Отандық бизнестің алдында жаңа мүмкіндіктер ашылмақ
Отандық бизнестің алдында жаңа мүмкіндіктер ашылмақ
Қазақстандық бизнес 29 мамыр күні қол қойылатын Еуразиялық экономикалық одақтың келісімінде көрсетілген жұмыстарға дайын. Бұл туралы ҚР Өңірлік даму министрлігі кәсіпкерлікті дамыту комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Саркеев мәлімдеді. Шенеунік жылдың ең үлкен оқиғасы қарсаңында интеграцияның қазақстандық бизнеске әсерін нақты фактілер келтіре отырып айтып берді.
Отандық бизнестің алдында жаңа мүмкіндіктер ашылмақ. Еуроодаққа кіру Қазақстанға 170 миллион халықты қамтитын нарыққа жол ашумен қатар, Ресей және Белоруссия елдерімен жылдық айналымы 198 миллиард долларды құрайтын мемлекеттік сатып алу жүргізуге мүмкіндік береді.
Министрліктің болжамына сүйенсек, Еуроодақтың құрылуымен Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы артады. Бақытжан Саркеевтің айтуынша, Кедендік одаққа кіретін елдердің нарығына ыңғайластырылып, жаңа өндіріс орындарын ашуға түрік және корей кәсіпкерлері қызығушылық білдіріп отыр.
Алайда, Қазақстанда тауар экспортынан қарағанда, импорттың үлесі басым. Өңірлік даму министрлігі өкілінің келтірген мәліметтері бойынша, КО елдері арасындағы тауарайналымда қазақстандық импорттың үлесі – 74%, ал экспорттың үлесі небәрі 26%-ды құрайды. Сырттан жеткізілетін тауардың 71%-ы шикізат күйінде немесе өндірісте қолданылатын кезеңдік тауарлар болып табылады.
«Импорттың көтерілуі елде өндіріс орындарының көбеюімен байланысты. Индустриаландыру картасы аясында 650-ге жуық кәсіпорын іске қосылды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қаржыландырылған жобалардың 50%-ы өнеркәсіпте өңделуде. Өндірістің өсімі біздің кәсіпорындардың қажеттіліктерін арттыратын болады», - дейді Бақытжан Саркеев.
Кедендік одақ елдеріне экспортталатын тауардың 55%-ы дайын өнімдер болса, 45%-ы шикізат түрінде болмақшы. Б.Саркеевтің мәліметіне жүгінсек, жүк тасымалдайтын көлік түрлері, радиатор, трансформатор сынды тауарлардың эспорты артқан. Сондай-ақ, тағам өнімдері мен киім экспортының жоғарылағаны байқалады.
Назгүл Әбжекенова
(«Мегаполис», 26.05.14)