Экономика

Жұмыс бар, нәтиже аз

Жұмыс бар, нәтиже аз

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің басшылығымен өткен әкімдік мәжілісінде осы жылдың жарты жылдығында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы қаралды. Аталған мәселе бойынша облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Сандуғаш Абдралиева баяндама жасады. 

Есепті кезеңде облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарымен 162,4 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 3,2 пайызды құраған. Бұл – республика өңірлері арасында 4-орын. Кәсіпкерлікті қолдау шеңберінде биыл жалпы құны 15,7 миллиард теңгеге 380 жаңа жұмыс орны құрылатын 8 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланса, оның үшеуі іске қосылып, 175 жұмыс орны ашылған. Осы жылдың 26 шілдесіне дейін 369,3 мың гектар алқаптың шөбі орылған. Бұл жинауға жоспарланған алқаптың 76,3 пайызын құрайды. Сонымен қатар, 1006 мың тонна пішен, 11,4 мың тонна пішендеме дайындалып, 150,3 мың гектар жерден дәнді дақыл жиналған. Дәнді дақылдың орташа өнімділігі әр гектардан 21 центнерден айналып, өткен жылғы көрсеткіштен 5,7 центнерге жоғары болуда. Нәтижесінде, ағымдағы жылдың қаңтар-маусымында егін шаруашылығы өнімі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 29,2 пайызға өскен. Ал мал шаруашылығында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда тірі салмақта ет 2,2 пайызға, сүт 2,1 пайызға, жүн қырқу 1,5 пайызға артық өндіріліп, сала өнімінің көлемі 1,8 пайызға өсіпті. Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, өткен жылдың тамыз айынан бастап теңге бағамының еркін айналымға түсуі есебінен халықтық тұтыну тауарларының, әсіресе, шетелден импортталатын тауарлардың қымбаттауына байланысты бөлшек сауда айналымы 0,4 пайызға, көтерме сауда айналымы 24,2 пайызға, көліктің барлық түрлерімен жүк тасымалдау 1,7 пайызға төмендеп, жолаушылар тасымалдау 3,7 пайызға ұлғайған. Баяндамаға сүйенсек, биылғы жылдың маусым айында 2015 жылдың желтоқсанына инфляция деңгейі 104,8 пайызды құрады. Азық-түлік тауарлары 4,2 пайызға, азық-түлік емес тауарлары 4,4 пайызға, ақылы қызметтер 5,8 пайызға қымбаттады. Облыста инфляция деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен 0,2 пайыздық тармаққа жоғары болып қалыптасты. Жұмысқа орналасудың орташа облыстық көрсеткіштен төмен деңгейі Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мойынқұм, Талас және Шу аудандарында тіркелген. Жыл басынан бері туберкулез, нашақорлық, қант диабеті және қан айналымы жүйесі ауруларына шалдығу деңгейі төмендеп, жаңадан пайда болған қатерлі ісік аурулары және психикалық бұзылу ауруларының деңгейі өскен. Биылғы жылдың қаңтар-сәуірінде туу және нәресте өлімі деңгейлерінің қысқарғаны, жалпы өлім, ана өлімі деңгейінің артуы байқалған. Нәресте өлімі деңгейі Тараз қаласы және Т.Рысқұлов ауданында, ана өлімі Тараз қаласы мен Меркі, Талас аудандарында, туберкулез аурулары Байзақ, Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі, Мойынқұм және Талас аудандарында өскен. Жалпы өлімнің өсімі Тараз қаласы, Жуалы, Қордай, Меркі аудандарында тіркелген.

Басқарма басшысының орынбасары келтірген осы секілді мәліметтерді мұқият тыңдаған Бекболат Орынбеков бірқатар сұрақтар қойды. Ең бірінші кезекте облыс әкімінің орынбасары басқарма тарапынан өткен кезеңдерді салыстыра отырып, облыста экономикалық-әлеуметтік ахуалын жақсарта түсу үшін қандай көрсеткіштерді арттырып, қай салаға басым назар аударылу қажеттілігі сараланған арнайы қандай болжам мен жоспар жасалғанын сұрады. Сондай-ақ, баяндамада статистикалық көрсеткішті тізіп шықпай, оны талдау керектігін ескертті. Сандуғаш Ермаханқызы бұл мәселеге байланысты облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2017-2020 жылдарға арналған болжамы жасалып, басқарма соған сай ай сайын талдау жасап отыратынын айтты. Ол талдауға сәйкес жыл соңында өнеркәсіп, кәсіпорын, құрылыс, ауыл шаруашылығы сынды негізгі салалардың өнімділік көрсеткіші жүз пайыздан асады деген болжамның бар екенін айтты. Төмен көрсеткіш сауда-саттық саласында күтілетінін жеткізген басқарма басшысының орынбасары оның себебін импортталатын тауарлар бағасының тұрақсыздығымен байланыстырды. 

Облыс әкімінің орынбасары облыста өндірілген өнімдердің экспортталуы мен ішкі нарықты қамтамасыз етуін талдай отырып, зерттеу жүргізу керектігін қатаң ескертті. Тараз қаласындағы қант зауытында қанттың мол өндірілуіне қарамастан, облыста оның бағасының шарықтап кетуін, сондай-ақ көршілес Қырғыз Республикасына заңсыз жолмен дизель отынының шығарылуын мысалға келтіре отырып, осындай олқылықтарға жол бермеу керектігін айтты. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынан өзге де бірқатар басқармалар мен аудан әкімдерінің есебін тыңдап, олардың экономикалық-әлеуметтік ахуалды жақсартуға бағытталған жұмыс жоспарлары мен болжамдарын тыңдаған облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толмайтынын жеткізді. Басшылардың сөзінше атқарылып жатқан жұмыс көп, алайда, тиісті нәтиже аз. Республика бойынша тоқсандық, жылдық қорытынды есеп беру кезеңдерінде облыс көрсеткішін кері тартып тұрған салаларда жұмысты ширату керектігін баса айтты. Сонымен қатар, әр сала бойынша нақты тапсырмалар берді.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».