Шын мықтыға тұсау жоқ
Шын мықтыға тұсау жоқ
Кадеттер мен әскерилер арасындағы әлем чемпионы, «Астана Арландары» клубы сапында Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) чемпионы және Азия чемпионы Олжас Сәттібаев
Атақты Жұмаділовтің салмағындағы саңлақ
Әуесқой бокста өзіндік ойып алар орны бар Жамбыл бокс мектебінің талай мықтыларының ізін жалғаған Олжас Сәттібаев есімімен сонау 2005 жылы Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өткен кадеттер арасындағы әлем чемпионаты барысынан таныспыз. Әйгілі «Битлз» тобы шыққан Ливерпуль шаһарында Олжас жасындай жарқылдап, алтыннан алқа тағынды. Он жеті жасар оғлан ақтық сында жергілікті боксшы Майкл Хэдфильдті 26:17 есебімен ұтып, ел боксының мерейін асырғаны есте. Жылдамдығымен Хэдфильдті «жүрісінен» жаңылдырған Сәттібаевқа сонда өте риза болғанбыз. Одан кейін (2006 жылы) Марокко еліндегі Агадир қаласында жастар арасында өткен әлем чемпионатында күміс медальға қол жеткізді. Жамбылдық бапкерлерден қара құрлықтағы бәсекеге Олжастың жеке жаттықтырушысы Мұрат Әбімселімов пен Тараз бокс мектебінің білікті бапкерлерінің бірі Феликс Тихонович Цой бірге барған. Финалдық жекпе-жекте кубалық қарсыласына ғана есе жіберген Олжастың аяқ алысына атақты Болат Жұмаділовтің бапкері Феликс мырза сол жолы Мороккодан шын қуанып қайтты. Әкесі спортқа ебі бар ұлын жеті жасында бокс залына апарыпты. Жанарынан жасын ұшқындаған жас балаға бокс әліппесін үйретуге кіріскен Ермек Ертаев кейін шәкіртін Мұрат Әбімселімовтей майталман бапкерге табыстаған. Шеберлігі шыңдалған жампоздың қасынан жаттықтырушылар Нұрлан Ақүрпеков пен Мұхтар Бердімбетов те табылып, рухы өр спортшының жетістігін ұштауға атсалысқанын да білеміз. Шынашақтайынан жаттығу залында шүмектеп тер төккен қайсар ұл бүгінде Рио-де-Жанейро Олимпиадасындағы биік асуларды бағындыруды көздейді. 1988 жылдың мамыражай мамыр айында дүниеге келген Олжас Сәттібаев жыл өткен сайын шеберлігін арттыра түсіп келеді. Ел чемпионатында үш мәрте олжа салған саңлақтың жолын қасақана бөгеген сәттер де аз болмаған. Қайбір жылы Астанада өткен ел біріншілігінде Олжас Сәттібаевтың көзге айқын көрініп тұрған жеңісін төрешілер бұра тартып, астаналық Азат Махметовке «алып» берген күннің өкініші де жадымызда жатталып қалған. Оған төрешілердің есеп қағазы да дәлел. Олардың біреуі 30:27 есебін Олжастың пайдасына жазса, қалған екеуі Махметовтің «жеңісін» мойындаған. Тағы бірде төрешілердің алматылық Хабибулла Исмайл-Ахуновқа бүйректері бұрғаны бар. Сонау 2009 жылы Қытай елінде ересектер арасында өткен Азия чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізіп, Миландағы әлем чемпионатына қатысқан жиырма жасар Олжас болашақта еліміздегі шаршы алаң мықтыларының бірі болатынын байқатты. Одан кейін 2011 жылы өз салмағында үздік атанып, Әзірбайжан астанасы Баку қаласында өткен әлем чемпионатында бақ сынады. Ирландиялық боксшы Майкл Конланмен арада болған жекпе-жектің есебі 18:17 болып, жеңіс қарсыластың пайдасына небары бір ұпаймен бұйырған сәтте Бакудегі қазақ жанкүйерлері әділетсіздікке күйініп, залды тастап шығып кетті. Қиын сәттерде Олжастың қасынан табыла білетін білікті бапкер Нұрлан Ақүрпеков болса «Олжас жеңілген жоқ» деп, сол жерде спорт журналистеріне сұхбат берді. Бақтияр Артаевтай мықтыны тәрбиелеген бапкердің жалған сөйлеп, біреуге жала жаппайтыны анық. Лондон Олимпиадасына кімнің баратыны анықталатын Қарағандыда өткен турнирде ұлттық құрамадағы басты қарсыласы Ілияс Сүлейменов екеуі алғашқы кезеңде-ақ қолғап түйістірді. Бірінші және екінші раундта Олжастың