Тәуекел керек әр іске
Тәуекел керек әр іске
Кәсіп ашамын, жұмыс жасаймын деген адамға мемлекет қашанда көмек қолын созуға әзір. Бірнеше мемлекеттік бағдарлама әзірленіп бекітіліп, жеке кәсіпкерлікті дамытуға қыруар қаржы бөлінуде. Бұл тұрғыда Елбасы өзінің «Қазақстан жолы – 2050: «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында да: «Азық-түлікке деген қажеттілік арта береді. Бұл секторға инвестиция көбірек салынады. Сондықтан да, бүгінгі фермерлер тек уақытша әрі ауа райына байланысты кездейсоқ жетістіктерді малданып қалмай, өндірістік өсімі жөнінде ойлануға тиіс», – деп ерекше атап өткен болатын.
Шынтуайтында, кәсіпкерлікте сөз бен істің бірлігі қажет. Өңірімізде кәсіптің көзін тауып, керегесін кеңейтіп отырған шаруа қожалықтары аз емес. Солардың бірі – Сұмқайты ауылындағы «Еркебұлан» шаруа қожалығы. Қожалық негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінде оның иелігінде 200 бас қой бар. Алдағы уақытта ірі қара малын да көбейтуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, енді ғана шаруасын бастаған шаруашылық жалға алған 100 гектар жерін тиімді пайдалануда. Оның жартысы – егістік, жартысы – жайылымдық. Осы орайда жаны нәзік болғанымен, жүрегі батыр, ер мінезді қожалық жетекшісі Венера Жүнісованы әңгімеге тартқан едік. – Ең алғаш кәсіппен айналысып, қожалықтың іргесін қалағанда біраз қиындықтар туындады. Дегенмен, «Көз қорқақ, қол батыр» деген емес пе? Былтыр тәуекел деп осы істі қолға алғанымызда, жұмысымыздың алға басуына сенімсіздікпен қарағандар да болды. Кәсіпте ондайға ерік бермеу керек екен. Мен жақында ғана «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 3 миллион теңге қаражат алдым. Мақсатым – бастаған ісімді одан әрі дамытып, таяу жылдарда зор жетістіктерге қол жеткізу. Кәсіпте алға қойған мақсатыңнан таймай, тек ілгері қадам басу керектігін түсіндім. «Заманына қарай адамы» дейді. Еліміз дамып, әлемдегі 30 елдің қатарына қосылсақ деп жатқанда, бүгінгі заманда қол қусырып текке қарап отыра беруге болмайды. Осыны түсінуіміз керек. Егер адам бақуаттанып, шалқып өмір сүргісі келсе, белгілі бір кәсіппен айналысуы, еңбек етуі керек, еңбек еткеннің есесі кетпейді. Білекке – білек, тілекке тілек қоса алсақ қана, мемлекетіміздің мерейі үстем болады, – дейді шаруашылық басшысы Венера ханым. Айтпақшы, кейіпкеріміз «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде «Бизнес кеңсесі, бизнес өсу» оқу курстарынан да өтіпті. Алға қойған мақсат-міндеті айқын. Жоспарлары да көп-ақ. Ең бастысы, Венера Ермекқызы тәуекел етіп тірлік бастап отыр. Ал тәуекел етіп тірлік жасағандардың тәуір өмір сүретінін өмірдің өзі көрсетіп отыр емес пе? Бұл ретте «Еркебұлан» шаруашылығы да ертең-ақ ауыл-елдің бақ-құтын еселер, шалқыған шаруашылықтың біріне айналмасына кім кепіл?
Нұрболат Әлдибеков, «Ақ жол».
Т.Рысқұлов ауданы.