Саясат

Еуразиялық медиа-форум әлем назар аударатын алқалы жиын болып қалыптасты

Еуразиялық медиа-форум әлем назар аударатын алқалы жиын болып қалыптасты

2002 жылы 24 сәуір күні Алматы­да тұң­ғыш рет Еуразиялық медиа-форум өз жұмысын бас­тады. Оған әлемнің 30-ға жуық елінен 300-ден ас­там танымал саясаткерлер, білікті сарапшылар мен БАҚ өкілдері қатысты. Халықаралық форумның бас­тамашысы әрі жобаның авторы Дариға Назарбаева жиынның негізгі мақсатын: «Шығыс пен Батыс көшбасшылары арасындағы өзара түсіністік пен диалогты нығайту арқылы аймақтық және ғаламдық мәселелерді ортақ түсінуге үлес қосу», деп түсіндірді. Ал осы шараға қатысып, оны ашып берген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев XXI ғасырды Еуразияның қарқынды даму ғасыры деп бағалады. Бұл туралы республикалық «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында жазады. - Ғасырлар мен мыңжылдықтардың тарихи тоғы­сын­дағы геосаяси алмасулар бүкіл дүниенің кел­бетін түбе­гейлі өзгертті. Алайда, бұл көп жағдайда Еура­зия­ға қатысты болып, ол іс жүзінде жаңа сипатқа ие бол­­ды, - дей келе, Президент ғаламшардағы адамзат ба­ла­сының қауіп-қатерден сақтануының бірден-бір жолы достастық пен тұрақтылық екенін нықтап айтты. Бүгінгі адамзат күйзелісі мен проблемаларының оң шешілу жолы және қатерден қорғанудың бас­ты тетігі - тек қана өзара түсіністік, төзімділік, даму­дағы бір-біріне деген көмек пен ынтымақтастық. Еура­зиялық кеңістікте орын алып отырған өткір про­блемалар нақ осындай бейбіт диалогпен және ынтымақтастық жолымен шешілетін болады. Осы орайда форумға қатысушылар ақпарат саласының дамуын, хабар таратуда журналистке қандай шеберлік қажет деген мәселелерді көтеріп, БАҚ саласындағы өзекті проблемаларды ортаға салды. Алғашқы Еуразиялық форумның қонағы, Халықаралық журналистер федерациясының бас хатшысы Эйдан Уайт: «Адамдарға үкіметтік органдар мен басқа да ұйымдар қатаң бақылайтын ақ­парат керек емес. Айтылатын мәселе туралы жауап­кер­шілігі сезіліп тұратын нақты да шынайы ақпарат қа­жет. Ең басты проблема - БАҚ пен журналистердің жұ­мыс істеулеріне тосқауыл болатын кедергілер. Ол тек осы аймақта ғана емес, дүниенің төрт бұры­шын­­да да кездеседі. Журналистер жан-жақты қы­сым­­ға душар болуда. Баспасөз бостандығы мен жур­­на­лист тәртібі жөнінде ереже бекітілуі керек. Сая­сат­кер­лер мінбелерден сөз бостандығы туралы жалын­ды сөздер айтқандарымен, оның жүзеге асырылуы қиын», - деді. Ал Халықаралық журналистер одағы конфедерациясының бас хатшысы Ашот Джазоян көп жанрлы, сан қырлы мұндай форумды бірінші рет көріп отырғанын таңданыспен жеткізді. Ол: «Тәуел­сіз, тәуелді оппозициялық көзқарастағы ақпарат құралдарының ашық пікір айтуының өзі - бұрын­ғы тоталитарлық құрсаудан арыла бас­таған­дықтың дәлелі. Ең бастысы, біздің өзіміз ненің қажеттігін анық білуіміз керек. Бүгінгі дүниенің жедел де болжап болғысыз өзгерістерге түсіп жатуы, елдер­ді өзара түсіністікке бастаудың