Спорт және туризм

Жеңіске құштар жампоз

Жеңіске құштар жампоз

Боксшы Ғани Жайлауовқа Лондон Олимпиадасында аз ғана сәттілік жетіспеді

Шаршы алаңда олжа салған жамбылдық боксшылар туралы сөз қозғалса, олардың қатарында маңдайы жарқырап, 60 келіде жұдырықтасқан Ғани Жайлауов та тұрады. Ол өзінің кәсіби мансабында ел сенімін ақтау үшін аянбай тер төкті. Ұзақ жылдар сенім үдесінен шыға білді. Бірнеше жыл бойы бокста қол жеткізген абыройды сақтау – айтуға ғана жеңіл. Ал Ғани талай байрақты бәсекелерде жасындай жарқырады.

Түлкібаста – еркін 

күрес, Таразда – бокс

9A0mr++hBzlbg aupyde++c5hzs bcyPLP++INPj0 DHmn3ooM++x4QОл балаң шағында бокстан бұрын еркін күрес залынан табылған. Еркін күрестен де аудан, облыс көлемінде жүлделі орындарға іліге бастаған. 6-сыныпқа көшкен жылы әкесінің жұмыс жағдайына байланысты Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданынан Таразға қоныс аударады. Ғани оқуын Тараздағы №26 орта мектепте жалғастырады. Алайда, бұл төңіректе еркін күрес секциясы жоқ болып шығады. Көршісі Абайдың бокс секциясына барып жүргенін білген Ғанидың да боксқа деген құштарлығы оянады. Бір күні Абайға еріп бокс залына келеді. Күрес үйірмесін іздеп жүрген сүйкімді бала бокс секциясының жетекшісі Нұрлан Ақүрпековке ұнап қалады. Ол Ғанидың бокс секциясына келуіне кеңес береді. Осылайша Ғани бокс спортының әліппесін Нұрлан ағайынан үйрене бастайды. Арада алты ай өткенде оқушылар арасында облыс чемпионы атанып, шеберлігімен көзге түседі. Тұлпарды тай күнінен танығандай, Ғанидың болашағы зор екенін Нұрлан бапкер де сезініп, шәкіртінің дайындығына ерекше көңіл аудара бастайды. 16 жасында жасөспірімдер арасында республика чемпионы, 19 жасында жастар арасында Қазақстан Республикасы біріншілігінің жүлдегері атанғанда, Жайлауовтың жүрегінде қуаныш атойлады. Көп ұзамай ересектер сапына ауысады. Жанарында жасын ойнаған Жайлауов бокстан үлкен биіктерді бағын­дыруды мақсат тұтады. 2008 жылы Тараз қаласында бокстан ересектер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында 60 келі салмақта Ғани қарсылас шыдатпай, топ жарады. Ғани ел чемпионы атағын 2009, 2011 жылдары да сәтті қорғай білді.

Куба боксшысы алынбас қамалға айналды

2009 жылы Италияның Милан қаласындағы әлем чемпионатында 60 келі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Алайда бұл жолы Жайлауовқа жеребе ауыр соқты. Ә дегеннен кубалық Толедоға қарсылас атанды. Бұл жекпе-жек тең жағдайда өткенімен, төрешілер кубалық боксшының қолын көтерді. Сол Толедо жартылай финалда жергілікті боксшы Валентино Доменикоға жол берді. Доменико әлем чемпионы атанды. Арада төрт ай өткенде Қытайдың Гуан-Жоу қаласында жалауы желбіреген халықаралық турнирде Ғани Жайлауов Домениконы 8:2 есебімен айқын ұтып кеткені бар. Осы додаға қарап-ақ, жеребе Миланда сәтті түсіп, төрешілер бұра тартпағанда Ғанидың әлемдік додадан медальмен қайтатын мүмкіндігі бар ма еді деген ойға шомасың. 2010 жылы студенттер арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанды. Көп ұзамай Азия чемпионатының қола жүлдесіне де қол жеткізді. Ал 2011 жылғы Бакуде өткен әлем чемпионатына Ғани тастүйін дайындалды. Лондон Олимпиадасына жолдама алуы қажеттігін көңіліне мықтап түйген болатын. Алғашқы бірнеше қарсыласын даусыз жеңген Ғани ширек финалда үнділік Джай Бхагвеннен де қиындықсыз басым түсті. Жартылай финалда кубалық Иасниер Лопес Толедоға жол берген Ғани бұл әлем чемпионатынан қола жүлдемен және Лондон Олимпиадасына жолдамамен оралды. Бұл жеңісін елеусіз қалдырмай, сол кездегі облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың екі бөлмелі пәтер кілтін сыйлағаны Ғанидың есінен кетпейді. Батырын құрметтеген басшыға біз де разы болғанбыз.

