10 жасар спортшы өз рекордын Қазақстанның Олимпиада құрамасына арнады
10 жасар спортшы өз рекордын Қазақстанның Олимпиада құрамасына арнады
2016 жылдың 1 тамызында «Бурабай» ұлттық паркінде балалар арасында әлем рекордсмені, кеудені жерден көтеруден және максималды уақытқа «планка ұстаудан» Қазақстан рекордтар кітабының төрт мәрте рекордсмені Амир Махмет біздің Олимпиадалық құрамаға қолдау ретінде жаңа рекорд орнатты. 10 жасар Амир кеудесін жерден 1 000 рет көтерді. Бурабайдың «Бөлектау» шыңында орындаған рекордын Амир Қазақстанның Олипиадалық құрамасына арнады. Рекорд КИнЭС Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергеновтың тарапынан тіркелді. Жастығына қарамастан Амир Махмет бүгінде КИнЭС Қазақстан рекордтар кітабының төрт мәрте рекордсмені болып табылады. Алғашқы рекордын ол 2015 жылдың 1-ші маусымында «Балаларды қорғау күні» мерекесіне орай Bar Bars командасы тарапынан ұйымдастырылған Street Workout бойынша жазғы маусымының ашылуында кеудесін жерден 450 рет көтеріп орнатқан болатын. Екінші рекордын Амир Street Workout-тан өткен Ақмола облысының чемпионатында кеудесін жерден 30 минутта 50 рет көтеріп орындаған. Ал үшінші рекордын жас спортшы 2015 жылдың қыркүйегінде Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында кеудесін жерден 550 рет көтеріп орнатты. Төртінші, балалар арасындағы әлемдік рекордын Амир бокстан кәсібилер арасында әлем чемпионы Геннадий Головкиннің Доминик Уэйдпен өтетін жекпе-жегіне қолдау ретінде орнатты. Амир Астанадан бірнеше шақырым жерде орналасқан Қажымұқан ауылының тұрғыны. Ол түрлі телевизиялық бағдарламалар мен спорттық іс-шараларға жиі қатысып тұрады. Амир - спортты серік еткен Махметовтер әулетінің жарқын өкілдерінің бірі. Ағасы Айдар Махметов, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, каратэ және ММА-дан 3 мәрте әлем чемпионы, джиу-джитсудан 3 мәрте Еуропа чемпионы, атасы Әлімжан Махметов спорттың алты түрі бойынша разряд иегері болып табылады. Тағы бір ағасы, бокстан ҚР-ның чемпионы Азат Махметов «Астана Арланс» командасының сапына кіреді, сондай-ақ бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі. Оқуда да, спортта да алда болу - бұл әулеттің берік ұстанған басты қағидасы.
Ақпарат көзі: ҚазАқпарат