Қара бастау бұлағының емдік қасиеті
Қара бастау бұлағының емдік қасиеті
немесе Қарабас батырдың берген аяны
Бәйдібек ата ұрпақтарының бірі Аққабақтың баласы Дуаннан тарайтын Қарабас батыр Құрымсыұлы болжаммен 1760-1860 жылдары өмір сүрген. Зор денелі, ақылды, сабырлы, батыр адам болған деседі. Ол туралы көнекөз қариялар көптеген қызықты әңгімелер, аңыздар айтатын. Батырдың алып денесін көтеруге бір аттың белі шыдамапты. Сол үшін ол жорықтарға аттанғанда қосымша тағы бір ат қосаққа алып жүреді екен. Жорықтардан кейін бір өзі бір бағлан қойдың етін жеп алып, жеті күн, жеті түн ұйықтаған дейді. Сондай бір қатты ұйқыда жатқан кезінде көк орай шалғында шалқасынан жатқан атамыздың кеуде тұсынан сұр жылан жорғалап бара жатыпты. Оның тастай суық денесінен сескеніп, оянып кеткен батыр бір қолымен жыланның басынан, екінші бір қолымен құйрығынан шап беріп ұстай алыпты. Сол күйі оны екі айырып, екі жаққа лақтырып жіберіп ұйқысын жалғастыра берген деседі. Қарабас батыр жоңғарлармен кезекті бір шайқастан қайтып келе жатып, Қытай жерімен шекаралас Талқы деген жерде қатты жараланыпты. Содан Алмалының тау жағындағы бір төбеге келіп, көз жұмады. Қарабас батыр атамыз жерленген соң бейітінің жанынан қайнар шығыпты. Суы шипалы бастауды ел-жұрт Қара бастау деп атап кетіпті. Кейін Кеңес өкіметі орнағанда бір шолақ бастық сол маңайдағы суы жоқ бір ауылға Қара бастауға құбыр жалғап су жеткізеді. Бірақ, бір күнде суға кенеліп, мәз-мейрам болғандардың қуанышы ұзаққа созылмапты. Бір түнде толассыз жаңбыр жауып, сел жүріп, құдықтан тартылған жуан темір құбырларды жұлып әкетіпті. Осы жағдайдан сескенген жұрт киелі бұлақтың шипалы суын ластамау керек деген байламға келіпті. Бірде түс көрдім. Түсімде ақсақалды қария: «Балам, келіп басымды тазалап кет!» – деп аян берді. Сұрастыра келе, түсіме кірген жанның Қарабас батыр екенін, оның қай жерге жерленгенін білдім. Аянды кешіктірмей орындау керек деген ниетпен екі рет жолға шықтым. Екі жолы да Алматыдан ары аспай кері қайттым. 1994 жылдың көктемі еді. Бірде Бішкек қаласында тұратын нағашыларыма қонаққа барсам, әпкелерім қырғыздың көріпкелі бар екен деп, улап-шулап соған бармақ болып, жолға жиналып жатты. Мен де барғым келді. Алдына барғанымда, көріпкел: – Басына ақ тас орнатқан атаң шақырыпты ғой, неғып бармай жүрсің? – деді қабағы қатуланып. – Екі рет ниеттеніп, жарты жолдан қайттым. Қашан, қалай барсам екен? Соны сұрай келдім, – дедім мен. Көріпкел 40 күн ішінде жолға шығатынымды айтты. Расында, маусым айында жол түсті. Әкемнің жолын қуып химия-биология пәнінің мұғалімі болған өзімнен кейінгі інім Күнболатты, немере ағам Құрманғалиді (Құрмаш) ілестіріп, жолға шықтық. Жолда кездескен адамдардан сұрай-сұрай, Қарабас батыр атамыздың бейітіне апаратын жалғыз сара жолға түстік. Жолай кездескендердің ішінде үлкен жастағы қариялар да болды. Олар Қарабас батыр жайлы бізден гөрі жақсы біледі екен. Құран бағыштауға бара жатқанымызды естіп «Әп, бәрекелді!» десіп, қуанып жатты. Атамыздың менің түсіме кіріп, шақырғанының