Денсаулық

Оны қорғауға жамбылдық жауынгерлер де қатысты

Оны қорғауға жамбылдық жауынгерлер де қатысты

1939 жылдың күзінде КСРО шекарасының 6фф00 шақырым батысқа жылжуына байланысты Прибалтика, Батыс Белоруссия, Батыс Украина, Бессарабия жерлеріне алты жүз мың әскер шоғырландырылды. Әскерге шақырылғандардың ішінде жерлестеріміз де бар еді. 123 жамбылдық жауынгер сол кезден бастап 1940 жылдың ақпанына дейін Брест қамалындағы 33 жеке инженерлік полктің құрамында қызмет етті. Соғыс басталғанда олар сол батыс шекарада еді. 35 жыл бойы Брест қамалын қорғаған жамбылдықтар туралы деректер іздеумен келемін. Осы еңбегімді ескерген шығар, Брест мұражайы халықаралық «Естелік Вахтасына» қатысуға шақырды. Бұл шақыртуды облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қуаттап, Т.Рысқұлов ауданының әкімі Жарылқасын Айтақов қаржылай көмек көрсетті. Жолға шығар алдында Тараз қаласы мен Сарысу, Мойынқұм, аудандарынан басқа барлық аудандардан қамал қорғағандардың ұрпақтарын тауып, олармен жолығып, Брестке бірге бару жөнінде келісім жүргізілді. Осылайша, Меркіден – 3, Т.Рысқұловтан – 1, Байзақ ауданынан – 6, барлығы 11 адам Белоруссияға жол тарттық. Қамалды қорғау жолында апат болған жауынгерлерді еске алу шарасы 22 маусымда өтті. Минскіде Қазақстан елшілігі қызметкерлері қаланың тарихи орындарын аралатты. Соғыс кезінде немістер 100-ден астам бейбіт халықты ішіне қамап, өртеп жіберген, дүниежүзіне белгілі «Хатынь» кешенін көрдік. Қаза тапқандардың рухын еске алу үшін ол жерде белгілі бір уақытта қоңыраулар соғылады екен. Минскіден шығып, Брестке келгенде темір жол бекетінен қарсы алған Қазақстан консулдығының өкілі қарсы алды. Брест мұражайының директоры да жылы жүзбен қабылдады. Кездесуде Байзақ ауданы, Түймекент ауылынан Сейтқазы Түрбеков, Қызыл жұлдыз ауылынан Әбжаппар Алдабергенов, Меркі ауданы, Ақтоған ауылынан Секірбай Есжанов «Қамал қорғаушысы» болып танылғанын хабарлады. Алдағы уақытта 80 жауынгеріміздің деректерін тексеріп, сәйкес келсе, құрметті дәрежеге ұсынылатынын айтты. 2011 жылы 123 Жамбылдықтың 4-еуі «Қамал қорғаушысы» болып танылған. Олар – Т.Рысқұлов ауданы, Ақыртөбе мектебінің мұғалімі Жанахмед Елубаев, жамбылдық В.Грицаненко, қордайлық Әбдіразақ Мәмиев, М. Андреев еді. Кездесуден кейін Брестте қаза тапқан 7 жауынгердің ұрпақтары негізгі монументтегі «Белгісіз жауынгерлерге» қойылған стелаларға туған жердің бір уыс топырағын салып, гүл шоқтарын қойып, майдангерлер рухына тағзым етті. Құран оқылды. Біз Брест орталығында өткен делегациялардың шеруіне де қатыстық. Шеруде 58 жауынгеріміздің портреттері мен көк туымызды алып жүрдік. Брестке баруымыздың негізгі мақсаты қамал қорғанысының 75 жылдығына арналған іс-шараларға қатысу еді. 22 маусымда түнгі сағат 2:30-да қамалдың қақпасынан негізгі монументке дейін 500 метр кең екі аллеяға төрт қатар құты қойылып, шырақтар жағылды. Қамал ішіне 5 үлкен экран орнатылыпты. Үлкен экраннан Брестті қорғаған жауынгерлердің арасында 6 қазақ жауынгерінің есімі аталып, Ботбай Сүлейменов пен Нүри Сыдықовтың суреті көрсетілді. 75 жыл бұрын соғыс басталған уақыт – таңғы сағат 4:15-те естелік жиын басталды. Президиум құрамында Атырау облысы әкімінің орынбасары бар екен. 20 адамнан құралған атыраулық делегацияға негізінен жастар қосылыпты. Олар екі-үш апта бұрын Волгаград – Минск арқылы Брестке «Соғыс көрінісін жаңғыртып көрсету» іс-шарасына қатысуға келген екен. Осы жерде бір жайтты айта кеткен жөн. Кезінде тиісті мекемелерден біздің Белоруссияға баратынымыз туралы Қазақстан елшілігіне, Брест қалалық әкімшілігіне хабарлауын сұранған едім. Бір ай бойы ол жақтан еш жауап келмеді. Кейіннен білдік, ол елге біздің облыстан ешқандай да хат жібермеген екен. Сол үшін біз Бресттегі митингіде саптан орын ала алмай, гүл қою рәсіміне қатыспадық. Еліміздің, «Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесінің келіссөздер жүргізуінің арқасында Минскідегі елшілік, Бресттегі консулдық, Брест мұражайы директорының қабылдауында болдық. Бізге қолдау көрсеткені үшін аталған қоғамдық мекеменің төрағасы Өмірзақ Озғанбаевқа, облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Еркінбек Солтыбаевқа үлкен ризашылығымды білдіремін. Жалпы, ТМД елдері делегацияларына, Брестті басшылығына, Брест мұражайы қызметкерлеріне ризашылығым мол. Бастысы біз облысымыздағы іздеу, деректеу жұмысының жоғары деңгейде екенін көрсете білдік. Бізден басқа бірде-бір делегация Брестті қорғаған жауынгерлері туралы деректерімен, көрнекіліктерімен таныстыра алмады. Ең негізгі мақсат – қамалда ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің ұл-қыздарын Белоруссияға апару еді. Ол орындалды. Жетпістен асқан 4 қария мен қамал қорғаған жауынгерлердің 7 немересі әкелері мен аталарының рухына тағзым етті. Бір жайтты айта кетсем, зерттеу-деректеу жұмыстары барысында Ресейден Москва, Сталинград, Курск, Орел, Ленинград, Новгород, Калинин, Псков, Смоленск, Воронеж, Белгород, Брянск, Калуга, Витебск шайқастарында қаза тапқан жамбылдық 600-ден астам жауынгердің хабары келген еді. Алдағы уақытта барлық ауданды аралап, қамал қорғаған жауынгерлердің ұрпақтарына батыр әкелері туралы деректерді тапсыру үшін кездесулер өткізуді жоспарлап отырмын. Кездесу мерзімін аудандық ішкі саясат және қорғаныс бөлімдері хабарлайтын болады. Сонымен қатар, осы жылдың қазан айына дейін «Тарихи шайқастардағы жамбылдықтар» атты кітапты және «Тағзым» атты деректі фильмнің екінші бөлімін шығарсам деймін.

Бекқұлы Әліұлы, деректеуші-тарихшы.

Т. Рысқұлов ауданы.