Жерден басқа ғаламшарларда да тіршілік бар
Жерден басқа ғаламшарларда да тіршілік бар
немесе 1979 жылғы «Торғай оқиғасы» туралы не білеміз?
Жерден басқа ғаламшарларда тіршілік бар ма?! Осы сауалға нақты жауап әлі күнге табылмай келеді. Дегенмен, сонау 1970 жылдардың ішінде бөгде ғаламшарлықтар туралы әртүрлі алып-қашпа әңгімелер жиі айтылатын дейді аға-әпкелеріміз. Тіпті, сол кездерде басылым беттерінде бөгде ғаламшарлықты көргенін айтып, жар салғандардың мақаласы да жарық көрген екен. Жуырда осындай бір ерекше оқиға жайлы бұрын Қазақстанның Арқалық қаласында тұрған Татьяна Леонова есімді бұл әйелдің әңгімесі «ЦентрАзия» сайтында жарияланды. «Ол кезде мен тоғыз жаста едім. Әкем мал дәрігері болатын. Бірде ол мені малшылардың ауылына ілестіріп апарды. Жолда біз Сағынбай есімді таныс шопанның үйіне соқтық. Ол бізді күтіп алып, тамақтандырды. Сағынбай әкеме әлденені сыбырлап айтып отырған, бір кезде олар орындарынан асығыс тұрып, сыртқа шықты. Мен де ердім. Олар сиыр қораға кірді. Саңылаудан баспалап қарап тұрғам. Сұр түсті жалаңаш тіршілік иесіне көзім түскенде, тілім байланып қала жаздады. Оның басы адамдардікінен екі еседей үлкен еді. Көзі сондай үлкен екен. Сол есімде қалыпты», – деп ағынан жарылған Татьяна өз естелігінде. Негізі бұл оқиға былай болған екен. Сағынбай түнде сыртқа шыққанда, айнала жап-жарық боп тұрғанын көреді. Сосын атын ерттеп мініп, әлгі жерге барса апандай үлкен шұңқыр пайда болған екен. Түбінен бұрқырай түтін шығып жатқан күміс түсті шарға ұқсас зат көрінеді. Ойы он саққа кеткен Сағынбай бұл жерден аман-есенінде тайып тұруды ойлап кері бұрыла бергенде, тура алдынан алып жұмыртқаға ұқсас қара тасты көреді. Бұл не болды екен деп қарап тұрғанда тас ортасынан жарылып ашылады да, одан белгісіз тіршілік иесі шығады. Әлгінің бойы ұзын, ал аяқ-қолдары шидей. Ол тура Сағынбайға қарай беттепті. Сағынбай ойбайлап тұра қашпапты, оны атына мінгізіп, үйіне апарыпты. Сосын қазақ дәстүрімен төрге отырғызады. Қатты қорыққан әйеліне ет асуды бұйырады. Ал «құрметті қонақ» ет жемейді екен, ол пісіріліп әкелінген тамақтың тек қамырын ғана жеген. Оған әсіресе құрт ұнапты. Қонақ өзіне залда салынған төсекке жатпапты, түні бойы үстелде көзін жұмып отырыпты. Ерекше оқиға туралы сөз жатсын ба, ол жұрт арасына тез тарап, бұдан әскерилер де құлағдар болып үлгеріпті. Алайда, Сағынбай әскерилерге тіс жарып, ештеңе айтпапты. «Мейманын» шөмеле ішіне жасырыпты. Т.Леонова дәл сол күні бүкіл әлем уфологтарын елеңдеткен «Торғай оқиғасы» орын алғанын кейін естиді. «Торғай оқиғасы» туралы сол кездегі «Тургайская новь» газетінде жарияланған болатын. Мақалада жиырма шақты куәгерлердің көрген-білгендері жайлы жазылған. Газеттің жауапты хатшысы олардың сипаттауы бойынша әлгілердің суреттерін де салған. Белінде түрлі түсті белдігі бар, қара комбинезон киген әлгілердің бойлары 3–3,5 метрдей болған екен. Сол күні кешке тұрғындар аспаннан сыры түсініксіз жарқыраған шар көргенін айтқан. Бұл оқиға 1979 жылдың жазында Державинск қаласына таяу жерде орналасқан «Березка» деп аталатын пионерлер лагерінің маңында орын алған. Бұл маңда КСРО-ның ядролық қуатының 15 пайызы, континентаралық зымырандары сақталған аса құпия нысандары болыпты. Ал Державинск кезінде Торғай облысына қараған, бүгінде ол Ақмола облысындағы Жарқайың ауданының орталығы. Оқиға жөнінде Ресей Уфологтар одағының вице-президенті Анатолий Листратов кезінде былай депті: «Осы оқиғадан соң әлемде тұңғыш рет жатпланеталықтарды өз көзімен көрген адамдардың сөздері ресми түрде құжаттарға тіркелді. Зерттеу жұмыстарына Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері де араласты». Тексеру-зерттеу жұмыстары кезінде пионерлер түнде лагерь маңында костер жағып отырғанда бойлары үш метрдей белгісіз тіршілік иелерін көргенін айтып берген. Балалар лагерьге қарай тырақайлап қаша жөнеліпті, әлгілер олардың соңынан ерген. Лагерь қоршауының ішіне аман-есен кіріп алғасын балалар ес жиып, батылданып, енді әлгілерді бері кел деп өздері шақыра бастайды. Бірақ, олар қорған ішіне кірмепті. Осы күні кешке лагерьді тексеріп жүрген кезінде пионерлер жетекшісі де сыртта қалған үстел үстінде отырған бойы 3 метрден кем емес алыпты көріпті. Әлгі тіршілік иесі бұған бұрылып қарапты, қатты қорыққан пионерлер жетекшісі оның қызарған көзін ғана есінде сақтап қалыпты. Ал кейін жүргізілген тексеру кезінде әлгінің отырған үстелінің аяқтары жерге 350 килолық салмақпен басылып, кіріп кеткені анықталған. А.Листратовтың айтуынша, кейін «Техника молодежи» журналына осы оқиға туралы баяндаған хаттар келе бастапты. 1979 жылы осы журнал редакторының орынбасары оған бұл іспен айналысып көруге кеңес береді. Сосын Листратов «Тургайская новь» газетінің жауапты хатшысы Петр Жуковскиймен хабарласады, жатпланеталықтарды көрген адамдардың мекен-жайларын анықтап, олармен сөйлеседі. Державинскідегі құпия әскери бөлім командирінің орынбасарымен де әңгімелеседі. Сөйтіп жұртты шулатқан оқиғаның бос сөз еместігіне көз жеткізеді. Арқалықтағы оқиға да тура осыдан 37 жыл бұрын орын алған. Ғалымдар оны ғылым үшін аса құнды оқиға деп бағалапты. Бұл ғаламда біз сырын білмейтін жайлар көп-ау әлі де.