Денсаулық

Азаттық – қазаққа қонған ғажап-құт

Азаттық – қазаққа қонған ғажап-құт

Әсілінде адамзат атаулының көкейінде елінің ертеңі атойлап тұрары хақ. Қалай десек те, өткенге үңілмей, бүгініңді, ертеңіңді бағдарлай, саралай, сараптай алмасың тағы да анық. Атырау-Алтай арасын жалғап жатқан алып сахараны, иен дала, құла дүзді маңдайына күрескерлік тағдыр мөрленіп жазылған бабаларымыздың ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, ұрпақтан-ұрпаққа есен-сау жеткізіп отырғаны әмбеге аян. Ықылым заманның өзінде елдің арайлы келешегін, бағдарлы болашағын ойлаған бабаларымыздың ұстанымы «Бір қолдың саласындай, бір атаның баласындай» болуға сайғаны тағы бар. Әлбетте, тәуелсіздік, еркіндік, азаттық ұғымдары туралы сөз бола қалғанда өмірлері эпостық жырға айналып кеткен батырларымызды айтамыз, ұлы даланы көзінің қарашығындай қорыған хандарымыз бен билерімізге тоқталарымыз анық. Қасым ханның қасқа жолы мен Есім ханның ескі жолы алаш баласының асқақ арманын аласартпады, рухын өр, тәнін бекем етті. Қай заманда да «ешкімге соқтығыспай жәй жатқан» қазақ халқының ірі тұлғалары қарсы келген жаумен арпалысқаны да шындық. Оған дәлел «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіреттері. Сол қанды қақтығыстардың, трагедиялардың бәрі де келешек ұрпақтың қамы үшін жасалған тәуекелдер. Ал «Тәуекел түбі – жел қайық» екенін терең түйсінетін бүгінгі ұрпақ азаттық жайлы әңгіме болған кезде алдымен бабалар рухына тағзым етері сөзсіз. Талай зұлматты жылдарды бастан өткерген алаш жұрты тәуелсіздік жолында жанын құрбан еткен, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қаһармандарын қаперден шығармасы мәлім. Қылышынан қан бүркіген қызыл империяның лас саясаты жанарында жасын ойнақтаған Қайрат Рысқұлбеков секілді ұлтына, еліне, айналып келгенде қаракөз қарындастарына қорған бола алатын текті ұлдардың қанатын қайырып, мертіктіргені қалай ғана сана төрінен өшсін? Тәу етер тәуелсіздік туралы ой толғай қалсақ, Қайрат сынды батырларды тілге тиек етуіміз де заңдылық қой. Тарих тегершігіне салып, таразылап қарасақ, 25 жыл, әрине, аз ғана уақыт. Ширек ғасыр дегеніңіз қылшылдаған жас жігіттің бұла күші бойына сыймай тұрған кез ғой. Десе де, осы бір жиырма бес жыл қазақ елі, алаш даласы үшін ғасырға бергісіз екені тағы мәлім. Соқтықпалы-соқпақты сүрлеулерді бастан кешіріп, «тар жол, тайғақ кешу» жолдарды еңсерген қазақ елі алаш зиялыларының асқақ арманына қол жеткізді. Мемлекеттік рәміздеріміз айқындалды. Ширек ғасыр бедерінде мемлекетіміздің аспан түстес көк туы көк жүзін сан мәрте тілгілеп, көкте желбіреді. Мемлекетіміздің ұстынына айналған Ата Заңымыз бекіді. Ең бастысы... Ең бастысы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен Қараөткел тұсында іргесі қаланған ежелгі Ақмола жері тәуелсіз Қазақстанның Астанасына айналды. Әлбетте, сол бір өтпелі кезеңде елорданы ауыстыру туралы шешімге «біртүрлі» қарап, сенімсіздік танытқандардың да қарасы байқалды. Олардың дені «Еліміздің әлеуметтік жағдайы түзелмей жатып, Астана ауыстыру өте қиын. Алматы елорда болып қала берсе жөн еді» дегенді алға тартты. Алайда, елдің еңселі болашағын ойлаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кесімді шешімінің дұрыс екенін айқындай білді. Астана – бүгінгі таңда еліміздің мақтанышы, Еуразия жүрегіндегі армандар