Астаналық азамат Риоға баратын боксшыларды үйінен дәм татқызып, батасын берді
Астаналық азамат Риоға баратын боксшыларды үйінен дәм татқызып, батасын берді
Астанада соңғы жаттығуын пысықтап жатқан бокстан Қазақстан ұлттық құрамасын елордадағы белсенді азаматтардың бірі Тәубежан Айтілеуов үйіне шақырып, алдарына ақ дастархан жайып, батасын берді.
Бұл туралы белгілі журналист Мәди Манатбек өзінің фейсбуктегі жеке парақшасында жазды. Онда “Бүгін бокстан ұлттық құрамамен басқосудың сəті түсті. Əдеттегідей Тәубажан Айтілеуов досымыздың шаңырағында. Осы кеңдігінен біз Тəукеңді атымтай жомарт атап кеткенбіз. Бүгін де жомарттық жолынан жаңылмаған Тəукең қазақтың күрзі жұдырық кəсіпқой боксшысы Қанат Ислам мен жаттықтырушысы Нелсон Лопеске шапан жауып, арғымақ мінгізді. Құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов, жаттықтырушылар Марат Жəкиев пен Марат Елеусіновке де тұлпар сыйлады. Қызды-қыздымен айтыскер ағамыз Аманжол Əлтай, Олимпиада чемпионы Серік Сəпиевке арғымақ мінгізіп, ұлттық құрамаға жыр арнауын жеткізді. Олимпиадашыларға да сыйлықтар үлестірілді. Белгілі дінтанушы, ғалым, қоғам қайраткері Қайрат Жолдыбайұлы мен айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы ақ жол тілеп, баталарын берді”, – деп жазылған. Сондай-ақ, Тəукеңнің үйіндегі қонақасы мейрамханадағы өтетін тойдан еш кем болмағанын да атап өтеді. “Жеңімпаздың атасы көп демекші, Олимпиада үздіктерін күтетіндер көптеп табылады. Ал жарыс алдында батырлардың басын қосып, сый-сияпат көрсетудің жөні бөлек. Біз де спорт майданы – Олимпиада ойындарына толық құрамда жолдама алған боксшыларымызға ақ жол тілейміз! Зілтеміршілеріміздің есесін сіздер қайтарыңыздар! Он салмақтың онында да жүлдеге ілігіп, Вал Баркер кубогы тұтас қазақ құрмасына беріліп, айды аспанға бір-ақ шығарыңдар! Көк байрағымызды желбірете беріңдер!” – деп тілек білдірген Мәди Манатбек. Еске сала кетсек, Риодағы олимпиада ойындары 5-21 тамыз аралығында өтеді. Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы олимпиада ойындарына тұңғыш рет толық құрамда, яғни, 10салмақ дәрежесінде қатысады. Рио шаршы алаңында атой салатын боксшыларымыз: 48 келі – Біржан Жақыпов 52 келі – Олжас Сәттібаев 56 келі – Қайрат Ералиев 60 келі – Берік Әбдірахманов 64 келі – Абылайхан Жүсіпов 69 келі – Данияр Елеусінов (команда капитаны) 75 келі – Жәнібек Әлімханұлы 81 келі – Әділбек Ниязымбетов 91 келі – Василий Левит 91+ салмақта – Иван Дычко
Ақпарат көзі: Stan.kz