себебін сонда жеткенде білдім. Сөйтсе ескерткіш орнатқан кезде, қоршаудың іші-сыртында алып барған зембіл, күрек, кетпен сияқты құрал-саймандар қалып қойыпты. Алыстан да, жақыннан да көзге оғаш көрініп жатты. Аманатты орындап болған соң, Құран оқып, бұлақтың суынан іштік... Қарабас батыр бақилық боларынан біраз уақыт бұрын түсінде зеңгір көктен бір дауыс естіпті дейді. Әлгі дауыс: «Бір тілек тіле, орындаймын», – депті. Сонда Қарабас: «Үрім-бұтағым қанша жыл қырғын соғыс болса да, ажал құшпай, аман-есен отбасына оралып, Алла берген жасына жетпей өмірден озбасын», – деген тілек айтыпты. Атамыздың Ұлы Отан соғысына қатысқан ұрпақтарының біразы әртүрлі жарақаттар алса да, барлығы дерлік еліне оралып, еңбек етіп, ұзақ жыл өмір сүрді. Қара бастаудың суы шынымен де шипалы, қасиетті екен. Оны ұзақ жыл химия-биология пәнінің мұғалімі болған анам Зуфнун: «Бұлақ суының ерекшелігі адамның ағзасына қажетті табиғи, химиялық элементтердің мол болуында», – деп түсіндірді. Кейін Дәулетбек тегі Зейнал ұлы Манапханға өтініш айтып, 2000 жылы Алматы қаласындағы «Жалын» баспасынан «Суан шежіресін», ал 2002 жылы Астана қаласында «Суан баба ұрпағы Құдайберді шежіресін» шығардық. 2014 жылы «Суан баба» қоғамдық қорының қолдауымен «Бәйдібек баба – алып бәйтерек» атты 672 беттік кітап жарық көрді. Авторы – тарихшы, шежіреші Серікбек Еркінбекұлы. Біздің батыр бабаларымыз ұлан-ғайыр жерді жаудан қорғау үшін ат үстінде күн кешті. Соның арқасында бүгінде табиғаты ғажап, жері бай елде өмір сүрудеміз. Бір ғана Жетісу жеріне қараңызшы. Ұлы Жібек жолы өтетін кіші Жетісу атанған осы Жаркент өңірінде жеті өзен: Қорғас, Шежін, Тышқан, Бұрқан, Өсек, Китін, Көктерек; жеті көл: Қазанкөл, Дүпшінкөл, Сасықкөл, Құндызкөл, Тұздыкөл, Өсеккөл, Жасылкөл; жеті арасан: Жаркент арасан, Қорғас арасан, Өсек арасан, Көктал арасан, Батпақ арасан, Кермеағаш, Найзаатқан бар. Қаланың ортасында қазір музей болып тұрған қазақ даласында бой көтерген архитектурасы қайталанбас ең алғашқы салынған мешітке де адамдар көп барады. Төртінші ауылда ХІ-ХІІ ғасырлардан бері тамырын терең тастап, жеті адам қапсырып ұстаса құлаштарына сыймайтын киелі ағашты тамашалауға туристер жан-жақтан, тіпті шетелдерден де келеді. Мұндай ұзақ жасаған, жуан діңгекті ағаштар тағы екі елде: Үндістан мен Қытайда – ғана бар екен. Осы үш елде өскен киелі ағаштардың тамырлары бір-бірімен жалғасып, тамырласып жатыр дейді жұрт. Еңбекші ауылындағы Жоңғар Алатауынан ылдилайтын кішірек өзен Іле арнасын толтырады. Ал «Бабилан» каналы да өзінің сыбдырсыз ағысымен тамсандырады. ХVІІ – ХVІІІ ғасырларда ғұмыр кешіп, бар күш-қайраты мен жігерін осындай қайталанбас бай табиғаты бар елі мен жерін сыртқы жаулардан қорғағандардың бірі – Бәйдібек баба ұрпағы, суан руынан шыққан Құрымсыұлы Қарабас (1760–1860) батыр. Жергілікті атқарушы органдар бабалар қорғаған осындай ғажап мекенді тамашалап келуші саяхатшыларды көбірек тарту үшін қолайлы жағдай жасаса, нұр үстіне нұр болар еді.
Гүлдана Тоқбаева, халық емшісі.
Меркі ауданы.