тоғысқан ару қалаға айналды. Есілдің бойына ел қондырған Елбасының төл туындысы Астана Қазақстанның әлем алдындағы бренді (бейнесі) десек те болады. Астана еліміздің бағаналы ордасы, басты ордасы мәртебесін иеленген жылдар ішінде қарқынды түрде дамыды. Дәстүрлі діндер көшбасшыларының құрылтайы бірнеше мәрте Арқа төсіндегі гүл қалада өтті. Көптеген айтулы оқиғалардың тұсауы елордамызда кесілді. Талай ақындар мен композиторлардың шабытын шарықтатқан арман қалаға жүздеген шығармалар, әндер арналды. Дәулеті тасқан қазақ елінің елордасы руханияттың алтын қазығына айналып келеді. Әлем елдері ренессанс дәуірінде атағы алысқа кеткен опера Отаны Италияны біледі. Миландағы «Ла Скала» театры аңызға айналғаны да аян. Сол бекзат өнердің өрісін кеңейту мақсатында Қазақстанның бас қаласында «Астана опера» опера және балет театрының бой көтеруі – дегдар өнерге деген құрметтің белгісі. Астана спорттық орталыққа да айналды. Мұнда бой көтерген «Сарыарқа» велотрегі, «Дәулет» спорт кешені, «Астана-Арена» стадионы сөзіміздің айғағы бола алады. Отыз мыңға жете-қабыл «Астана-Арена» футбол стадионының төбесі қажет кезінде жабылатын құрылғымен қамтылған. Мұндай стадиондар төрткіл дүниенің «сен тұр, мен атайын» елдерінде ғана бер екенін пайымдасақ, Қазақстан да атағы алысқа кеткен мемлекеттермен иық тірестіруге ниетті екенін байқай түсеміз. 97 метр биіктікпен бой көтерген «Бәйтерегі» көкке ұмтылған Астана – тәуелсіздік жылдарында Тәңірдің қазаққа тарту еткен үлкен сыйы. Біз Астанамен мақтанамыз! Айтып-айтпай не керек, егемендік алған жиырма бес жылдың бедеріндегі ең айтулы оқиғалардың бірі әрі бірегейі – Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының кең көлемде аталып өтілуі болды. Керей мен Жәнібек хандар іргесін қалаған Қазақ хандығының айтулы тойы 2000 жылдан астам тарихы бар Тараз топырағында тойлануы да жүрегімізде мақтаныш сезімін маздатқаны анық. Бұл тарихқа, өткенімізге жасалған тағзым еді. Қазақтың төл тарихы тым тереңде жатқанын айқындаған айтулы мереке, ұлы оқиға Тараз төрінде үлкен табыспен өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен қолға алынған шараның лайықты деңгейде өтуіне облыс жұртшылығы бір кісідей атсалысты. Басқа тойлардан бөлек бұл тойдың мәнін жете түсінген еліміздің барлық облыстары бір кісідей жұмылып, Тараз топырағында қолтаңбаларын қалдырғаны көңілге демеу болды. Әр облыс пен Алматы, Астана қалалары шамаларынша атсалысып, Тараз қаласы сәулетінде өздерінің архитектуралық шешімдерін қалдырып кетті. Мұның өзі қазақ елі бірлігінің, берекелі тірлігінің қай дәрежеде екеніне өлшем бола алады. Әр ел өзінің жетістігімен мақтанатыны ақиқат. Тәуелсіздік жылдарында Қазақ елі әлеуметтік салада болсын, спортта болсын, руханиятта болсын толайым табыстарға қол жеткізгеніне ешкімнің таласы жоқ. Уақыт зымыран секілді. Жүйткіп өте шығады. Ал тәуелсіздік тағылымы ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берері сөзсіз. Қазақ үшін, Қазақстан мемлекеті үшін ең ұлы байлық – тәуелсіздік. Сан ғасырлар бойы бабаларымыздың асыл арманына, биік мұратына қол жеткізген азат елдің бүгінгі ұрпағы шын мәнінде де бақытты екені рас. Ұлы даланың ұлағатты ұрпағы осы бір асыл байлығын, егемендігін көзінің қарашығындай қорғауы тиіс.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,  «Ақ жол».