бас басқармасы) 11 лагері орналасқан. Олар: Алжир, Карлаг, Дальний, Степной, Песчаный, Қамыслаг, Ақтөбе, Жезқазған, Петропавл, Кеңгір және Өскемен лагерлері. Біртұтас ГУЛАГ архипелагы құрамындағы ең ірі жазалау орны – Қарағанды еңбекпен түзеу лагері (Қарлаг). Ол – кезінде Қазақстанның орталығында солтүстігі мен оңтүстігіне дейін 300 шақырым, шығысынан батысына шейін 200 шақырым ұлан-ғайыр жерді алып жатқан. Осы Қарағанды лагерінің ауқымы Францияның жер көлемімен теңеседі. Азаптау құралының күштілігі жағынан Қарлаг – «Даладағы тамұқ» деген атқа ие болған. Мұнда 1932 жылдың басында 22 мың адам болған. Оның 87 пайызы қазақтар болғаны тарихи деректерден белгілі. Ал, 1931-1956 жылдар арасында Қарлагтағы тұтқындар 1,5 миллион адамға жеткен. Қарлагтың айрықша бөлімшелерінің бірі – АЛЖИР – «Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмоладағы лагері» деген ұғымды білдіреді. АЛЖИР лагері КСРО-дағы әйелдер қамалған жалғыз азаптау орны болды. Мұнда 30 мыңдай әйел жазасын өтеді. Олардың қатарында С. Сейфуллин, Б. Майлин, Ж. Шанин, С. Асфендияров, Т. Жүргенов, Н. Нұрмақов, С. Сармолдаев, С. Есқараев және басқа белгілі қайраткер-лердің жарлары болды. Сонымен қатар, Қарағандыдан 35 шақырым жердегі Долинка елді мекенінде жазаланған аналардың 4 жасқа дейінгі балаларын тәрбиелейтін балалар үйі жұмыс жасаған. Осында азапты күнде көз жұмған сәбилердің қорымы орналасқан. Бұл жерде қанша сәбидің қырылғаны туралы нақты дерек жоқ. Дегенмен, 1943 жылдың өзінде ғана «450 бала бір мезгілде өкпе қабынуынан қырылып қалған» деген мәлімет сақталған. Қызыл «қырғын» кезінде Мұхамеджан Тынышпаев сияқты қазақ халқының бетке ұстар қаймақтарының 105 мыңы осы Сталиндік репрессияға ұшырап, оның 22 мыңы жазықсыздан жазықсыз атылып кетті. Қазақ жерінде домалақ арыздар мен сыбырлап сөйлесу етек алды. Шолақ белсенділердің дәурені жүріп жатты. Кеңес өкіметі жылдарында жекелеген партия, кеңес, комсомол қызметкерлері ғана емес, тұтас халықтар – сенімсіз де сатқын ұлттар қатарына жатқызылып, тарихи ата-мекенінен күштеп жер аударылған болатын. Мәселен Қазақстанға 1936-1957 жылдар аралығында 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың кәріс, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері жер аударылды. Қырым татарлары, түріктер, гректер қалмақтар мен басқалар да өз еркімен келген жоқ. Барлығы 1,5 миллион адам еріксіз депортацияланды. Көпұлтты Қазақстанның ұзақ жылдар бойғы қалыптасу тарихында республикаға қандай жағдайда болсын, саяси жер аудару, депортация және басқа да үдерістердің шырмауына іліккендерді қазақ халқы оң қабақ танытып, жақсы қарсы алды. Олардың жерсініп кетуіне үлес қосып, ортақ Отаны етті. Бүгінгі таңда қазақ жері 130-дан астам ұлт пен ұлыстардың мәдениетін біріктіріп отыр. Бұл қазақ халқының қиын-қыстау кезеңіндегі кеңпейілділігі. 1925 жылы қазақ өлкесін басқаруға Ф.И.