Экономика

Жазғы дизель отыны қымбаттауы мүмкін

Жазғы дизель отыны қымбаттауы мүмкін

Энергетика министрлігі тамыздың басында жазғы дизель отынының шекті бағасын алып тастауды жоспарлап отыр. Осы орайда вице-министр Әсет Мағауов жазғы және қысқы дизельді шатастырмау қажеттігін айтады. «Біз жазғы дизельдің бағасын мемлекеттік реттеуді алып тастауды көздеп отырмыз. Ал қысқы дизельге шектеу болған жоқ. Бұған дейін оның бағасы нарық арқылы қалай реттелсе, ары қарай да солай реттеле береді», – дейді ол. Оның сөзіне қарағанда, жазғы дизельдің шекті бағасын алып тастағаннан кейін «солярканың» бір литрі 15-16 теңгеге қымбаттайды. Одан жоғары көтерілмеуі тиіс.

Бүгінде жазғы дизель отынының шекті бағасын алып тастаудың басты себебі – көрші елдермен баға айырмашылығы. Қазақстанда дизельдің шекті бағасы – бір литрі үшін 99 теңге болса, Қырғызстанда – 150, ал Ресейде 180 теңгеге дейін жетіп отыр. Шекара маңында тұратын ресейліктер мен қырғызстандықтар осыны пайдаланып, арзан қазақстандық дизельді тонналап тасып жүр. Транзитпен өтетін жүк машиналарының бактарын толтырып кететіні былай тұрсын, шекаралас аймақта тұратындар Қазақстанға бірнеше рет келіп, дизель отынын құйып әкетеді. «Біз ондай әрекеттерге шектеу қоя алмаймыз. Себебі Қырғызстан да, Ресей де Еуразиялық экономикалық одақтың мүшелері болып саналады», – дейді вице-министр Ә.Мағауов. Ал көрші елдерге арзанға кетіп жатқан дизельді отынға шектеу болмағаннан кейін оңтүстік пен солтүстік аймақтарда осы жанар-жағар майдың тапшылығы сезіле бастады. Осыған байланысты Қазақстандағы дизельді отынның шекті бағасын алып тастау бастамасы көтерілді. Энергетика министрлігі тиісті бұйрық та шығарған болатын. Алайда бұл құжат әлі күшіне енген жоқ. Вице-министрдің айтуынша, бүгінде осы мәселеге қатысты талқылаулар жүріп жатыр. Дегенмен, қазірдің өзінде құзіретті мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар аталған бастамаға қарсы емес сияқты. Жанар-жағар май құю бекеттері де оны толығымен қолдап отыр. Алайда Мағауов мырза тиісті шешім қабылданбай тұрып, спекуляцияға жол беруге болмайтынын ескертті. «Бізде осындай жаңалықтар жарияланған кезде біреулер бағамен ойнай бастайды, енді біреулер жанар-жағар майды ұстап қалып, бағаның көтерілгенін күтеді. Ондай спекуляцияға жол берілмейді. Жаңағыдай әрекеттер анықталса, тиісті жазалау шаралары қолданылады», – дейді вице-министр. Оның сөзіне қарағанда, министрлік дизельді отын саудасында  спекуляцияға жол бермеу мақсатымен шекті бағаны тездетіп алып тастауды көздейді. Тамыздың басында ресми шешім шығарылуы тиіс. Осыдан кейін дизель отынының бағасы 115 теңгеге дейін қымбаттайды деген болжам бар. Алайда ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін жеңілдік баға (79 теңге) сақтала береді.   Сарапшы мамандардың мәліметіне сәйкес, министрлік дизельді отын 115 теңгеге қымбаттайды десе, бұрынғы 99 теңгеге қосылып отырған 16 теңгенің ішінде бөлшек саудаға арналған дизельді отынды өндіру, тасымалдау және тағы басқа шығындар сияқты маржа бар. Заңға сәйкес, ол маржадан артық баға қоюға болмайды. Әлбетте, энергетика министрлігі дизельді отынның шекті бағасын алып тастаса да, оның құны көрші Ресей мен Қырғызстанмен теңеспейтін тәрізді. Еуразиялық экономикалық одақ аясында оларға арзан жанар-жағар майды тасымалдауға шектеу қоюға болмайды. «Алдағы уақытта 115 теңге болады», – деп отырған қазақстандық дизельдің құнына қосылған маржаны да сақтау қажет. Демек, шекті бағаны алып тастасақ та, бағаны шарықтатып жіберуге болмайды. Ал жалпы нарықтағы баға теңеспесе, шекара маңындағы көршілеріміздің арзан қазақстандық дизельге деген «қызығушылығы» да азая қоймасы анық.

Ақпарат көзі: Егемен Қазақстан