Мәдениет

Бармасаң, келмесең, жат боларсың

Бармасаң, келмесең, жат боларсың

1Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, философия ғылымдарының докторы Нұрғали Аршабеков редакциямыздың қонақжай шаңырағында болды

Ректормен арадағы әңгімеміз облыстар арасында ақпараттар мен мәдени жетістіктер алмасуды күшейту тұрғысында өрбіген.

– Нұрғали Рақымғалиұлы, «бармасаң, келмесең, жат боларсың» демекші, Павлодарда Жамбыл облысының мәдени күндерін өткізу жоспарланғанынан хабардармыз... – Менің мұнда келудегі бір мақсатым да осы. Қалай болғанда да өңіраралық байланысты тереңдете түсуге тиіспіз. Ертіс, Баян өңірі де ұлан-байтақ еліміздің бір ғажайып мүйісі ғой! Қаракөздеріміздің келер ұрпағы оның көркем де тұмса табиғаты аясында дүниеге көзін ашып, құтты мекені етіп жатса, қанеки! Менің көңілімдегі бір арман осы. – Осы тұрғыда солтүстік өңірдің мәдениеті, әсіресе, жастар тәрбиесі тұрғысында сөз қозғай кетсеңіз... – Бізде театрларға, әсіресе, жастар көп барады. Түрлі саладағы шығармашылық одақтарының, үйірмелердің жұмысы да жолға қойылған. Студент жастар театрлары фестивалі биыл бізде еліміз бойынша тұңғыш рет өткізілді. Ол келер жылы халықаралық деңгейде ұйымдастырылады.Міне, осындай мәдениеті, экономикасы, индустриялық-инновациялық әлеуеті де айрықша дамыған өңірдегі халықтың жартысынан астамын өзге ұлттар құрайды. Барлығы да бақуатты, айлық жалақылары да жақсы. Білікті қазақ кадрларына зәрулік те жоқ емес. Павлодар облысына, әсіресе, Оңтүстік өңірден жастар көптеп келсе, олармен бірге ұлттық рух, қазақылық келеді деген ойдамын. Бұл өз кезегінде өңірде әлеуетті қазақы орта қалыптастырылуына, тіл мен діл секілді ұлттық құндылықтарымыздың сол күйі сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей жеткізілуіне де септесер еді. Институтымызда барлық облыстан дерлік келіп оқып жатқандар бар. Олардың қырықтан астамы – қасиетті Әулиеата өңірінен. Бітірушілеріміздің 30-40 пайызы Астана қаласының білім ұйымдарына жұмысқа қабылданып, өмірден өз орындарын тауып кетіп жатыр. Жастардың сыртта оқуы ел, жер танып, өмір көріп, шыңдалып өсуі үшін де қажет қой. Рас, павлодарлықтардың өзіндік ділдік ерекшеліктері бар. Әсіресе, қай салада болсын бәсекеге қабілеттілік сапасын арттыру жолындағы ізденістері, ұғым-түсініктері үлгі етерліктей. Нұрекең Жамбыл өңірінің тумасы болып шықты. Кенен туған топырақта (Қордай ауданы) дүниеге көзін ашқан екен. Алғашқы қызмет жолын Жамбыл жерінде бастап, біраз жыл Білім және ғылым министрлігінің стратегиялық даму және ақпараттық технологиялар, мектепке дейінгі және орта білім беру департаменттерінде басшылық қызметтерде болыпты. Еліміздегі білім саласын дамытудың 2005-2010 және 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаларын дайындауға да қатысыпты.

Сұхбаттасқан Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».