Денсаулық

ОРМАН МЕН ДАЛАНЫ ЖАЛЫН ШАРПЫМАСЫН

ОРМАН МЕН ДАЛАНЫ ЖАЛЫН ШАРПЫМАСЫН

Өрттің тигізетін залалы аса ауыр. «Тілсіз жаудан» адам өмірі де қиылып жатады. Материалдық шығыны миллиондап емес, миллиардтаған теңгемен өлшенетін алапат өрттер де кездеседі. Қалада, ауылдарда адамдардың бейқамсыздығынан, қасақана от қоюдан, басқа да түрлі жағдайлардан тұтанып жататын от-жалындарға өртке қарсы қызмет жауынгерлері дер кезінде жетіп, орны толмас ауыр қайғының, өлшеусіз шығынның алдын алады. Ал орман мен далада шығатын өртті ауыздықтау оңай емес. Дегенмен, сырт өңірлер де тиісті құрылымдардың бақылауында. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бастығы Мақсат Акимбаевтан алған мәліметке қарағанда облыстық төтенше жағдайлар департаменті, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы және аудан әкімдерімен бірлесіп, орманды-далалық алқаптарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мақсатты жұмыстар атқарып жатқан көрінеді. Облыс әкімімен мемлекеттік орман қорларының аумағында және олармен шекаралас орналасқан ауылдық мекендердің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен алдын алу мен ескерту іс-шараларының жоспары бекітілген. Осы жоспарға сәйкес биылғы 25-28 сәуір аралығында барлық аудандарда орман өрт командаларын, ауылдық округтердің ерікті өрт сөндіру жасақтарын, өртке қарсы қызмет бөлімшелерін және басқа да ынталы құрылымдарды қатыстыра отырып, шартты орман және дала өрттерін сөндіруге бағытталған бірлескен 14 өрт-тактикалық оқу-жаттығу шаралары өткізілген. Облыс әкімдігінің 2016 жылғы 11 сәуірдегі «2016 жылдың өрт қауіпті маусымында Жамбыл облысы аумағында өрттердің алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар жоспары» қаулысымен бекітілген талаптарды орындау мақсатында да бірқатар шаралар атқарылған. Ауылдық аймақтарда 2368 адамнан құралған 271 ерікті өрт сөндіруші құрылымдар ұйымдастырылған. Облыс тарапынан «тілсіз жаудың» алдын алуда және ауыздықтауда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Тіпті, өрт қауіпсіздігін әуеден де бақылауға мүмкіндік бар. Бұқаралық ақпарат құралдарында өрттің алдын алу туралы үгіт-насихат жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Билборд, басқа да сақтандыру көрнекіліктері орнатылған. Алайда, М.Акимбаев кейбір өңірлерде өртке қарсы құрылымдардың «тілсіз жауды» сөндіруге арналған тиісті техникамен және құрал-жабдықтармен жабдықталу деңгейі әлі де төмен екенін айтты. Мәселен, Талас, Жамбыл, Қордай және Мойынқұм аудандарында ерікті өртке қарсы құрылымдарды жауынгерлік киіммен, байланыс құралдарымен жабдықтау жұмыстары мүлде жүргізілмеген. Ал Мойынқұм, Жуалы және Сарысу аудандарында өртті сөндіруге арнаған бейімделген техниканың саны өте аз, шамамен әр ауылда бір ғана техникадан бар. Ол бұзылып қалған жағдайда дала өртін сөндіру мүмкін емес. Талас, Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Шу, Мойынқұм және Жуалы аудандарындағы ерікті өртке қарсы құрылымдар аспалы өрт сөндіргіштермен жабдықталмаған. Байзақ, Меркі, Талас, Шу, Мойынқұм және Сарысу аудандарында өрт мотопомпасымен қамтамасыз етілмеген. Биыл облыс бойынша далалы алқаптарда 157 гектар жерді қамтыған 30 жану оқиғасы тіркелсе, оның 24 гектар алқапты шарпыған 6-ауы Шу ауданында орын алыпты. Жамбыл ауданында 10 гектар алқапта 5 рет, Байзақта 14 гектар 5, Қордайда 56 гектар 4, Мойынқұмда 9 гектар 3, Жуалыда 7 гектар 2, Таласта 22 гектар 2, Т.Рысқұловта 12 гектарда 2 рет от-жалын бұрқ еткен. Тіпті, облыс орталығында да 3 гектар алқапта бір рет жану оқиғасы тіркелген. Әйтеуір, даладағы «тілсіз жау» мемлекеттік өртке қарсы қызмет, ерікті азаматтардан жасақталған құрылымдар арқылы дер кезінде сөндіріліпті. Орман қоры аумағында 31,5 гектар алқапты қамтыған 2 өрт оқиғасы орын алған, абырой болғанда, шығын жоқ. Жуалы ауданы, Шақпақата ауылдық округіне қарасты Тәттібай ауылы манында шабындық және шоңышқалық алқап өртенген. Биыл көктен ылғалдың мол түсуінен шабындық алқаптарда, сай-сала, арық-атыздарда табиғи шөп мол шықты. Қыс қамын жазда ойлаған шаруа қауымы осы табиғат сыйына шалғы тартып, мал азығының қамын жасауда. Бірақ, ауылдардағы үйлердің маңындағы шөп жинайтын орындар жиі өртенуде. Бұл да алаңдатарлық жағдай. «Өрт – тілсіз жау», одан сақтану үшін әрбір азаматтың аса қырағылығы қажет. Өртке қарсы шараларды қай жерде болсын мінсіз орындағанда ғана орны толмас өкініш орын алмайды, ешкім бақытсыздыққа ұшырамайды, қайғы-қасіреттен аман болады.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».