Елімізде қазақ-түрік лицейлері жұмысын жалғастыра береді - ҚР БҒМ
Елімізде қазақ-түрік лицейлері жұмысын жалғастыра береді - ҚР БҒМ
ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері Қазақстанда қазақ-түрік лицейлерінің жұмысы жалғасатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. "ҚР БҒМ еліміздегі ҚТЛ қызметіне қатысты өзінің ресми ұстанымын жеткізеді: бұл білім беру мекемелері (Қазақстанда 27 мемлекеттік қазақ-түрік лицейі бар) бұрын қалай жұмыс істесе, алдағы уақытта тура солай жұмыс істейді, оқушылар мен ата-аналарға басқа мектеп іздеуге тура келеді деп сақтануға себеп жоқ", - деп мәлімдеді министрлік өкілдері. Министрліктің мәліметінше, ҚТЛ-дердің Түркияға қатысы жоқ, білім беру саясатын қазақстандық және халықаралық стандарттардың негізінде құрады. ҚТЛ қызметін реттейтін "KATEV" халықаралық қоғамдық қоры Қазақстан мен Түркияның арасында білім беру саласында екіжақты келісім негізінде Н.Ә.Назарбаев пен Т.Озалдың қолдауымен құрылған еді. ҚТЛ жұмыс істеген уақыттан бері оқушылардың оқу үлгерімінің жоғары екенін көрсетіп, елдегі білім беру мекемелерінің ішінде абыройлысы екенін дәлелдеді. Соңғы жылдардың ішінде ҚТЛ-де оқитындар 5327 медаль жеңіп алды, оның ішінде 986-сын Бразилия, АҚШ, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Румыния, Канада, Грекия, Германия, Жапония елдерінде өткен Халықаралық олимпиадаларда алды. ҚТЛ-да 1124 оқытушы жұмыс істейді, олардың 1030-ы Қазақстан азаматы (91,7 пайызы), 94-і Түркия азаматы (8,3 пайызы). Мұнымен қатар, министрлік өкілдерінің айтуынша, ҚТЛ - қазақ тілінде оқитын дарынды балаларға арналған облыстық лицей-интернаты. "Биыл ҚТЛ-ды 1634 түлек тәмамдады. Олардың ҰБТ-дағы орташа баллы - 102,3. ҰБТ-2016 қорытындысы бойынша барлық ҚТЛ "Республиканың үздік 100 мектебі" тізіміне кірді. ҚТЛ-да тәрбие жұмысы Қазақстан Республикасының үздіксіз білім беру тәрбиесінің концепциясымен сәйкес, "Мәңгілік ел" жалпыұлттық идеясымен, Президенттің "Қазақстан-2050" Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты", "Қазақстандық жол-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір келешек" Жолдауларымен сәйкес жүзеге асырылады". Қазақ-түрік лицейлерінің отандық білім беру саласында өз орны бар және олардың қызметін өзге елдердің саяси жағдайының контекстінде байланыстырудың қажеті жоқ. Ешкім сырттан оларға қысым көрсетуге құқылы емес - олар Қазақстанның мектептері және Қазақстанның азаматтары", - делінген мәлімдемеде. "Біз ресми түрде мәлімдейміз, ҚТЛ-дың, "KATEV" қорының өзге елдің үкіметтерімен, ұйымдарымен және жеке тұлғаларымен байланысы жоқ", - дем мәлімдеді "KATEV" қорының өкілдері. Еске салайық, осыған дейін Түркияның Астанадағы өкілетті елшісі Невзят Уянык қазақ-түрік лицейлерінің және жоғары оқу орындарының Түркия үкіметіне еш қатысы жоқ екенін айтып, төңкеріс әрекеті болғаннан кейін Түркияның барлық достастық елдерінен қолдау күтетінін мәлімдеген еді. Ол достастық елдерге қарата сөз айтқан еді. "Төңкеріс әрекеті еліміздің демократиялық тіреуіне бағытталды, ол біздің үкіметті құлатуға бағытталды, ал бір тұсынан бұл әрекет басқа елдерге де ескерту. Органдар қажетті шараларды жүргізуді бастайды деп сенемін. Біз Қазақстан Республикасымен тығыз байланыстамыз, әріптестіктеміз. Бұл Түркия мүддесі ғана емес, бұл мәселелер Қазақстан Республикасының мүддесіне де қатысты", - деген еді елші. Ақпарат көзі : Kaz. tengrinews