оңай еместігі бұқара­лық ақпарат құралдарына көп жауапкершілік жүктейді», - деді. Демек, сарапшылардың пайымдауынша, жұмыр жердің үстіндегі адамзат баласы үшін алдымен жылдам ақпарат алу журналистердің шебер­лігі мен ұтым­дылығына байланысты. Сонымен қатар, қолы­на қалам мен микрофон ұстаған БАҚ өкілдері ең бірінші кезекте дәлдік пен шынайылықты, боямасыз жаңалықты оқырмандар мен көрермендерге жет­кізе білулері тиіс. Медиа-форумда саясаткерлер мен са­рап­шылардың пікірі де, тұжырымы да осыған сайды. XXI ғасырдың басында экономика мен саясаттағы жал­пы­ға ортақ жаһандану мен даму теңсіздігінің күше­юі жағдайында әлемдік ақпараттық кеңістіктің жаһан­­дануы жүре бастады. Бұл ретте кез келген мем­лекет­тің өзін-өзі ақпараттық тұйықтауы оның бола­шағы үшін болжап болмайтын салдарға ұрын­дыр­мауы мүмкін емес екендігі де әңгімеге арқау болды. Сонымен қатар, Еура­зиялық медиа-форумның алғаш­қы жиынын­да ай­тыл­ған ойлар мен сан-салалы пікір­лер төр­кіні жылдам ақпарат алмасудың тетігі мен өзекті про­бле­ма­ларды бірігіп шешу арқылы жүзеге асатынын да аңғартты. Осылайша тәуелсіз, үкіметтік емес ұйым ретінде ірге көтерген Еуразиялық медиа-форум алғаш­қы қадамын сәтті бастап, өмірге берік енді. Ол саясат­кер­лердің, журналистер мен сарапшылардың аймақтағы саяси тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа мүмкіндіктері қазіргі заманғы ізденістердің әлемдік проблемалары бо­йынша еркін және ашық диалогын қалыптастыруға қызмет етуі үшін құрылды. Жыл сайын осылайша сәуір айында өтіп тұруды дәс­­түр­ге айналдырған медиа-форум өзінің әрбір бас­­қосуын­да сол тұстағы халықаралық деңгейдегі мей­­лін­ше өзе­к­ті мәселелерді күн тәртібіне шығарып отырды. Жыл сайын мерейі өсе түскен форумға қатысу­шылар саны да біртіндеп көбейе бастады. Мәселен, алғаш­қы үш жылда оған жер-жаһанның 60-тан астам елінен 500-ге тарта саясаткер мен сарапшы, жур­налист пен түрлі жетекші ұйымның өкілдері келді. Осының өзі еліміздің абыройын асқақтатып, Еуразия кіндігінде қоныс тепкен Қазақстанның медиа салаға жаңа бетбұрыс жасағанын айғақтап берді. Осының нәтижесінде, жыл сайын әлемнің мүйізі қарағайдай саясаткерлері мен сарапшыларына һәм журналистеріне бір шаңырақ астында басқосуға мүмкіндік беретін Еуразиялық медиа-форумның қозғайтын тақырыбы да, талдауы да түрленіп отырды. Мәселен, 2005 жылдың сәуір айында өткен кезекті шарада лаңкестік әрекеттер туралы ақпараттар тарату мәселесі бойынша пікірталас ұйымдастырылып, медиа-заңнамалар тақырыбы талқыланды. Сондай-ақ, «Журналистика және жарақат» тақырыбы аясында көптеген проблемалар қозғалып, қарулы қақтығыстар жайында қалам тербейтін журналистер арасындағы жан жарақатына қатысты стресс феномені сарапқа салынды. «Азиядағы трагедия», «Интернет аймағын жуасыту», «Араб тіліндегі БАҚ-тар феномені» деген тақырыптар бойынша пікірталастар өрбітілді. Форумға қатысушылар «Азиядағы трагедия» тақырыбы бойынша Ауғанстан мен Ирактағы соңғы жойқын