Жамбыл облысы бойынша «ЭКСПО-2017» қонақтары болатын тарихи орындар нақтыланды
Жамбыл облысы бойынша «ЭКСПО-2017» қонақтары болатын тарихи орындар нақтыланды
«ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің қонақтары мен қатысушыларының келетін негізгі нысандарын тарихи-мұралар құрайды. Осы орайда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің бірлесе отырып жасаған жоспарына орай, көрме қонақтарының маршрут тізбелері бекітілді. 2016 жылғы 18 шілдедегі №209 бірлескен бұйрыққа сәйкес жасалған маршрут ішінде Жамбыл облысы бойынша «Астана-Тараз-Қазақ ауылы-Көксай» бағыттары қамтылған. Бұл туралы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік қорық мұрпажайынан хабарлады. Аталған бағыт барысында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-мұражайының Республикалық дәрежедегі ең басты тарихи мұралары еніп отыр. Олардың қатарында: Бүкіләлемдік ЮНЕСКО-ның «Ұлы Жібек жолы» бағыты бойынша тізімге алынған «Ақыртас сарай» кешені, Айша бибі, Бабаджа-қатын, Қарахан, Дәуітбек, Тектұрмас кесенелері мен ашық аспан астындағы «Ежелгі Тараз» археологиялық саябағы, «Төрткөл» керуен сарайы бар. Жоғарыда аталған бағыттармен қатар өлкетану мұражайлары, қорықтар, табиғат орындары да қамтылған. Көрмеге орай, мекеме қарасты жоғарыда аттары аталған тарихи-мәдени мұралар аумағында әзірлік жұмыстары басталып та кетті. Алдымен жедел іс-шаралар жоспары жасалып, тұжырымдама дайындалды. Жоспарға орай, келушілерге арнап жол көрсеткіштер, үш тілде көрме логотипі бейнеленген ақпараттық тақталар, санитарлық орындар, қауіпсіздік мақсатындағы бейнебақылау құрылғылары және жалпы инфрақұрылым жүйелері жаңғыртылуда. «Астана-Тараз-Қазақ ауылы-Көксай» бағытындағы көрме қонақтары мен қатысушыларына арнап, мекеме «Ежелгі Тараз» музейі аумағында «Болашақ энергиясының арғы тегі-Шырағдандар шеруі» тақырыбында кең көлемде көрме әзірлеуде. Сонымен қатар халықаралық көрме жұмыстарына байланысты, мекеме Жамбыл облысы әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасы мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Тараз филиалымен бірлесе отырып тығыз жұмыс жасауда. Жұмыстың негізгі бағыттары тарихи-мұралар бойынша жасақталған маршруттар құру. Және аталған бағыттар бойынша тізбеге енгізілген ескерткіштер аумағында қонақтардың көптігіне байланысты біздің қорық-музеймен қатар қаладағы жекелеген туристік қызмет көрсетуші компаниялармен келісім-шарттар жасалуда. Жалпы «ЭКСПО-2017» көрмесіне арнап, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінде көптеген іс-шаралар жоспарлануда. Ұйымдастырылатын іс-шаралардың негізгі өтетін орны «Ежелгі Тараз» археологиялық саябағы, Қарахан, Айша бибі, Ақыртас кешендері аумағында өтетін болады.
Ақпарат көзі: ҚазАқпарат