- Advertisement -

Жеке детектив жауапкершілігі қандай?

284

- Advertisement -

 

Детективті шығарма – шытырман оқиғалы қылмыстың әдеби қалыпқа түскен түрі. Ал жазушы онда қылмыс құпияларын логикалық пайымдаулар арқылы ашуға күш салады. Басты кейіпкер ретінде із кесуші заң қызметкері немесе тыңшы, барлаушылар мен қылмыс әлемінің «серкелері» таңдалады. Шиеленіскен оқиғалар арқылы екі жақтың ашық та астыртын кақтығыстарынан соң қылмыс әшкереленеді. Жеке детективтердің жарқын бейнелерін тудырғандар американ жазушысы Эдгар Аллан По («Алтын қоңыз», «Мария Роженің сыры», «Ұрланған хат»), ағылшын жазушысы Уильям Уилки Коллинз («Ақ киімді әйел», «Киелі тас»). Әлемге әйгілі Шерлок Холмсты кейіпкер еткен Артур Конан Дойл шығармашылығы детективтер болмысын жаңа белеске көтерді.

Соңғы кезде біздің елде де жеке детектив туралы айтыла бастады. Біз тақырыпқа қалам тартпай тұрып облыстық ІІБ баспасөз хатшысына хабарласып, «Тараз қаласында детектив агенттігі бар ма?» деп сұрағанымызда, күткен жауабымызды ала алмадық. Содан интернетті «қопарып» жатып Алматыда тіркелген детективтердің бес-алтауына хабарластық. Ақырында кеңсесі Астана қаласында орналасқан «Aibalta» тыңшылық агенттігінен бір «Шерлок Холмс» табылды. Қолдан келгенше Дулатпен (жасырын аты) әңгімелестік. Тапсырмамен іссапарда жүретін тыңшыны «қолға түсіру» де оңайға соқпады.

