Білім

«Қалайша қиямыз, ұшырса ұямыз...»

«Қалайша қиямыз, ұшырса ұямыз...»

Мектеп бітірушілердің жүректерін лүпілдеткен соңғы қоңырау салтанаттары болып өтті

түлектердің кезекті тобының қияға самғап ұшар мезгілі де келіп жетті. Биыл қазақ-түрік ұлдар лицейі өз қабырғасынан 46 түлек түлетіп ұшырды. Бәрі де физика, химия, биология пәндері бойынша түрлі деңгейде өткен олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарында жүлделі орындардан көрініп, облыстың атын алысқа танытқан өрен жүйрік үздіктер.

Қазақ-түрік ұлдар лицейінде өткен соңғы қоңырау салтанатында облыстық білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова, халықаралық КATEV қорының өкілі Мұстафа Демир, ата-аналар атынан сөз сөйлеген еңбек ардагері Еркінбек Солтыбаев, дәрігер Иса Мырзахан білім беру саласында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген лицей басшылары, ұстаздарға ризашылықтарын білдіріп, түлектерге ақ жол тіледі. Бұдан соң республикалық пән олимпиадаларының екі дүркін жеңімпазы Болат Әшім мен 7-сынып оқушысы Нұрболат Айдарханның қоңырау қаққан сәті жиналғандарды ерекше толқытты.

* * *

Мектеп бітірушілер салтанаты бір кездері Шығыстың қос шынарының бірі, Кеңестер одағының Батыры Әлия Молдағұлова оқыған Шалғай Қарасу тұрғын үй алабындағы №11 аралас орта мектепте де (қазір әйгілі батыр қыз есімімен аталады) өзіндік сән-салтанатымен аталып өтті. Бұл күн алап тұрғындары үшін шын мәнінде де ерекше мереке болды. Таң құстаңдайланып ата бере-ақ алтын ұя ауласы қызылды-жасылды безендіріліп, ән мен күйге бөленген. «Шалғайқарасулықтар» бұл күні тайлы-таяғымен түгел мектепке қарай ағылды. Біреулерінің ұлы, қызы, енді бірінің немересі мектеп бітіріп жатыр, бұл олардың барлығына да ортақ қуаныш қой! Оның үстіне салтанатқа Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеровтың орынбасары Күлімхан Тоғызбаева және қалалық білім бөлімінің басшысы Маржан Қожаевамен бірге келіп қатысуы тұрғындар қуанышын үстеп те жібергендей болды. Әрісі Нұржан Cәбитұлының өзі осы мектептің бұдан жиырма бір жыл бұрын бітірген төл түлегі де болып шықты. Ол биыл мектеп бітіргелі отырған отыз түлекке сәт сапар тілеп, олардың өздерінің, ұстаздары мен ата-аналарының да еңбектерінің нәтижесі шығарылар жауапты сын – ұлттық бірыңғай тестілеуді жоғары деңгейде өткізулеріне тілектестігін жеткізді. Мектеп бітірушілер атынан Әділ Райымқұловтың 10-сынып оқушысы Әйгерім Жарылқасыноваға символикалық білім кілтін тапсыруы, соңғы қоңырау соғылуы сәті, алуан түсті шарлар мен көгершіндердің көкке ұшырылуы, түлектерге тиісінше құрмет көрсетілуі, бозбалалар мен бойжеткендердің алаңға қос-қостан қол ұстаса шығып, вальс ырғағымен тербеле билеуі де жиналғандарды ұмытылмас әсерлерімен баурағаны анық. Осылай бұл мектеп бауырынан биыл да біраз шәкірт түлеп ұшып, арманға қанат қақты. Оларды алдарынан «толған таңдау, толған мақсат» күтіп тұр. Ақ жол, жас түлектер!

Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».