Денсаулық

Қазақстанда «Дарын» мемлекеттiк жастар сыйлығына конкурс жарияланды

Қазақстанда «Дарын» мемлекеттiк жастар сыйлығына конкурс жарияланды

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі 2016 жылғы 12 қыркүйек және 14 қазан аралығында «Дарын» мемлекеттiк жастар сыйлығына конкурс жариялайды.

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы жемiстi ғылыми, шығармашылық және қоғамдық қызметi үшін дарынды жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында екі жылда бір рет номинациялар бойынша берiледi, деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметінен. Өтінімдер қабылдау аяқталған кезде 29 жасқа толмаған, халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдер мен көрмелердің лауреаттары болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ қызметі инновациялық болып табылатын және тиісті сала мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал ететін кандидаттар сыйлық алуға үміткер болады. Әр жылдарда «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына Серік Сәпиев, Илья Ильин, Ольга Шишигина, Арын Орсариев, Мейрам Бегентаев, Ғалым Ахмедьяров, Сара Тоқтамысова, Махат Садық, Ринат Кертаев, Дихан Қамзабекұлы, Досымжан Таңатаров, Айгүл Иманбаева сияқты белгілі талантты тұлғалар, «Муз АРТ», «Жігіттер», «Ұлытау» топтары ие болды. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы мынадай номинациялар бойынша беріледі (саны 10): ғылым, әдебиет, журналистика, спорт, халық шығармашылығы, дизайн және бейнелеу өнері, эстрада, театр және кино, классикалық музыка, қоғамдық қызмет. Сыйлық бір уақытта бірнеше ізденушіге берілуі мүмкін, бұл жағдайда оның ақшалай бөлігі олардың арасында тең бөлінеді. Сыйлықты қайта беруге жол берілмейді. Бiр кандидатураны бiр номинациядан артық сыйлық алуға ұсынуға болмайды. Сыйлық авторлар ұжымына берiлсе, оның ақшалай бөлiгi олардың мүшелері арасында тең бөлiнедi. Орталық, жергiлiктi және өзге де мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген өзге де заңды тұлғалар уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды: қолдаухат пен сыйлық алуға ізденушінің жетістіктері туралы анықтаманы қағаз және электрондық түрде жібереді. Комиссияның спектакльдердi, кино және телефильмдердi, көрмелердi қарауын, концерттiк бағдарламалар мен музыкалық шығармаларды тыңдауын, ізденушінің қызметімен танысуын ұйымдастыру ұсынушы ұйымдарға жүктеледi. Сыйлық беру туралы шешім Қазақстан Республикасының Үкіметі оны қабылдаған кезден бастап күшіне енеді. Сыйлықтар салтанатты жағдайда тапсырылады, марапаттау рәсiмi Қазақстан Республикасының Тәуелсiздiк Күнiне орайластырылады. Сыйлық алған адамдарға «Дарын» мемлекеттiк жастар сыйлығының лауреаты» атағы берiледі, диплом, омырауға тағатын белгi және ақшалай сыйлық табыс етiледi Ізденушілердің жоғарыда аталған құжаттары 2016 жылғы 12 қыркүйек - 14 қазан аралығында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жастар саясаты департаментіне мына мекен-жай бойынша қабылданады: 010000, Астана қ., Орынбор көшесі 8, Министрліктер үйі (11 кіреберіс), 240 каб. тел. 74-22-70, 74-22-90, daryn2016mon@mail.ru.  

Ақпарат көзі: ҚазАқпарат