айқын басымдылығы анық аңғарылды. Мониторда оның есебі де анық көрініп тұрды. Алайда, үшінші раундта Сәттібаевқа жөн-жосықсыз ескерту беріліп, батырымыздың ұпайын төрешілер көпе-көрінеу шегеріп тастады. Айта берсек, мұндай әділетсіздіктерді Сәттібаев аз көрген жоқ. Тіпті, күйінген сәтінде: «Кімге не жазғанымды білмеймін. Әйтеуір маған келген кезде бұра тарту орын ала береді. Реті келіп жатса, бапкерлерімнен рұқсат сұрап, өзімнің мықты екенімді шетелдің атынан дәлелдеуіме тура келетін сияқты», – деп, ашына сұхбат та берген болатын. Бірақ, қиянат атаулы алдынан қанша рет кесе-көлденеңдеп шықса да Олжастың сағы сынған жоқ. Қайта шын мықтыға тұсау болмайтынын дәлелдеген өжет оғлан түптің түбінде бәрін тәнті етті. Өйткені, Олжас әділдікпен ринг сыртында емес, шаршы алаң төрінде шайқасты. Қарсы келген боксшылардың бетін қайырып тастауға бар күш-жігерін жұмсады. Еткен еңбек пен төккен тер және боксшының тұла бойындағы табиғат тарту еткен талант жеңісті жолдан жаңылдырған жоқ. 2014 жылы Қазақстан чемпионы атағына үшінші рет ие болған Олжас Сәттібаев 2015 жылдың қаңтар айында «Астана арландары» клубына №1 боксшы ретінде қабылданды. Сол жылы Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) жеңімпаз атанды. Команданың жеңісті жорығы барысында С2 санатына жататын 52 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Олжас Сәттібаев финалдық кездесуде кубалық белгілі боксшы Йосбани Сото Вейтианы тактикалық және техникалық тұрғыдан әдемі жеңіп, «Арландарға» ең маңызды ұпайды сыйлады. Содан болар, кубалықтармен өткен финалда «Астана арландарының» чемпион атанғаны көңілімізде әлі күнге дейін сайрап тұр. Өткен жылы Таиланд астанасы Бангкок қаласында өткен Азия чемпионатында жерлесімізге қарсылас шақ келмеді. Олжас Сәттібаев алғашқы кездесуін шаршы алаң қожайыны Онгжунт Танеске қарсы өткізді. Күллі Таиланд жұртшылығы үміт артқан боксшы Танес өлермендікпен алға ұмтылған сайын халқымыздың қайсар ұлы оны дәл соққымен қарсы алып, өте жақсы тойтарыс берген. Әдетте, алаң иесімен жұдырықтасқанда айқын басымдылық танытпасаң, ұпайдың оңай беріле салмайтынын білетін Олжастың сол жекпе-жектегі жігеріне, соққыларына, қайсарлығына тәнті болғанбыз. Бұдан кейінгі қарсыластары да оңай болған жоқ. Соның бірі, жартылай финалда жолыққан және анау-мынау емес, 2013 жылғы Азия чемпионы қырғыз Азат Үсеналиев болатын. Бірақ ол Олжастың күші мен әдіс-тәсілінің алдында шыдас бере алмады. Сөйтіп, біздің оғлан ақтық сында өзбек боксшысы Шахобиддин Зоировты 3:0 есебімен ұтып, Азия чемпионы атағына қол жеткізді. Әуесқой рингте өзінің мойымас мықтылығын танытып жүрген Олжас Сәттібаевтың кадеттер арасындағы әлем чемпионы, Бакуде өткен халықаралық «Жібек жолы» турнирінің жеңімпазы, әскерилер арасындағы әлем чемпионы, Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) чемпионы, Азия чемпионы және еліміздің үш дүркін чемпионы екенін айтып өттік. Дегенмен, жиырма екі жасында отау құрған Олжастың жары Әйгерімнің де боксшы екенін былайғы жұрт біле бермейді. Ол болашақ жары Әйгеріммен бокс залында танысыпты. Әйгерім – 2007-2010 жылдар аралығындағы Қазақстан чемпионаттарында жеңімпаз атанған саңлақ спортшы. AIBA кубогінің қола жүлдегері. Бүгінде жас отбасының шаңырағының сәнін келтіріп, шаттық сыйлап отырған бір ұл, екі қызы бар. Анасы да, әкесі де жаттығу залында шүмектеп тер төккен отбасынан болашақта мықты спортшылар шығып жатса, нұр үстіне нұр дейтініміз анық. Өйткені, қанда бар дүние генетикалық кодтар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы заңдылық қой...
