Әлеумет

«Шаңырақ» аллеясы шақырады

«Шаңырақ» аллеясы шақырады

«Тараз» қонақ үйі алдынан жас отбасыларға арналған «Шаңырақ» аллеясы ашылды. Қаламыздың ажарын аша түскен бұл орынның негізінен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай пайдалануға берілгені баршаға мәлім. Дегенмен, оны аллеяға айналдырудың сырын шараның ашылу салтанатында білдік. 

– Отбасылық қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтудың 2015-2020 жылдарға арналған жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында облыстық, қалалық елді мекендерде «Отбасы аллеясын» құру тапсырылған болатын. Бұл – Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында жалпыұлттық іс-шаралардың жүзеге асуының көрінісі. Жыл басынан бері Таразда 1607 отбасы шаңырақ көтеріп, 5415 сәби дүниеге келді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктердің негізі. Табандылық, еңбексүйгіштік, туған жерді қастерлеу, үлкенге құрмет және қонақжайлылық сияқты халқымыздың ең жақсы рухани-адамгершілік құндылықтары берік отбасылық дәстүрлер арқылы жалғасып келеді» деген болатын. Болашақта жаңадан отау құрған жастар, өскелең ұрпақ осы аллеяны мәдени және рухани орынға айналдыратынына сенімім мол, – дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Ахаев. Мемлекеттің мығым болуы мен өркениетті қоғам қалыптастыру елдегі әрбір отбасына байланысты. Қалалық деңгейде ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпазы, Жаңабаевтар отбасылық ансамблінің жетекшісі, оқу-ағарту ісінің үздігі Күнімбала Жаңабаева мемлекеттің іргетасы һәм тірегі саналатын отбасы өнегелі де жарасымды жұптардан тұратынын айтады. – Аллеяны «Шаңырақ» деген аты ерекшелендіріп тұр. Бұл атау адамның есіне отбасы жағдайын түсіріп, Отан алдындағы жауапкершілікті де сезіндіре түседі. Себебі, өмірдің баға жетпес құндылығы – балаға дұрыс тәрбие беріп, ұрпақ болашағына ұдайы көңіл бөлу. Осының бәрі де ұлттық құндылықтарды сақтап, дамытуға арналған шара деп ойлаймын. Байырғы құндылығымыздан ажырап қалмау үшін және әр отбасының беріктігі үшін осын­дай әсем аллеяның ашылып, көп­ші­лікті ізгілік пен қамқор­лыққа шақыра білу де өнегелі іс, – дейді ол.

Нұрым болатұлы, журналист.