Олимпиадаға 11 күн қалды
Олимпиадаға 11 күн қалды
Рио Олимпиадасында қазақ елінің боксшылары алғашқы кездесулерін тамыздың 6-сынан бастайды. Осы күні Астана уақыты бойынша 20:00-де 60 келі салмақта шаршы алаңға Б. Әбдірахманов шығады, сағат тілі 7 тамыз күнгі түнгі екіге ауғанда 81 келі салмақтағы боксшымыз Ә. Ниязымбетов пен 91 келі салмақтағы В. Левит алғашқы кездесулерін өткізеді. Осы күні Астана уақытымен 20:00-де Б. Жақыпов (49 келі) өнер көрсетеді. Ал 8 тамыз күнгі түнгі 02:00-де 81 және 91 келідегі боксшылар сынға түседі.
Тамыздың 8-і күні 20:00-де ұлттық құрама капитаны Д. Елеусіновтің (69 келі) жекпе-жегін тамашалаймыз. 9 тамыздың түнгі сағат 02:00-інде тағы бір батырымыз Ж. Әлімханұлы (75 келі) шаршы алаңға шығады. Осы 9-ы күні 20:00-де 60 келі салмақтағы боксшылар арасындағы іріктеу жарыстары өтеді. Сонымен қатар, түн оныншы тамызға ауысқанда 02:00-де 75 келі салмақтағы боксшылар мен +91 келідегі боксшылар арасындағы жекпе-жектерді көреміз. Бұл күні аса ауыр салмақтағы И.Дычко рингке көтеріледі. 10 тамыз күні 20:00-де 49 келі салмақ дәрежесіндегі боксшылардың ширек финалдық бәсекелері басталады. 11 тамыз күні түнгі 02:00-де 56 келідегі Қ.Ералиев пен 64 келідегі А. Жүсіпов шаршы алаңға шығады. Сондай-ақ, 81 және 91 келі салмақтағы боксшылар арасында ширек финалдық бәсекелер өтеді. Келесі күні 56, 64, 69 және 81 келі салмақтағы боксшылар арасында іріктеу сындары жалғасады. Тамыздың 12-сі бокстан қыздар арасындағы жекпе-жектер басталады. Бұл күні 20:00-де Ж. Шекербекова (51 келі) алғашқы кездесуін өткізеді. Ал 13 тамыз күні сағат 20:00-де 52 келі салмақта жерлесіміз О.Сәттібаев шаршы алаңға шығады. 14 тамыз, түнгі сағат 02:00-де 69 келідегі боксшылар арасында ширек финалдық додалар, 91 келі салмақта жартылай финалдық бәсекелер өтеді. Сондай-ақ, +91 келі салмақтағы боксшылар арасында іріктеу сыны да жалғасады. Тамыздың 14 күні сағат 20:00-де екінші боксшы қызымыз Д. Шакимова шаршы алаңға көтеріледі. Келесі күні сағат 20:00-де 52 және 75 келі салмақтағы боксшылар арасында іріктеу ойындарына кезек беріледі. 69 келіде жартылай финалдық ойындар өтеді. 16 тамыз күні 02:00-де 91 келі салмақтағы боксшылар арасында финалдық жекпе-жек басталады. Осы күні бокстан әйелдер арасында 51 келі салмақта ширек финалдық жекпе-жектер жарыс көрігін қыздырмақ. 17 тамыз күнгі сағат 23:00-де 75 келі салмақтағы қыздардың ширек финалдық бәсекелері өтеді. Тамыздың 18-і күні әйелдер арасында 51 келі салмақтағы боксшылардың жартылай финалдық жекпе-жектеріне кезек берілмек. 19 тамызда сағат 23:00-де 75 келі салмақтағы қыздар жартылай финалдық жекпе-жектерін бастайды. 20 тамыз 23:00-де 51 келі салмақтағы боксшы арулар арасындағы финалдық доданы тамашалаймыз. 75 келі салмақтағы қыздар арасындағы боксшылардың финалдық жекпе-жектері 21 тамыз, сағат 23:00-де басталады.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».