Жамбыл облысында нәрестені ажалдан арашалап қалған диспетчер марапатталды
Жамбыл облысында нәрестені ажалдан арашалап қалған диспетчер марапатталды
Жамбыл облысында жаңа туған нәрестені аман алып қалуға себепкер болған медициналық құтқару бекетінің қызметкері марапатталды. Ермек Меңдібаев қақаған қыста жол бойындағы әжетханада жатқан нәрестені аман алып қалған. Оқиға қаңтар айында болғандықтан, бір сәтке кешігу шақалақтың өміріне қауіпті еді. Құтқарушының ептілігінің арқасында балаға дер кезінде қажетті көмек көрсетілді. Осы әрекеті үшін Меңдібаев «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бұл күн Ермектің есінен ешқашан кетпейді. Ол кезекшілігін өткізіп, үйіне қайтпақ болған уақытта жедел шақырту жетеді. Ақпарды ести сала ол бірден көмекке ұмтылды. Күре жолдың бойындағы әжетхана түбінен нәрестені көргенде бір сәт те ойланбады. Жас маманның құтқару бекетінде еңбек еткеніне әлі жыл толған жоқ. Ол мұнда фельдшер-диспетчер қызметін атқарады. «Нәрестені қолға алған уақытта оның шыр еткен даусы әлі құлағымнан кетпейді. Осы оқиға жұмысымның жауапты екендігін тағы бір мәрте айқындап берді», - дейді ол. Ермек Меңдібаев, медициналық-құтқару бекетінің фельдшер-диспетчері: - Әйтеуір бір құдай сақтап қалды ғой, көретін жарығы бар екен. Түскен кезде бала үндемей жатыр, қорқып кеттім, өліп қалды ма, шетінеп кетті ме екен деп, қайтадан барып баланы ұстап қалып едім, шыңғырып жылап жіберді ғой, сол кезде қуанып кетіп, басқаша сезім болдым. Қызметтестері Ермектің батылдығы мен жедел шешім қабылдау қасиетін жоғары бағалайды. Ұжымда ең кішісі болғанымен, сөзінің салмағы бар. Ал соңғы жағдайдан кейін жас маманға деген құрмет арта түскен. Талғат Тойлыбаев, құтқарушы: - Елгезек, жұмысқа ұмтылып тұрады, ол жігіт сыртқа шақыртуға шықпауы керек, «шығамын» деп ұмтылып тұрады, сұранады. Үйренсем деп талпынып отырады. Кезекті шақырту – апатқа ұшыраған адамдарға көмек керек. Ермек кезекші топты жіберіп, жағдайды бақылауға алды. Жолда түрлі жағдайлар кездеседі, сондықтан көп ретте бұл жігіттердің жедел әрекетіне талай адамның тағдыры тікелей байланысты.Ақпарат көзі: www.24.kz