соғыстар төңірегінде өз ойларын айтты. Бүгінде не нәрсені де қирату қашанда оңай, оны қалпына келтіру қиын деген тұжырым кез келген жұмыр басты пенденің санасында сайрап тұр. Өз кезегінде форум қонақтары «Шиеленістен кейінгі қоғамды қалпына келтіру: шешілетін міндет пе, әлде отарлау саясатының «бетпердесі» ме?» деген мәселені өткір көтерді. Сарапшылардың бірі аталған елдердегі тұрақсыздық пен орын алып отырған қантөгіс әлденені қайта қалпына келтіріп, бейбіт өмірге оралтудан гөрі, оны қирату оңай дейтін пікірді қалыптастырды», деген ой айтты. Сондықтан ақпарат саласына айрық­ша көңіл бөліп, басымдық бере отырып, адамзат бала­сының ең алдымен тыныштықты қалайтынын әлем жұртшылығына жеткізу қажет екені тілге тиек етілді. Отырыс барысында форумға қатысушылар соғыста қиратылған елдердің мемлекеттілігін қал­пы­на келтірудегі ілгерілеулер жайын қарастырып, осы оқиғаларды әлемдік БАҚ-тардың қалай көрсетіп жат­қанын сараптады, сондай-ақ, бұл үдерістер жергілікті халықтардың пікірінен қалай көрініс табуда деген сауалдарға жауап іздеді. Сарапшылардың айтуынша, қақтығыс аймақ­тарын­да жаңадан қоғам қалыптастыру - ұзақ уақыт­қа созылатын үдеріс. Дегенмен, әр елдегі жағдай әрқалай. Саяси режім өзгергелі бері Иракта өзіндік бір баспасөз төңкерісі болған. Ондағы газеттер мен жур­налистер кез келген тақырып бойынша өз пікір­лерін ашық айта алады. Әр партияның жеке басы­лымы бар, тайпа басшылары да өз газеттерін шы­ғарып, осы елдегі жағдайларға байланысты өз пікір­лерін ашық жариялап жүр. Бір жағынан мұндай жариялылық жергілікті БАҚ-тардың қауіпсіздігіне де қатер төндіреді. Бұл - алқалы жиында айтылған саясаткерлердің ой-пікірі. Ал АҚШ қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Ричард Перл: «Мемлекеттің қайта қалыптастырылуы азаматтық қоғамның қатысуынсыз жүзеге аспайтыны аян. Бірақ жергілікті халықтың мемлекеттік құрылым ісіне басқалар араласқанын қалай бермейтіні аңғарылады. Мұны бүгінгі Ирактан байқауға болады. Мемлекеттік басқарудың жер бетіндегі халықтардың бірегей қолдануына жарамды белгілі бір үлгісі жоқ», - деді. Талқыға түскен тақырыпта Ирактағы «Әс-Сабах Әл-Жәдид» газетінің бас редакторы Исмайыл Зайырдың сөзі көпшіліктің назарын аударды. Ол өздерінің кәсіби борышын адал орындап жүрген журналистерге мың алғысын білдірді. - Бір ғана Ирактың өзінде 100-ден астам әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қаза тауып, қаншамасы кепілдікке алынып, әлі де зор­лық-зом­былыққа ұшырап жатыр, - деді ол. Осы жерде бас редак­тор кез келген елдің қауіп-қатер­лер­ден құтылып, қарыштап дамуы үшін ең алдымен ақпа­рат­тық саланы ілгерілету керек деген пікір білдірді. Бүгінде миллиондаған адамның назарын аудар­ған шарада көтерілген мәселе өзекті болғандықтан, оның шешілу жолы қалай деген сауал өзінен өзі туын­дайды. Осы жерде форумға қатысушылар ақ­­па­рат­тық дәлдікті барынша нысанаға алып, ымы­ралас іс-қимыл жасауы керек. Ал салиқалы, сын­дарлы мұндай сұхбат орны Қазақстан болып қалып­тасуы кездейсоқ емес. Батыс пен Шығысты тоғыс­­тыратын қазақ жері бүгінде бейбітшілік бел­деуіне айналып отыр. Осының әсері болуы керек, Орталық Азия­дағы барлық мемлекеттер қауіпсіздік пен бей­біт­шілік жолындағы өздерінің зор жауапкершілігін толық ұғына бастады. Аталған жиында әңгіме бірінші кезекте аймақтағы әрбір елде берік бейбітшілік пен тыныштық, тұрақты даму қажеттілігі жөнінде өрбиді. Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы күнінен жаһандық қоғамдастықтың жауапты мүшесі болуға мүдделі екенін байқатты. «Экономикалық өсім арқылы демократияландыру» реформалар стратегиясы арқасында жүз қырық этнос тұрып жатқан біздің елімізде сая­си тұрақтылық, этностық және конфессияаралық келі­сім нығая түсуде. Қазақстан осы жылдары өзінің стра­те­гиялық мақсаттарын жүзеге асырып, дамып келеді. Жыл сайынғы Еуразиялық медиа-форумның талдайтын тақырыбы мен көтеретін мәселесі өзгеріп отырады. Алайда, негізгі мақсат - әлемдегі ақпарат кеңістігі, журналистердің атқаратын рөлі. Мәселен, 2013 жылы Астана төрінде ұйымдастырылған кезекті басқосу «Қазақстан елордасы Еуразия ақпараттық коммуникациясы маңызды торабының біріне айналып келеді» деген тақырыпқа арналды. Онда кейбір елдердегі оқиғалардың жай ғана таратушысы болып қана қоймай, сонымен бірге, әлемде көп жағдайда олардың барысын анықтайтын медиа-саланың мәні артып отырғаны айтылды. Осы орайда форумға қатысқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұл ретте БАҚ-тың дамуы үшін іс жүзінде шектеусіз мүмкіндіктер ашатын бұқаралық онлайн-журналистика шешуші рөл атқарады», - деп атап көрсетті. Жалпы, медиа-саланың рөлін арттыру тек эконо­ми­када ғана емес, сонымен бірге саясатта, әлеу­мет­тік өмірде, қоғамның рухани-адамгершілік жағ­д­айының дамуының жоғары стандарттарын қалып­тастырушы екені даусыз. Жаһандық көмектің «созылмалы» реципиенттерінің болуы - әлемдік эко­но­микалық жүйеге артылатын айтарлықтай жүк. Бұл жаһандық дамуға ұзақ мерзім тежеу болуы әбден мүмкін. Сон­дық­тан «геосаяси жеңіл ойлылықты»  жаһандық сал­­мақты экономикалық проблема деп санайтындар бүгінгі қоғамда аз емес. Ал форумға қаты­сушылардың көпшілігі қазіргі халықаралық қатынас­тардың драмаға айналу қаупін айтуда. Әлем іс жүзінде көп полярлы болуға айналып, осының өзінен көбірек кикілжіңді болып жүр. Көптеген елдер өздерінше әділетті және заңды деп санайтын мүдделерін алға тартуда. Ал олар­ды реттеп, үйлесімге келтіретін халықаралық инс­титуттардың эррозияға ұшырағаны айқын көрі­ніп тұр. Бұл тұжырымдар медиа-форум аясында жан-жақты айтылды. Ал АҚШ Конгресі өкілдер палатасының экс-спикері Ньют Гингричтің пікірінше, халықаралық тәртіп туралы ескіше ойлау адамзат баласын жаһандану мен жанжалға ұрындырып барады. Ол әлемде соңғы екі жылда 842 млн. адамның тойып тамақ ішпейтінін, мұның планетаның әрбір сегізінші тұрғыны болып табылатынын, ал алдағы10 жылда ғаламшар тұрғындарының 45 пайызы ауыз су