Сарбаздар ант қабылдады
Сарбаздар ант қабылдады
Тараз қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінде жас сарбаздардың салтанатты түрде ант қабылдау рәсімі өтті. Отан үшін отқа түсер азаматтарымыздың өміріндегі жауапты қадам жасау шарасына 5513 әскери бөлімінің командирі, подполковник Бағдад Нарбаев, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік құқық жөніндегі басқармасының басшысы, полковник Ниязтай Әлкешев және бөлімнің басқа да қызметкерлері, сондай-ақ сарбаздардың ата-аналары мен туған-туыстары қатысты.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында әскерге азаматтық борышын өтеуге келген жас сарбаздар Отан қорғаушылармен тең дәрежеде сапқа тұру үшін бір айдан аса уақыт арнайы дайындық курсынан өтті. Қарағанды, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облысынан шақырылған 306 жауынгер Қазақстан халқына адал болуға, оның заңдары мен ұлттық құндылықтарын қастерлеп сақтауға ант берді. Әр сарбаз ант қабылдаған сәттен бастап ұлан-ғайыр жерімізді білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған жаужүрек бабаларымыздың ерлік жолын жалғастырушы, елдің қорғанына айналары хақ. Осындай сертке саналы түрде кіріскен ел азаматтарын жақындары ерекше ықыласпен қошеметтеп жатты. Сарбаздар сап түзеген алаңға жауынгерлік ту кіргізіліп, мемлекеттік Әнұран орындалды. Бұдан соң 5513 әскери бөлімінің командирі, подполковник Бағдад Нарбаев жас сарбаздарды құттықтап, командирлік сөзін арнады. – Біз тұрақтылық пен өркениетті көксеген Ұлы Дала еліміз. Өз Отанын қорғауды перзенттеріне сеніп тапсырған ата-аналарға алғыс айтқым келеді. Бақытымызға орай, тыныштық пен келісім, бірлік орнаған бейбіт елде өмір сүрудеміз. Алайда, мемлекет ішіне іріткі салуды көздеген топтар барда қауіп те жоқ емес. Сондықтан Ұлттық ұлан 5513 әскери бөлімі біртұтас жауынгерлік күш ретінде еліміздің тыныштығын күзетуі тиіс. Отан қорғаушы атына кір келтірмей, азаматтық борыштарыңызды абыроймен, асқан жауапкершілікпен өтеулеріңізге тілектеспін, – деді ол. Салтанатты жиында әскери музыканың әуенімен қатар-қатар сап түзеп, бір ай бойы үйренген сан алуан әскери қимылдарын көрсеткен сарбаздардың ептілігі мен шеберлігіне жиналған қауым үлкен қошемет білдірді. Сондай-ақ құқық бұзған азаматты ұстау іс-әрекеттері мен кинологиялық қызмет мамандарымен бірігіп атқарған қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін де көпшілік ризашылықпен тамашалады. Осы ретте немересінің сарбаз атану сәтіне куә болу үшін Талдықорған қаласынан келген Күлаш Әбдилдинова әсерімен бөлісті. – Мен Дидар Бейсенбаевтың апасымын. Ұлым кеше ғана ауылдан шығарып салған бозбала еді. Бүгін сапта сымдай тартылып, есейіп қалыпты. Мұнда жас жауынгерлерге барлық жағдай жасалған. Командирлерінің қамқорлығына рахмет. Отанына адал қызмет етіп, елге абыроймен оралсын деп тілеймін, – деді ол. Іс-шара соңында ата-аналар балаларымен бірге әскери оқу ғимараты мен құрылымды аралап көрді.
Шынар АСАНҚЫЗЫ, «Ақ жол».
Суретті түсірген Алмаз Орманов.