Тищенконы жеңген қазақ

Ғани Лондон Олимпиадасына да шүмектеп тер төгіп, аянбай, тиянақты түрде дайындалды. Төрт жылда бір өтетін байрақты доданың салмағын, жауапкершілігін жүрегімен сезінді. Олимпиада алдындағы халықаралық турнирлердің бірінде екі дүркін Олимпиада чемпионы, ресейлік Алексей Тищенкодан басым түскенін қазақстандық қалың жанкүйер әлі ұмыта қойған жоқ. Сол жекпе-жекте шаршы рингте шалт қимылдап, қарсыласының адымын аштырмаған оғланға біз де тәнті болғанбыз. Лондон Олимпиадасының шаршы алаңында Ғани Жайлауов әуелі таиландтық боксшы Сайл Ардимен қолғап түйістірді. Олимпиаданың алғашқы жекпе-жегі болған соң ба, бұл кездесу Жайлауовқа жеңіл тиген жоқ. Әрине, қай спортшының шыға сала жеңілгісі келеді дейсіз. Жекпе-жек тең жағдайда өткенімен, соңғы минуттарда Ғани белсенді қимылдады. Соның нәтижесінде 1/8 финалдық кезеңге жолдама алды. Келесі жекпе-жекте үнділік Джай Бхагвенмен қолғап түйістірді. Бұл жолы Ғани еркін жұдырықтасты. Ринг сыртынан дауыстаған бапкері Нұрлан Ақүрпековтің «Соқ, Ғани! Басыңды тік ұста! Жарайсың!» деген жалынды сөздерін анық ести білді. Содан қарсыласына ешқандай мүмкіндік қалдырмады десе де болады. Яғни, үнділік боксшыны 16:8 есебімен ойқастап жүріп ұтып, ширек финалға өтті. Ширек финалда кубалық боксшы, сыралғы қарсыласы Лопес Толедоға тағы да есе жіберді. Үнемі алдын орайтын Куба қабыланынан Ғани өкінішке қарай бұл жолы да айласын асыра алмады. Сөйтіп, Лондон Олимпиадасын үздік сегіздік қатарында аяқтады. Алайда, Ғани жеңіс жолында аянып қалған жоқ. Мүмкін, аз ғана сәттілік жетіспеді. Бәлкім, Жайлауовқа жеребе сәтті түскенде жүлдеге ілінер ме еді, кім білсін?! Лондон Олимпиадасынан кейін де Ғани халықаралық турнирлерде ел намысын абыройымен қорғады. «Астана Арландары» кәсіпқой бокс клубының сапында да сәтті өнер көрсетті. Ел чемпионаттарында жүлдегер атанды. Бір сөзбен айтқанда, Олипиададағы сәтсіздік сағын сындырған жоқ. Соңғы екі жылдан бері Ғани Жайлауов қолғабын шегеге іліп, бапкерлікке ден қойды. Жасөспірімдерді жаттықтыруға кірісті. Болашақта әлем, Олимпиада чемпиондарын дайындауды көздейді. Қазірдің өзінде шәкірттері жасөспірімдер арасында ел чемпионы атанып үлгерді. Жауапкершілік жүгін жүрегімен сезініп, барын салып қызмет етіп жүрген Ғаниға сала мамандары дән риза. Азия, әлем чемпионаттарында олжа салған боксшы Жайлауовқа жанкүйерлердің өкпесі жоқ десе де болады. Өйткені Ғани өзі бағындырмаған межені шәкірттері бағындырғанын қалайды. Бапкер ретінде Ғани батырдың жетістіктерін көрер күн алыс емес шығар. «Ғанида сабырлы мінез, қайсарлық, шыдамдылық бар. Ол шәкіртімнен өте жақсы бапкер шығатынына сенемін», – дейді таланттың томағасын сыпырған Нұрлан Ақүрпеков. Ғанидың отбасы жайлы да тарқатып айтуға болады. Әкесі Олжабай қарапайым көлік жүргізушісі болса, анасы Ерке үй шаруасында. Інілері Ғали мен Еркін де бокспен шұғылданады. Келіншегі Зарина – танымал боксшы Мұхит Амантаевтың қарындасы. «Аталарымызда спортшы болған ешкім жоқ. Біздер бастап жатырмыз. Інілерімнің де ертеңінен үміт күтемін. Олардың жанарынан үнемі жеңіске деген жігер, жалын, ұшқын көремін», – дейді Ғани Жайлауов отбасы жайлы сыр шертіп. Бірнеше жыл 60 келі салмақта ел намысын абыроймен қорғаған Ғани Жайлауов – барлық мақтауға лайықты жігіт. Жүрегіне иман нұры қонақтаған Жайлауовты ұдайы жұма намазынан көріп тұрамыз. Болашақ жас спортшылар Ғанидың да жеңісті жолдарын үлгі ететіні анық. Ертеңнен үміттері мол, боксқа қызығушылығы жоғары сол жасөспірімдердің арасында Ғани Жайлауовтың өзі бапкер болып жүр. Жамбылдық жампоздың ендігі кезекте бапкер ретінде биік белестерді бағындыруына тілектеспіз. Талай додада атой салған оғландар әлемдік спортта жетіп артылады. Ендеше, Лондон Олимпиадасында ширек финалға алқынбай шыққан сайыпқыран шәкірттері ұстазынан оза шауып жатса, ол да бақыт емес пе?!

Есет Досалы, «Ақ жол».