Жолдама оңай келген жоқ
Күллі спортшы атаулының басты мақсаты, аласармас асқақ арманы төртжылдықтың басты додасына телінген Олимпиада ойындарына қатысып, алтын жүлдемен оралу, елінің көк туын көкте желбірету екені баршаға мәлім. Мақаланың әлқиссасында айтқанымыздай, Олжас Сәттібаевқа Лондон Олимпиадасына қатысу мүмкіндігі болмағанымен, шүкір, Рио Олимпиадасында бақ сынау бұйырды. «Биыл Рио Олимпиадасына жамбылдық боксшылардан кім барады екен?» деп, көңіл шіркін аласұрып жүрген шақта алмас қылыштай жарқ етіп Олжас батыр шықты. Катар астанасы Дохада өткен әлем чемпионатынан кейін Қытайдағы лицензиялық додаға Олжастың басты қарсыласы Ілияс Сүлейменов қатысады екен деген алыпқашпа әңгімелер қаулай бастаған-ды. «AIBA pro boxing» жобасында жолдама алу мүмкіндігінен екі мәрте қағылған спортшы лицензиялық сында бақ сынайды дегенді естігенде біртүрлі күй кешкеніміз анық. Алайда, жұрттың сөзі жоққа шықты. Мырзағали Айтжанов бастаған ұлттық құраманың бапкерлері Қытайдағы Азия және мұхит аймағы елдері арасында Олимпиада жолдамасы сарапқа салынатын байрақты бәсекеге 52 келі салмақ дәрежесінде Олжас Сәттібаевты қатыстыруға шешім қабылдады. Сары құрлық біріншілігінде қарсыластарының бәрін бір деммен жеңіп шыққан Олжас Сәттібаев осы жолы жолдама алады дегенге түйсік сенді. Алдамапты. Жартылай финалға дейін алқынбай жеткен жамбылдық жампоздың жолында қытайлық боксшы Цзяньгуан Ху тұрды. Ху сан алуан қулыққа басса да, Олжас қарсыласын соққының астына алды. «Жерлесіміз жеңді» деп желпініп отырған бізді төрешілердің шешімі таңғалдырды. Олардың ұйғарымы бойынша Ху жеңіске лайық екен. Енді Олжас Сәттібаев box-off ережесіне сәйкес қырғызстандық былғары қолғап шебері, өткен жылғы Азия чемпионатында кездескен «ескі» досы Азат Үсенәлиевпен қолғап түйістіріп, Олимпиаданың жалғыз лицензиясын жеңіп алуы керек. Сендік. Батыр ұл сенім үдесінен шықты. Бір-бірімен сыралғы қарсыластар ә дегеннен кім мықтыны анықтауға көшті. Жолдама үшін жан алысып, жан берісуге көшкен Азат барын салды. Шабуылдарын үсті-үстіне үдетті. Кейбірі, тіпті, нысанасына дөп тиіп жатқанын да көз көрді. Бірақ үш раундты бір қалыпта өткізген Сәттібаевтың жеңісіне жанкүйерлердің де, төрешінің де күмәні қалмады. Есеп – 3:0. Олжас Сәттібаев – Рио Олимпиадасына берілетін жолдаманың иесі! Бәрекелді, жарайсың, Олжас батыр, дестік «көк жәшіктің» бергі бетінде отырып.
«Олимпиадаға оңай боксшы қатыспайды»
Рио Олимпиадасының жолдамасын олжалап оралған оғланды әуежайдан күтіп алған бетте біраз сұрақ қойып, алдағы жоспарымен бөлісуін өтінгенбіз. Сонда әлем чемпионатында бағы жанған кубалық Йосбани Сото Вейтианы, қытайдағы жолдама үлестіретін турнирде топ жарған өзбек Шахобиддин Зоировты жеңіп жүрген оғланның мақтангершілікпен ісі жоқ екеніне риза болғанбыз. Біз «Азиядағы бокшылардың барлығын да жеңіп жүрсің ғой. Олимпиада рингіндегі басты қарсыласың кім?» дейміз ғой баяғы. Бірақ қашанда сабырлы, салмақты мінезінен танбайтын Олжас: «Олимпиадаға оңай боксшы қатыспайды. Мексикалық Эмигдио Элиастың да, кубалық Вейтианың да үміті зор. Ал мен үшін ыңғайсыз қарсыластар – Азиялық боксшылар. Олимпиадаға тыңғылықты дайындаламыз. Бойдағы күшті сарқа жұмсасақ, жақсы дайындықпен барсақ, Алла қаласа, жақсы нәтиже де болып қалар», – деген жылы жымиып. Тағы бірде кездескенімізде Олжас: «Бәрі де Алланың қалауымен болады ғой. Алланың қалауымен Олимпиада жолдамасына иелік еткен жайымыз бар. Ендігі арман Олимп биігін бағындыру екені рас. Сол бағытта жұмыс жасап жатырмын», – деп үн қатты. Олжастың талантын танып, томағасын сыпырған бапкері Мұрат Әбімселімов те шәкіртінің Олимпиададан олжалы оралуға мүмкіндігі бар екенін айтады. «Жеңісті жорық жаттығумен келеді. Барлық қарсыласты зерттеу арқылы жеңеміз. Мен шәкіртімнің Олимпиададан олжалы оралатынына сенемін. Олжастың бойында жүлде алуға жетерлік қасиеттің бәрі бар» деп өз ойымен бөлісті Олжасты алғаш рет кадеттер арасындағы әлем чемпионатына үкілеп апарған Мұрат ағасы. Аузынан Алласы түспейтін, жүрегіне иман нұры ұялаған Олжастай оғланның Олимпиада ойындарында жасындай жарқылдауына біз де тілектеспіз. Сәттілік қашанда серігің болсын, Олжас!
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».