– Қоғамдық тәртіпті қадағалау – полицияның міндеті. Детектив – кәсіптің бір түрі. Тәуелсіз қазақ елінде ең алғаш жеке агенттік ашып, тапсырыс берушіге ақылы түрде қызмет көрсеткен тыңшы бар ма?
– Ең алғашқы агенттік Алматы қаласында ашылған болатын. Ал Астана қаласында тұңғыш рет 2006 жылы «Aibalta» деген агенттік ашып, қызметімізге мұқтаждарға ақылы түрде қызмет көрсеткен мен боламын.
– Детектив болуға қандай адам лайықты? Оның бойында қандай қасиеттер болуы керек?
– Қазақстан Республикасының азаматы құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге дағдыланған болса, кәсіби қабілеті жетіп тұрса сол детектив болуға лайықты.
– Оқырманға түсінікті болу үшін детектив қызметі мен полиция қызметінің ара-жігіне тоқталсаңыз.
– Детектив тапсырыстың құпия әрі жедел ашылуына барын салады. Содан кейін детектив ашқан ісін сотқа жолдамайды, сараптаманың қорытындысын тапсырыс берушіге өткізеді. Ал учаскелік полицейлер мен криминалистер болған оқиғалармен жұмыс істейді. Күніне қаншама заң бұзушылық орын алып жатыр? Оған үлгеру, үлгермеу деген мәселе бар.
– Детективтің құқықтары мен міндеттері қандай?
– Құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен реттеледі.
– Детектив жинаған айғақтарын сараптайтын арнайы орталық бар ма? Саусақ таңбасы, шаш үлгісі, қан талдамасын қалай анықтайсыздар?
– «Шерлок Холмстар» – криминалдық полиция мінез дактилоскопиясымен жұмыс істеуге әбден машықтанған адамдар. Біз оқиға болған жерден қылмыс үстiнде қолданылған немесе айғақты заттардың іздерін жинау барысында оларды талдап қорытынды шығарамыз. Мысалы, ұрлық отбасында болған, бірақ ата-аналар полицияға барғысы келмейді. Біз барлық отбасы мүшелерінен саусақ таңбасын (сейф, есік тұтқасы, шкаф) аламыз. Айғақты қылмыс орнынан іздеу керек. Ал клиентке жиналған материалдарды салыстырып, тексеріп, қорытындысы шыққаннан кейін барып береміз. Отбасында болған жағдайды қолға алғанда мүлде қателесуге болмайды.
– Оқиға орнында куәгерлер суреттеп берген күдіктіні полиция тапқан соң оны бөлімшеге апарып тергеуге құқылы. Сіздер күдіктілермен қалай жұмыс істейсіздер? Заңды түрде не рұқсат етілген, неге тыйым салынған?
– Бұл сұраққа жауап бере алмаймын.
– Тілшінің құралы: фотоаппарат пен дыбыс жазатын диктофон. Полицияның құралы: кісен мен тапанша. Детективтің құралы не?
– Біздің құралымыз – сақтық, салқынқандылық.
– Қоғамдық тәртіпті сақтау құзыры полицияға жүктелген. Қызметі де тегін. Сөйте тұра сіздерге де тапсырыс берушілер баршылық. Азаматтар неге ақылы қызметке жүгінеді? Детективтердің қызметі қаншалықты маңызды?
– Басына іс түскен адам полицияға хабарласқан кезде жәбірленуші уақытын жоғалтады. Ал тыңшылар алған ісіне дереу кірісіп, жұмыс істеуді бастайды.
– Тыңшылық жалғыз жортатын «қасқырдың» жұмысы ма әлде топтық жұмыс па?
– Тыңшылық жалғыз жортатын «қасқырдың» жұмысы деп есептеймін.
– Оқиға ізін зерттеп жүріп үлкен іске тірелсеңіздер, ары қарай іс жүргізуге кедергілер тап болып, материалдық, кадрлық шамаларыңыз жетпесе, оны ІІБ хабарлауға міндеттісіздер ме? Әлде бұл кәсіби құпия болып жабулы қазан күйінде қала ма?
– Міндеттімін. ІІБ хабарлауға тиіспін.
– Сіздер тапсырыс алсаңыздар, алыс және жақын шетелдерге де шыға береді екенсіздер. Әр елдің заңы басқа. Қарама-қайшылық туындамай ма? Кәсіби тыңшы болғандықтан, сіздер баратын елдің заңын білесіздер деп ойлаймын. Салыстырмалы түрде айтыңызшы, біздің қолданыстағы заңымыз пісіп жетілген бе?
– Бұл сұраққа жауап бере алмаймын.
– Шетелде жүріп Х қатысты анықтаманы ресми сұрастырғанда қандай қиыншылықтар туындайды? Көрші елдердің тыңшы агенттерімен байланыста жұмыс жасайсыздар ма?
– Әдетте сол елдің детективі арқылы қажетті ақпаратты алуға болады.
– Заңда детектив болу үшін жасы отыз беске толған, арнаулы органдардың жедел немесе тергеу бөлімшелерінде он бес жыл еңбек өтілі болған азамат лицензия ала алады деп көрсетілген. Осы салада «оң қол» етіп алу үшін білікті кадр тапшылығы сезіле ме?
– Біздің ортада ең мықты кәсіби мамандар жұмыс жасайды. Детектив «органның» жілік майын шаққан, әр сатыдан өткен, қылмыскер психологиясын «жатқа» білетін, қылмыскер құсап ойлана алатын маманға ғана ортамыздан орын табылады.
– Қызмет барысында қару қолдануға рұқсат бар ма?
– Жоқ. Қару колдануға болмайды.
– Сіздердің жұмыстарыңызды бақылайтын орган бар ма? Кімге есеп бересіздер?
– Бұл сұрағыңызға да жауап бере алмаймын.
– Басыңыздан өткен қызық оқиғамен бөліссеңіз.
– Детективтің өмірі кинодағыдай шытырманға толы емес. Сырт көзге «қаһарман» болып көрінуіміз мүмкін. Ал біз үшін тапсырма – бар болғаны жұмыс. Көркем әдебиеттегі детективтік жанр – ол өз алдына бір бөлек әлем. Әдебиетте оқиға автордың көркемдеуімен шиеленісіп отырады. Ал өмірде бәрі шынайы факторға келіп тіреледі.
– Тапсырыс берушінің сеніміне кіру үшін қандай кепіл бересіздер? Сіздің агенттігіңізді басқа агенттікпен салыстырғанда несімен ерекшеленеді?
– Мақсатымыз клиенттен ақшалай сыйақы алу ғана емес. Клиент мүддесін қорғау бірінші кезекте тұрады. Тапсырыс беруші орындалған жұмысқа қанағаттанса, біз де марқайып қаламыз.
– Интернетте елімізде кәсіби тыңшылар әлі қалыптаспаған деген сыңар езу пікірлер кездеседі. Өзіңіз тыңшы ретінде осы уақытқа дейін қандай тапсырыспен жұмыс істеп үлгердіңіз?
– Біздің жұмысымыз Х тұлғамен құпия түрде жүргізіледі… Ашылған істе басымдылық жеке тұлға бойынша ақпарат жинау, биографиялық мәлімет суыртпақтау, із-түссіз жоғалған адамды іздестіру, жасырынып жүрген борышкерді табу, қарыз алып бой тасалаған Х мекен-жайын анықтау, алаяқтықты әшкере ету. Отбасылық кикілжіңдер (көзге шөп салу, бала-шағаның бос уақытын қалай өткізуін сырттай бақылау, нашақорлыққа әуес пе әлде тәрбиелі ортада жүр ме?). Іске қатысты Х суретке түсіру, белгілеген нүктені (1-3 сағат) сырттай торуылдау. Бизнестегі сатқын серіктесті анықтау. Құпияны сыртқа тасушы жайлы нақты факт жинау.
– Әңгімеңізге рахмет.

541986_36097865++95609_1748806958_nҚанат Тілепберген,
«Ақ жол».

570a66f1a6c0c_.png.d990++87956669b5cfed11480ff8a606a1hqde++faultТараз – Астана – Тараз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support