ТАБИҒАТ БЕРГЕН БАЙЛЫҚ
ТАБИҒАТ БЕРГЕН БАЙЛЫҚ
Қызыләуіттің асыл тасы Асықбек ақсақалмен ара-тұра жолығысып қаламын. Көпті көрген кісі ғой. Жасы тоқсанға таяса да, еңсесі тік, жүрісі ширақ, сөзі келісті. Бір жолы қаладан Қызыләуітке, өзінің туып-өскен ауылына, қара шаңырағына кетіп бара жатқанында бетпе-бет ұшырасып қалдым. «У-шуы мол қалаңа үйрене алмай-ақ қойдым. Пәтер үйде өкпем қысылып, тынысым тарылып, ауа жетпегендей тыпырлап қаламын», – деді Асекең мұның мәнісін түсіндіріп. Өткенді еске алып, мәре-сәре болдық та қалдық. Қария әңгіме арасында Қызыләуітте мол қоры бары анықталған сирек кездесетін асыл тасқа ұқсас халцедон жайын қаузай кетті. Біз елең ете қалдық. Айтып отырса, ауылының жұмыссыз жастары құрылыс үшін таптырмас осынау қызыл тастардың өзін сатып, түгесуге айналған. «Шіркін, Қызыләуіттің тау-тасы, ойы-қыраты, өзен-суы байлыққа тұнып тұр-ау! Соны сәтімен игерер азамат табылса, қанеки», – деп қамықты қария. Сөйтсек, халцедоныңыз Халкедон деген қаланың атымен байланысты шыққан атау екен. Мәрмәр теңізінің жағалауларында көп кездесетін бұл тасты ең алғаш кәдеге жаратқан ежелгі гректер көрінеді. Бразилия, Үндістан, Мадагаскар, Уругвай, Шотландия елдерінде, Ресейдің қиыр шығысында, ал біздің елімізде әзірге осы Қызыләуітте ғана бар екен. Кеңестік кезеңде Грузиядан, Өзбекстаннан келіп, осы Үшбұлақтың маңайынан халцедонның мол қорын тауып, оны қазып алып, артып алып кеткендер де болыпты. Ол кезде мұндай асыл тастың қадірін біліппіз бе? Көздің жауын алатын көк, қызыл, жасыл, сары түсті моншақтар, сағат баулары, белдемшелер, сақинаның, сырғаның көздері сол халцедоннан жасалады екен. Сөйткен халцедонның қадіріне жеткен кім бар дегенде, кезінде аудандық электр жүйесін басқарған Есбөкен Көлбайұлы еске түседі. Іскер, білімді азамат еді. Облыс басшыларының алдына барып: «Баға жетпес байлығымызды тонап, әкетуге неге жол бересіздер? Одан да халцедонды өзіміз өңдеп, әшекейлі қолөнер бұйымдарын шығармаймыз ба?» – деп, мәселені төтесінен қойған ғой! Тоқсаныншы жылдардағы қиындықтарға қарамастан, осы кәсіппен айналысуға бел буып, асыл тас өңдейтін құрылғылар алдыртып, іске әне-міне, кірісемін деп жүргенінде, дүниеден озып кетті. Асекең де содан бері арада ондаған жылдар өтсе де, халцедон кенін игеруге ілуде бір азаматтың тәуекел ете алмай отырғанын қынжыла сөз етіп: «Жалпы кәсіпшілікті аудандағы ауылдардың жер жағдайы мен жерасты байлығына қарай ыңғайластыруымыз керек. Таластың жері қазынаға бай, батыры көп деп құр мақтанғаннан қолда бар байлығымыздың қадіріне жетіп, оны ұқсата білу әлдеқайда артық-ау», – деп қалды. Асықбек ақсақалдың айтатынындай бар. Қаратау қаласынан он-он бес шақырым жердегі Күйген көлдің қара балшығы жел-құзға бірден-бір ем екенін айтады ел. Көктал өзенінің бойынан ана бір жылы минералды су шығып, оны кәсіпкер С.Мақұлбеков игеріп, біраз жұмыс жасағаны есте. Бәрінен бұрын Ащыкөлдің тұзын айтсаңызшы! Кемерінде фосфор кенінің де мол қоры жатыр... Қарашеңгелдің «қаратікен» тұзы Жергілікті жұрттың кеңес өкіметі орнамай тұрып-ақ Қарашеңгел бойынан тұз дайындап, оны кіре тартып Тәшкенге дейін апарып пұлдап, сауда-саттық жасағаны тарихтан белгілі. Өткен ғасырдың сексенінші-тоқсаныншы жылдарында Сарысу ауданының «Түгіскен», Талас ауданының Ильич атындағы кеңшарлары екі жақтап жүріп, тұз кәсіпшілігін жолға қойғаны да есте. Тұз кенінің