Нәзік жандылар барлық істе белсенді
Нәзік жандылар барлық істе белсенді
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелерінің қаланың іскер әйелдерімен өткен кездесуінде «Әйел және бизнес» тақырыбы кеңірек қаузалды. Кездесуге «Даму» қоры» акционерлік қоғамының, облыстық кәсіпкерлер палатасының басшылары, Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің маманы, жеке кәсіпкерлер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің директорлары арнайы шақырылған екен. Олар кәсіпкер әйелдің жолында кездесетін кедергілер туралы мәселе көтеріп, ой қозғады. Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Арман Еділбаев қоғамдағы нәзік жандылардың алар орны мен кәсіпкерліктегі белсенділіктерін тілге тиек етті. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Азамат Асқаров өз кәсібін бастауға ниетті әйелдерге қандай қолдау көрсетілетініне тоқталып, өңірдегі банктер арқылы қандай жеңілдетілген несиелер беріліп жатқанын айтып өтті. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова ағымдағы жылы өңірдегі кәсіпкер әйелдерді қолдау мақсатында атқарылған іс-шараларға тоқталды. Әйелдердің бизнес-үдерістерге және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамаларын жүзеге асыруға белсенді түрде жұмылдырылатынын атап өтіп, кәсіпкер әйелдердің іскерлік әріптестігін өңірлік деңгейде одан әрі дамытуға басымдылық берілетінін жеткізді. Еңбекпен қамту, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне, отбасылық-демографиялық саясатқа қатысты ойын ортаға салып, ұлттық кәсіпкерлер палатасы аймақтағы кәсіпкер әйелдерге көмек көрсетуге әзір екенін жеткізді. Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Гүлзира Тастамбекова қаладағы кәсіпкерліктің дамуы, оның ішінде кәсіпкер әйелдерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер туралы жан-жақты хабардар етті. – Қаламызда кәсіпкер әйелдер жалпы кәсіпкерлік саласында қызмет жасайтындардың 40 пайызға жуығын құрайды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының жобалары ішіндегі әйел жетекшілердің үлесі 2010-2012 жылдар аралығында 9 пайызды құраған болатын. Ал бүгінде бұл көрсеткіш 21 пайызды құрап отыр. Бағдарлама жүзеге аса бастаған уақыттан бері барлық қаржы құралдары арқылы аймақтық үйлестіру кеңесі жалпы сомасы 51,1 миллиард теңгені құрайтын 503 жобаны мақұлдаған. Оның ішінде сомасы 11 миллиард 8 миллион теңгені құрайтын 157 жобаны кәсіпкер әйелдер ұсынған. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ арқылы «Әйелдер кәсіпкерлігі субъектілерін кредиттеу» бағдарламасы жүзеге асырылады. Бағдарламаның негізгі мақсаты – кәсіпкер әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыру және әйелдердің жаңа бастаған кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларын жеңілдікпен несие беру арқылы ынталандыру. Облыс көлемінде 2014 жылдан бастап осы күнге дейін аталған бағдарлама аясында 25 әйел кәсіпкер жалпы сомасы 297,2 миллион теңгеге несие алған, – деді Гүлзира Тастамбекова. Бүгінде кәсіпкер ер-азаматтармен бірдей еңбек етіп жүрген нәзік жандылар бизнесте белсенді. Іскерліктерінің арқасында шығар, еліміздегі кіші және орта бизнестің 40 пайызын әйелдер жүргізіп отыр. Жалпы, қоғамда әйелдің рөлі уақыт санап артып келе жатуына гендерлік саясаттың ықпал етіп отырғанын айтуымыз керек. Соның арқасында кәсіпкер әйелдердің қатары көбейді.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».