тапшылығын тартатынын айтты. «Міне, осындай келелі мәселелерді шешудің жолдарын қарастыра келіп, барлық ақпарат құралдарын бірігіп іс-қимыл жасауға шақырамын», - деді ол. 2011 жылы ұйымдастырылған Еуразиялық медиа-форумда Азия елдеріндегі тұрақсыздық, Қыр­ғыз­стандағы билікке талас секілді өзекті проб­ле­малардың шешілу жолдары күн тәртібіне қойыл­ды. Расын айтуымыз керек, татулықты ту еткен еліміз дүние жүзіне ізгіліктің өнегесі болып отыр. Қазақ­стан тарапынан қырғыз ағайындарға көр­сетіл­ген гума­н­итарлық көмек Азиядағы жетекші ел­дер­дің ішінде қайырымды істің көшін бастады. Сол шақта еліміз көршілес мемлекетке мыңдаған тонна жанар-жағармай жөнелтті. Сол жылғы алқалы жиында Қазақстан Тәуелсіз­дігінің 20 жылдығы сөз болып, еліміздің осы 20 жыл­дың ішіндегі қиындық кезеңі мен жеткен жетіс­­тігі сараланды. Астананың гүлденуі, оның қысқа уақыт ішінде Қазақстанның жүрегіне айналып үлгер­ген Әлемнің танымал саясаткер­лері тарапынан Елбасының қажырлы еңбегі ретінде бағалан­ды. Сарапшылардың бірі: «Астананың әсем ғима­рат­тармен көмкеріліп, түрленуін, әлеуметтік нысандардың заманауи үлгіде бой көтеріп келе жатқанын біз ақпарат құрал­дары арқылы біліп, көріп жүрміз. Жалпы, Қазақстан - Нұрсұлтан Назарбаевтай басқарушысы бар бақытты ел. Мен сіздерге қарап сүйсінемін. Елдеріңіздегі бейбітшілік пен тұрақтылық, халықтың бірлігі - әлемге үлгі. Айтпақшы, БАҚ саласы мұнда қарыштап дамып келеді. Осы мені қызықтырады», - деген-ді. Демек, Еуразиялық медиа-форумның елімізде ұйым­дастырылуы - заңдылық. Мұнан әрі сарапшылар ғаламдық экономикалық дағдарыс, мұнай бағасының құлдырауы, дүниені дүрліктірген қантөгіс оқиғаларына талдаулар жасап, болжамдарын ортаға салды. Алпауыт мемлекеттер арасындағы көшбасшылыққа ұмтылудан бастап, дер­жавалар текетіресінің тигізетін салқыны, мұнай баға­сы­ның әлемнің дамуына әсері жайында әңгіме өрбі­ді. Таяу Шығыс елдерін ғана емес, Еуропаны қан қақ­сат­қан, соның ішінде Париж бен Брюссельге де жет­кен лаңкестік әрекеттер туралы әңгіме арқауы тарқатылды. Сондай пікір алмасудың бірінде Ауғанстанның экс-президенті Хамид Карзай терроризммен күреске қатысты өз пайымын жеткізді. - Біз әлемдік державалардың бір-біріне сенім­сіздікпен қарауының зардабын тартудамыз. Экстремизм мен терроризм - солақай саясаттың салдары. Оның астарынан бірыңғай әлеуметтік немесе діни себептер іздеудің аяғы жақсылыққа апармайды. Дүниеде жекелеген елдер ғана бақытты немесе бақытсыз бола алмайды, - деді ол. Оның айтуынша, терроризм мен радикализм тек әлеуметтік жағдай мен дінге байланысты туындамайды, бұл нашар сая­саткер мен нашар саясаттың салдарынан да болады. Тұтастай алғанда, Еуразиялық медиа-форумда әлем проблемаларына қатысты сарапшылар саясаттың солақай тұстарын тізбектеп өтті. Форум­ды ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның айтуынша, бірде-бір мемлекет оқшау­ланып, өздігінен өмір сүре алмайды. Сондықтан сан­дық технологиялар мен ғаламтор