басшысы болып ол кезде Асықбек Жампозовтың біраз жыл тер төгуіне тура келген-ді. Қыстың көзі қырауда тұз кәсіпшілігінің жұмысымен танысу үшін арнайы іссапармен Қарашеңгелге жолым түскені де бар. Түйенің өркешіндей жал-жал болып үйілген аппақ тұз таулары әлі күнге дейін көз алдымда. Сол жолы Асекең тұз өнімін аудан шаруашылықтарына, одан қалды көршілес Қырғыз еліне де малға айырбастап пұлдайтындарын айтқан. Техникалық тұз, әсіресе, мал үшін аса қажет тұғын. Атағынан ат үркетін Қаратау тау-кен комбинаты мен орталық қазандықта да Қызыләуіттің тұзы пайдаланылатын. Шаруашылықтар тарағалы тұз игеру жайына қалды. – Қарашеңгелдің тұзы ас-суға жарайтын ба еді? – деп сұрағанымда Асекең: – Неге жарамасын?! Облыстық зертханаға тексерткенімізде, жарамдылығы 98,8 пайыз деген анықтама алғанбыз, – деп бірден кесімді жауабын да берді. Дейтұрғанмен, бүгінде Шу бойындағы Шығанақ пен Қамқалының тұзын өндіруді жолға қойған сарысулықтар Қарашеңгелдегі тұз кенін игеруге аса құлық танытпай отыр. «Әнебір жылы «Қазсода» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аталған кеніштің тұзын өнеркәсіптік тәсілмен игеру жобасын ұсынған. Бірақ, ол жүзеге аспай қалды. Бұл іске білек сыбана кірісер кәсіпкер табылып жатса, біздің тарапымыздан еш қарсылық жоқ», – дейді бұл тұрғыда Сарысу ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жұмат Сақыпбеков. Ондай кәсіпкер бар болып шықты. Бұрын Талас ауданындағы Ильич атындағы совхозда ұзақ жылдар бойы бас инженер қызметін атқарған, бүгінде «Ақ сақа» шаруа қожалығын басқаратын Сағынбек Ахметов сексен жастың сеңгіріне шыққанына қарамастан, осы іске тәуекел етіп отыр екен. Сәл кейіндеу ол кісінің өзімен де жолығып, тілдескенбіз. «Қарашеңгелдің тұсынан жайылымдыққа жер алдым. Енді осындағы тұз кенін игеруге ниеттеніп отырмын. Ол үшін облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының рұқсаты керек екен», – деді ол. Сәкең бірі Киев қаласындағы жоғары оқу орнын бітіріп, Алматыда қызмет етіп, екіншісі «КамАЗ» жүк автокөлігін жүргізіп, сыртта жүрген балаларымен тұз кенін игеру, техника жөндеу бекетін ашу жөнінде ақылдасқанын айтып, «Уәжіме көнетін түрлері бар» деп қойды. Қарияның бұл тірлігі «Кәрі пышақ ұялғанынан өтеді» деген мәтелді еске түсіргендей. Осы ауылдың тағы бір жетпісті алқымдаған азаматы, әнебір жылдары егін егіп, ұн тартатын цех ашқан, ауыл сыртынан жылыжай соғып, қызанақ, қияр өсірген Орынбасар Әбжаппаровтың Тараз қаласына біржола көшіп кетуіне бір туысының жылыжайы үстіне жылқысын жайып маза бермеуі себеп болды деп естиміз. «Жас келсе – іске» демей ме? Осы күнгі ауыл жастары арасында осындай ұлы мақсаттарға бастайтын серпіліс, бастамашылдық, белсенділік неге аз? Кәсіптен нәсіп айыруға неге құлықсыз? Сәкең айтып отырса, қазір ата кәсібіміз мал шаруашылығы дәстүрін жаңғыртуға ынталы жастар жоқтың қасы. Мал бағу, жемшөп дайындау, астық ору жұмыстарынан да іргелерін аулақ сала бастаған. Тоқсан мен сексен осылай тау қопаруға құлшынып жүргенде, қылшылдаған жастағы азаматтарымыздың жігерлілік таныта алмай, жаси беретіні несі екен? Жерге, елге ертең ие болар ұрпақ солар емес пе?! Оларды жалынды іске жұмылдырар ауылдық округ әкімі мен жастар ресурстық орталығының жұмыстарына көңіліміз толмай жүргенінің несін жасырайық...
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
«Ақ жол».
Қызыләуіт ауылы, Талас ауданы.