Бразилияның Олимпиадаға дайындығы спортшыларды шошытып жатыр
Бразилияның Олимпиадаға дайындығы спортшыларды шошытып жатыр
Рио-де-Жанеродадағы Олимпиада ойындары басталмай жатып спортшылар тоналуда. Жергілікті қарақшылар жарысқа қатысушылардың банк карточкасы, ноутбук сынды құнды заттарын қолды қылған. Бұл аздай олипиадашыларға арнайы салынған көпқабатты үйден өрт шықты. Қатысушылардың құрылысы аяқталмаған жаттығу залдарына да көңілі толмай отыр. Ал су спортынан сайыстар өтетін Гуанабара шығанағында өлген адамның дене мүшелері мен нәжіс қалқып жүр. Риодағы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына небары екі күн қалғанына қарамастан, қатысушылардың алаңсыз дайындалуына мүмкіндік болмай тұр. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған спортшылар бас көтермей жаттығудың орнына, қонақ үйдегі жағдай жасалмаған бөлмелермен алысып әлек. Мәселен, Австралияның құрамасы орналасқан бөлмеден өрт шықты. Ал әжетқанасы қирап, электр сымдары ашық жатыр. Ол аздай, спортшылардың құнды заттары мен ноутбуктары ұрланған. Міне, қытайлық теннисшілер болса, жөндеу жұмыстарымен айналысып жүр. Спортшылар жуынатын бөлмеге перде таға алмай әбігерге түсуде. Біздің спортшылар Олимпиадаға арнайы салынған үйдің төменгі қабатында тұрып жатыр. Мына 8 шаршы метрлік қуықтай бөлме теннисші Галина Воскобоеваға бұйырыпты. Галина Воскобоева, Қазақстан құрамасының теннисшісі: - Рио-де-Жанейродағы олимпиада ауылына келіп алдым. «Kazakhstan Olympic team» деп жазылған үйіміздің қасында тұрмын. Олимпиада ауылының көрінісі осындай. Үлкен жалау тұр. Мен сол жалаудың тұсында тұратын сияқтымын. Бірақ сенімді емеспін. Бразилия спортшыларды дайындық залымен де жарытып қамтамасыз ете алмауда. Көбінің құрылысы аяқталмаған. Ресейлік теннисшілер шаң-тозаң мен батпақ басқан кротта жаттығудан бас тартты. Ал жағалаудағы желқайық спорты үшін құрылған ағаш өткел жарыс басталмай жатып құлап қалды. Су спортынан сайыстар өтетін Гуанабара шығанағындағы жағдай мүлдем адам шошырлық. Азық-түлік, тұрмыстық заттардың қалдығынан бөлек суда ағып кеткен адамдардың дене мүшелері, нәжіс жүзіп жүр. Жағымсыз иіс қолқаны қабады. Дәл осындай улы, лас суда Олимпиадалық жарыс өтпек. Яғни, 1400 қатысушының денсаулығына қауіп төніп тұр деген сөз. Сондықтан, жергілікті мамандар спортшыларға сайыс кезінде ауыз бен мұрынды мықтап таңып алуға кеңес береді. Фернандо Спикли, вирусолог: -Суға түскен адам міндетті түрде инфекция жұқтырады. Сондықтан адамның иммунитеті нашар болса, ауырып қалуы әбден мүмкін. Бірақ, спортшыларға қарағанда қарапайым адамдарға қауіп жоғары. Ал суды тазартуға Бразилия бюджетінде ақша жоқ екен. -Рио-де Жанейраның Олимпиада ойыншыларының қауіпсіздігіне де толық жауап бермуге мүмкіндігі жоқ. Өйткені, қаржы дағдарысына байланысты Бразилия Үкіметі құтқарушылар мен полицейлерге жалақы төлей алмай отыр. Ашқұрсақ сақшылар қолдарына «Тозаққа қош келдіңіз!» деген жазуы бар плакаттар алып, тура әуежайда шеруге шыққан болатын. Ал Рио Олимпиадасында біздің 104 спортшымыз ел намысын қорғайды.
Ақпарат көзі: alashainasy.kz