Голощекин келді. Голощекин деген кім? Сталиннің бұйрығымен Николай ІІ патшаның отбасын бірін қалдырмай Царское селосында бір түнде қырып салғаны шала сауатты, тіс технигі, кейіннен революционер болып шыға келді. Ол елді индустрияландыру және ұжымдастыру саясатын тездетті. Оған Сталиннің 1928 жылы 15 қаңтарда Сібірге сапарында Барнаул, Красноярск, Омбы қалаларында өткізген «Шығыс кеңесі» түрткі болды. Ондағы астық дағдарысын жою үшін астық дайындаудағы асыра сілтеушілік басталды. Отырықшыландыру мен жаппай ұжымдастырудың ауыр қорытындысы 1931-1932 жылдары бүкіл елді жайлаған аштыққа ұласты. Зерттеу деректеріне сүйенсек, ауылшаруашылығындағы қуғындау саясаты Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінің 1928 жылдың 27 тамызындағы «Бай шаруашылықтарын кәмпескелеу туралы» қаулысынан басталады. Осы қаулы негізінде 700-ге жуық ірі бай шаруашылықтары тәркіленіп, олардың иелері ит жеккенге жер аударылды. Ірі қараға шаққанда 400-ден аса малы барлар тәркіленуге жатты. Осы саясат елді колхоздастыру кезінде одан әрі жалғасып, қуғындауға орта шаруалар мен ауқаттылар да ұшырады. Тәркіленгендер саны ресми мәліметтерде 696 болып көрсетілгенімен, оның саны іс жүзінде бұдан едәуір көп болды. 1929 жылдың екінші жартысынан бастап жеделдете және үркітіп-қорқыту арқылы өктем саясатпен жүргізілген ұжымдастыру науқаны нәтижесінде 1931 жылдың күзінде республикада 70-тен 100 пайызға дейін ұжымдасу қамтылған 78 аудан болды. Ұжымдық шаруашылыққа кіргісі келмеген кедейлер мен орташалар зиянкестер немесе кулактардың құйыршықтары қатарына жатқызылып және Қазақстаннан тыс жерлерге жер аударумен қорқытылып, әртүрлі азаптаулар қолданылды. Конституцияға жат бұндай әрекеттерді негізінен алғанда ауылдың шолақ белсенділері мен қараңғы, шала сауатты «революция ісіне шын берілген адамдар» жасады. Асығыс жүргізілген отырықшыландыру мен ұжымдастыру кезінде тұрақты баспаналар мен мал қоралар және жемшөп жетіспеді. Қыс айларында жүздеген киіз үйлерден көшелер жасап, оған кеңес өкіметінің «көреген басшыларының» есімдерін беру жаппай сипат алды. Жемшөпсіз бір жерге шоғырланған мал қырыла бастады. Ұжымдастыру барысында көптеген адамдар өздерінің адал малын ортақ қазынаға салғаннан гөрі сойып тастағанды жөн көрді. Осы жылдары бүкіл КСРО көлемінде туындаған ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ету жөніндегі қиыншылықтарға байланысты ет пен астыққа салық мөлшері де бірнеше есе өсті. Салық жинау зорлық-зомбылықпен, күштеп тартып алумен қатар жүргізілді. Тіпті, қыс айларында қосымша жүн салығы енгізіліп қой қырқымы жүргізілді, осының нәтижесінде мыңдаған қойлар суықтан қырғынға ұшырады. 1932 жылы 1928 жылғы 6 миллион 509 мың ірі қараның 965 мыңы, 18 миллион 566 мың қойдың 1 миллион 386 мыңы, 3 миллион 616 мың жылқының 710 мыңы, миллионнан астам түйенің 63 мыңы ғана қалды, сөйтіп ұжымдастырудан кейін мал басы 4,5 миллионға қысқарып кетті. Осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған адамдардың есімдерін мәңгі ұмытпай, оларды әрқашан есте сақтау, өткенге салауат етіп, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек мән беріп, ұғыну – бүгінгі ұрпақ парызы.
Дария Қожамжарова, тарих ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, ТарМПИ-дың ректоры.
Тараз қаласы.