желілері адамдар­ды жақсы өмір сүру жолын іздеуге итермелесе керек. Жалпы алғанда, бұл форумның БАҚ өкілдері үшін берері мол, саяси тақырыптарды талдауға ой салатын тұстары көп. Мәселен, 2014 жылы өткен медиа-жиында әлемдегі саяси тұрақсыздық жайы айтылып, адамзатты алаңдатқан Еуропалық интеграция сөз болды. Еуропа интеграциясы Еуразия құрлығындағы қоғам қайраткерлері мен саясаткерлер арасында ең өзекті тақырыпқа айналып отыр. Украинадағы қалыптасқан саяси жағдай және осы елдің Еуропа одағына қосылуға деген ұмтылысы ТМД мемле­кет­терімен қатар, Батыс елдерінің де назарынан тыс қалмайтындығын қазіргі кезде өршіп тұрған «ақ­парат­тық соғыс» анық көрсетуде. Сондықтан болар, Еура­зиялық медиа-форумның алғашқы отырысында «Украинадағы дағдарыс. Украина халқы қандай жолды таңдайды?» деген тақырып шеңберіндегі пікірталас қыза түсті. Әлемнің 40 елінен келген 600-ге жуық делегат сан түрлі ойларын ортаға салып, ғаламшардың бүгіні мен ертеңі, ақпараттық саланың дамуы, дүние дидарын жапқан дағдарыс секілді проблемаларды жан-жақты талқылады. Жалпы, ақпараттық жүйе үшін мұндай форумдардың пайдасы өте көп. Өйткені, алуан түрлі пікірлер мен көзқарастардың өзара сайысқа түсуі және кейбір соны ақпараттардың ортаға тасталуы жалпы әлемдік көзқарастардың оң қалыптасуына өзінің аз да болса пайдасын тигізеді. Форумға қатысушы «Рейтер» агенттігінің төрағасы Стефан Сомервилли: «Осындай шараның пайдасын ескеріп, оны жыл сайын ұйымдастырып жүрген жас Қазақстан мемлекетіне ризашылығымды білдіремін. Маған көтерілген тақырыптардың өзектілігі ұнайды. Біздің кейбір журналистеріміз өздері ұсынған өткір тақырыптардың медиа-форумның пікірталас алаңына ашық шығарылғанына риза болып жатыр. Демек, мұнда ештеңені де жасырып, құпиялау жоқ. Бәрі де ашық, нағыз демократиялық қағидаттарға негізделген күйде өтуде. Сондықтан медиа-форумды ұйымдастырушыларға риза боласың. Мен өзімнің осынау форумға қатысқаныма қанағаттанып отырмын», - деді. Грузия Өнеркәсіпшілер партиясының жетекшісі Леван Пирвели форумда көптеген өзекті мәселелердің күн тәртібіне қойылып, барынша білікті адамдардың талқысына түсіп отырғаны шараның боя­масыз келбетін аңғартады деген ой айтты. Әлем елдерінің мықты сарапшылары мен ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан медиа-форумның он үшінші кезекті отырысы биыл Астанадағы «Rixоs» қонақүйінде өтті. Онда қатысушылардың назары Таяу Шығыс пен Африка елдерінен босқындардың ағылуына байланысты жағдайдың шиеленіскеніне, Ұлыбританияның Еуроодақтан шығу мүмкіндігіне және ЕО-ның ыдырау қаупі туғанына түсті. «Расымен, бүгінде Еуроодақ жолайрықта тұр. Мүше елдер саяси инте­грациядан бастап, қаржы ынты­мақ­тастығы, әлеуметтік бірігуге дейінгі барлық мәсе­лелер бойынша келісімге келе алмауда. Елдер ара­сындағы теңсіздік жағдайлары мен қарама-қайшы­лық­тарды ескерсек, еуропалық нарыққа қауіп төніп тұрғанын аңғарамыз. Осыған байланысты Брюссель аталған мәселелерді шешуде жалпыеуропалық саясат құруға тырысуда. Алайда, нәтиже көңіл қуантпайды. Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронның айтуынша, уақыт өткен сайын Еуропа өзінің бәсекеге қабілеттілігін жоғалтып барады. Демек, еуроин­те­грацияның қазіргі ахуалы, шын мәнінде, алаңдай­тындай деңгейде», - деді АҚШ-тың «Riz Khan Productions» компаниясының басшысы Риз Хан. Өз кезегінде Ұлыбританияның бұрынғы сыртқы істер министрі Джек Стро Еуроодақтың шын мәнінде ауқымды әрі мақсаты айқын жоба екенін айтты. Оның пікірінше, ЕО-ның негізін қалаушылар жұрт ой­лағаннан да артық жұмыс істеген. Ол өз кезе­гінде осыған орай: «Одақтың құрылуы сәтті жоба болды. Ол Еуропаның өркендеуіне, бейбіт­ші­лік­тің сақталуына айтарлықтай септігін тигізді. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Шығыс Еуропа ел­дерінде демократияның сәтті қалыптасуына Еуро­одақ­тың ықпалы зор болды. Соған қарамастан, Ұлы­бри­танияның еуроаймақтан шығу мәселесі жиі көтеріліп жүр. Бұл ретте, біздің елде қоғамның қызығушылығы екі түрлі екенін айтқым келеді. Мәселен, сан жағынан басымдыққа ие сайлаушылар мен бизнес-элита өкілдерінің ұстанымдары қарама-қайшы. Десек те, Еуроодаққа қордаланған мәселелердің ошағы деп баға беру дұрыс емес», - дегенді алға тартты. Бұл пікірмен келісетінін білдірген Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты бойынша алқа мүшесі Тимур Сүлейменов Еуроодақтың әлі де болса жемісті жұмыс істеуі үшін айтарлықтай әлеуетке ие екенін ерекше атап өтті. Оның пікірінше, Еуразиялық экономикалық одақ ЕО-мен сауда қатынасының ұзақ мерзімге жалғасатынына үмітпен қарайды. Сонымен, ХІІІ Еуразиялық медиа-форумда әлемнің қазіргі таңдағы ең маңызды мәселелері талқыланды. Оған жаһанның 50 елінен келген 30 спикер мен 400 делегат қатысты. Мұның сыртында бұқаралық ақпарат құралдарының тағы 400-ден астам өкілі форумнан хабар таратты. Ал форумның күн тәртібі ғаламды құрсаған дағдарыс, мұнай өндіру кешеніндегі проблемалар, Таяу Шығыстағы ахуал, Ауғанстан мәселесі, ХХІ ғасырдағы ақпарат соғысының ерекшеліктері, мемлекеттік қаржы ресурстарын басқару секілді тақырыптарды қамтыды. Жалпы, Қазақстанда алқалы жиындардың жиі өтуі, оған әлем елдерінің белді саясаткерлерінің, медиа кеңістіктегі аузымен құс тістеген әйгілі сарап­шылардың құлшыныспен қатысуы еліміздегі бей­біт­шілік пен тұрақты дамудың бір көрсеткіші деуге толық негіз бар. Биыл кезекті мәрте өткен Еура­зия­лық медиа-форум да бұл шараның асқаралы мін­дет­терді абыроймен алып жүруге толық қабілетті екенін көрсетіп берді. Шараның түйінделер тұсын­да форум­ның бастамашысы әрі жобаның авторы Дариға Назарбаева келесі Еуразиялық медиа-жиын «Астана ЭКСПО-2017» алаңдарының бірінде өтетінін жеткізді. Ел тәуелсіздігінің ерекше бел­гі­сі ретіндегі бұл жиын Қазақстанның халық­ара­лық арена­дағы беделін бұрынғыдан да биіктете түсуге өзіндік үлкен үлес қосып келе жатқан айрық­ша жарқын істердің бірі болып табылады.  

 Ақпарат көзі: қазАқпарат