Меже – 23 центнер
Меже – 23 центнер
Биыл өңірімізде шөп те, егін де шықты. Олардың түсімі де жақсы. Шаруалар шабындықтар мен егінжайларда еңбек көрігін қыздыруда. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Әсілбеков:
– Биыл көктем айы жауын-шашынды болды, ылғалды ауа райы жаз кезінде де сақталып отыр. Сондықтан шаруалар жаздың әрбір қолайлы сәтін тиімді пайдалануға күш салуда. Облысымызда 483 865 гектар шабындық жер бар болса, бүгінгі күнге дейін оның 369 333 гектары орылып алынды. Өңірдегі төрт түлік мал басын жеткілікті қамтамасыз етуіміз үшін биыл 1 миллион 71900 тонна шөп жиналуы тиіс. Қазірдің өзінде бұл межеге жақындап қалдық. Бұрын көпжылдық шөп бір-ақ рет орылып алынатын. Екінші көктеген жоңышқа шалғы тісіне іліне қоймайтын. Ал бүгінде шаруалар кей жерлерде жоңышқаның екінші орымын бастап жатыр. Жалпы, биыл мал азығының әдеттегідей 1,5 емес, 2 жылдық берік қорын жасауға мүмкіндігіміз бар. Мал азығы пішен, сүрлем, пішендеме, ірі сабақты шөп есебінен молыға түспек. Өзен, көл бойындағы құрғауы күтіліп отырған шабындықтардан орылатыны бар – шөп дайындау ісі қара күзге дейін созылатын болады. Егін орағы бел ортадан ауды. Бүгінгі күнге дейін 247 864 гектар масақты дақылдар алқабының 137 977 гектары орылып, 290 537 тонна астық жиналып алынды. Облыс көлемінде 891 дала кемесі бар болса, соның 508-і нақты жұмыс істеп тұр. Олардың әрқайсысы күніне 14 гектар алқаптың астығын орып бастырады. Өңіріміздегі ақ егістің түсімі орташа есеппен 21, 1 центнерден айналуда. Науқанды 23 центнерлік межемен аяқтаймыз деп болжамдап отырмыз. Бұл – былтырғыға қарағанда 7-8 центнерге артық. Алдыңғы қатарлы шаруашылықтарда ақ егістің гектар қайтарымы 30-35 центнер төңірегінде.
Жалпы, барлық аудандарда түсім жақсы. Тек олардың бірқатары «арық айтып, семіз шығуды» діттеп, мәліметті аздап кемітіп беріп отыр деген ойдамыз. Осының бәрі де егінші, диқандарымыздың күндіз-түні бірдей, уақытпен санаспай еңбек етуінің жемісі екені анық, – деп ағынан жарылды.
Мұрат Әбілдаұлының айтуынша, егінді ысырапсыз жинап алу ісіне барлық күш жұмылдырылып отыр. Жауынның мол болуына байланысты баз бір жерлерде белең алған өсімдіктің тат, септериоз ауруларының егінжайларды дәрілік препараттармен өңдеу жолымен алды алынған. Диқандар дәні толық басын көтере алмай майысып, жапырылған арпа дақылын орып, жинаудың амал-әдістерін кеңінен қолдануда. Биыл өңірімізде 80 мың гектарға жуық алқапта егіліп, өсіріліп отырған мақсарыдан да мол өнім жиналып алынады деп күтілуде. Жалпы, егіншілік саласындағы заңдылық бойынша комбайндар алқаптан кетісімен, іле-шала алқапқа соқа түсуге тиіс. Сонда жер жақсы жыртылады, көп уақыт та, күш те керек емес. Cүр (пар) жыртудың да агротехникалық маңызы зор. Бұл шара жерді бір жыл бойы «демалдырып», бірнеше мәрте механикалық, химиялық әдіспен өңдеуге, арамшөптен арылтып, тазалауға мүмкіндік береді. Мұндай алқапта өсірілген астықтан күткендегідей өнім алынары анық. Бүгінде облыста 127 700 гектар жер көтеріліп, жоспар 98,9 пайызға орындалған. Оның бірінші өңделгені – 127700, екінші өңделгені – 99470, үшінші өңделгені 1300 гектарды құрайды. Жазғы егіс-дала жұмыстарында үзіліс, кедергі болмауына ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін мемлекет тарапынан жеңілдікпен босатылатын жанар-жағармайдың да септігі тиюде. – Биыл өңірімізде бұл мақсатқа 16 мың тонна дизельді жанармай бөлінген-ді. Бұл тұрғыда ешқандай да мәселе туындамайды деген ойдамын. Шаруалар қажетті жанар-жағармай өнімін уақтылы және сұраған көлемінде алып жатыр. Бір литрінің бағасы 89-90 теңге, нарықтағыдан едәуір төмен бағамен берілуде, – дейді бұл ретте М. Әсілбеков.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».